ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ ЖЕРДІ ҚОРҒАУ МҮМКІН ЕМЕС

/uploads/thumbnail/20170710033303788_small.jpg

Қоғам белсенділерінің, қоғамдық ұйым жетекшілерінің, жалпы жер жанашырларының, ұлтшыл азаматтардың назарын  екі мәселеге аудартқым келеді:

1. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 76-бабының 1-тармағында  «Кепiл берушiге жеке меншiк құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесi кепiл мәнi болуы мүмкiн» (Предметом залога может быть земельный участок, принадлежащий залогодателю на праве частной собственности или праве землепользования).

Сонымен бірге аталған Кодексте жеке меншік немесе жер пайдалану құқығындағы ауылшаруашылық жерлерін банктерге кепілге қоюдың бірнеше тетіктері белгіленген.

Ал, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңны» заңның 76-бабының  5-тармағында «Кепiл туралы шартта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда, банк кепiлдегі мүлiктi сот тәртiбінен тыс сауда-саттық (аукцион) өткiзу арқылы мәжбүрлі түрде сот тәртібінен тыс дербес өткiзуге құқылы» (В случаях, предусмотренных договором о залоге, а также законодательными актами Республики Казахстан, банк вправе самостоятельно реализовать находящееся в залоге имущество в принудительном внесудебном порядке путем проведения торгов (аукциона) деп нақты белгіленген.

Осы заңдар негізінде ауылшаруашылық жерлері жылдар бойы екінші дәрежелі банктерге кепілге қойылуда. Олардың ішінде несиені қайтара алмай, жер учаскелерінің банк меншігіне өтіп кетіп жатқан жағдайлары жиі кездеседі.

Өткен жылы Халық банктің иелігіндегі «Altyn Bank» АҚ акциясының 60% Қытайдың «China CITIC Bank Corporation Limited» (CITIC Bank) банкіне сатылды. Бұдан әрі де кейбір банктер шетелдік жеке немесе заңды тұлғаларының иелігіне өтуі мүмкін деген ақпараттар ақпарат құралдарында жариялануда.

 Кепілге қойылған жерлердің сотсыз сатылуы, банктердің шетелдік компаниялардың иелігіне өтуі ҚР Конституциясында көрсетілген ел тәуелсіздігіне, жердің тұтастығына, мемлекет қауіпсіздігіне зиянын тигізеді деп ойлаймын.

2. ҚР «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңының 6-бабында, «Шетелдік қатысатын орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жататын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі» (Государственная регистрация юридических лиц, относящихся к субъектам среднего и крупного предпринимательства с иностранным участием, производится в порядке, установленном для государственной регистрации юридических лиц Республики Казахстан, относящихся к субъектам среднего и крупного предпринимательства),- деп көрсетілген. Яғни, шетелдік  орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері әділет органдарында заңды тұлға ретінде қазақстандық кәсіпкерлік субъектілермен тең құқықта тіркеле алады.

Осы заңның 6-1-бабында «Шетелдік қатысатын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын тіркеу үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі» ( Государственная регистрация юридических лиц, относящихся к субъектам малого предпринимательства с иностранным участием, производится в порядке, установленном для регистрации юридических лиц Республики Казахстан, относящихся к субъектам малого предпринимательства),-деп белгіленген.

Бұл бап бойынша шетелдік шағын кәсіпкерлік субъектілері қазақстандық субъектілермен тең дәрежеде әділет органдарына хабарлама ғана береді.

ҚР Жер кодексінің 6-бабының 6-тармағында «Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар жер құқығы қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттер атқарады» (Иностранцы, лица без гражданства, а также иностранные юридические лица пользуются правами и несут обязанности в земельных правоотношениях наравне с гражданами и юридическими лицами Республики Казахстан, если иное не предусмотрено настоящим Кодексом или другими законодательными актами Республики Казахстан),-деп көрсетілген.

Бұл жағдай Қазақстан Республикасының мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздігіне, жерінің тұтастығына қауіп төндіреді деп түсінемін.

Бұл жағдайлар өндірістік немесе ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді игеру немесе кәсіпкерлікті дамытуды желеу етіп, елімізге шетелдік жұмысшылардың көптеп келуіне ықпал етеді. Оның арты елдегі жұмыссыздар қатарының көбейіп, ұлтаралық татулықтың сақталуына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Президент Жарлығымен ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге жалға беруге мораторий жарияланғанымен ауылшаруашылық жерлерінің шетелдік жеке немесе заңды тұлғалардың қолына өтудің басқа да жолдары аз емес.

Осыған орай, аталған заңдарға шетелдіктердің елімізге тұрақты қоныстануына, азаматтық алуына,  шетелдік жеке және заңды тұлғалардың Қазақстанда кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелуіне немесе жұмыс істеуіне қатаң тәртіп орнату мен бақылауды күшейту, шектеу қою жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Заңды өзгертпей, сол заңдардың орындалуына қол жеткізбей жерімізді қорғап, сақтап қалу мүмкін емес деген ойдамын. Сіз қалай ойлайсыз?

 

Мақсат Ілиясұлы, «Алаш жолы» жалпыхалықтық қозғалысының мүшесі

Қатысты Мақалалар