Димаш Құдайбергеннің құрметіне өткен кеште күзетшілер мен журналистер арасында шыққан жанжалға қатысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пікір білдірді, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
«Журналистке қол жұмсау фактісі бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің позициясы мынадай: біз адамға, әсіресе, өзінің қызметтік міндетін атқарып жүрген журналистке қатысты жасалған кез келген зорлық-зомбылық фактісіне қарсымыз. Біз бұл оқиға бойынша мұқият тергеу жүргізілгенін сұрайтын боламыз. Оның нәтижесін хабарлаймыз. Журналист тарапынан дұрыс іс-әрекет болмағанның өзінде, қол жұмсау фактісін айыптаймыз», — деді Абаев журналистерге берген сұхбатында.
Айта кетейік, 25 сәуірде Астанада "Қазақстан" орталық концерт залында Димаш Құдайбергеннің құрметіне "Әлем таныған Димаш" кеші өтті. Кеш басталмас бұрын концерттік залдың күзетшілері мен 31 арнаның, сондай-ақ басқа да басылымдардың журналистері арасында жанжал орнап, соңы төбелеске ұласқан. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бұл келеңсіз оқиғаның мән-жайын анықтауға уәде берді.
Оның үстіне, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болған жағдай елеусіз қалмайтынын айтып, «Қазақстан» концерт залына қатаң шара қолдануды бұйырғанын жазған.