Қытай қазақтары арасындағы белгілі аудармашы, жазушы, Қазақстандағы әдебиет сүйер қауымға еңбегі таныс Кәкеш Қайыржанұлы бүгін 76 жасында қайтыс болды.
Кәкеш Қайыржанұлы 1941 жылы Шыңжаңдағы Толы ауданында дүниеге келген. Шыңжаң өлкелік партком кеңсе істер меңгермесінің аудармашылар басқармасы, Шыңжаң халық радиосының қазақ редакциясы, Шыңжаң телевизиясы қазақ бөлімі секілді орындарда қызмет істеді. Шыңжаң телевизиясы қазақ редакциясының алғашқы меңгерушісі болды. Аудармашы «Калила мен Демина», «Осызаманғы шетел жазушыларының әңгімелерінен», «Сакья Муни», «Құран хикаялары» (Қазақстан «Жалын» баспасы көшіріп басқан) және «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» (Қаһарман Мұқанұлымен бірге аударған), «Қытай тарихындағы қазаққа қатысты деректер» (Әбділдабек Ақыштай, Шадыман Ақымет қатарлылармен бірлесіп аударған) сынды аудармалары жарық көрген. «Құран хикаялары» өлкелік қоғамдық ғылым саласы бойынша 3 реткі таңдаулы кітаптарды сараптауда 1 дәрежелі сыйлық алған. «Сөз сандық» атты қымбатты қазына 2010 жылы «Ұлттар» баспасынан қайталай басылумен қатар, 2014-жылы Қазақстанның өнер баспасынан мемлекеттік бағдарлама аясында басылған.
Кәкеш Қайыржанұлы терминология, аударма, әдеби тіл, әдеп жүйесі секілді тақырыптарда қыруар құнды мақалалар жазды. «Ақпараттық әдеби тіл – ұлттық тіл мәдениетіміздің айнасы», «Сөздік құрылысымызға үңілсек» қатарлы мақалалары мемлекеттік және өлкелік 1 дәрежелі сыйлықты еншіледі. Қаламгерге Мемлекеттік Кеңес үкіметтік ерекше стипендиат иегері атағын берген.
Пікір қалдыру