«Алматылықтар шетелде емделуге 500 миллион доллар жұмсайды. Олардың дені Оңтүстік Корея, Израиль, Германияға барады. Меніңше, біздің медициналық мекемелерді осындағы біреуге бере салмай, сол брендтерге беру қажет. Біз барып емделетін брендтерге беру керек. Олармен осында келіп қызмет көрсету жағынан келісу керек. Сонда пациенттер жағы артады. Себебі, визаға, жолға, ұшаққа, сонда тұруға ақша жұмсалады. Онымен қатар, емделуге адам жалғыз бармайды. Біз ашықтықты сақтай отырып, алматылықтар сенетін компаниялар осында келетіндей жағдай жасағымыз келеді». Бұл Алматы әкімі Бауыржан Байбектің биылғы есебінде медицина саласына ерекше тоқталған сөзі.
Қазақстаннан шетелге емделуге кететіндер саны жылдан жылға көбеюде, олардың бәріне еліміздегі медицинаның тиісті деңгейде дами алмауы, емханалардың, зерттеу институттары мен орталықтардың жетіспеушілігі мен мамандардың сапалы қызмет көрсете алмауы себеп.
Буын аруларын емдейтін елімізде бір ғана мамандандырылған кәсіби түрде көмек көрсететін орталық бар. Осы орталықтың қызметі мен соңғы жылғы емделушелер статистикасын білу мақсатында Қамшы ақпараттық агенттігінің тілшісі Алматы қаласы Ревмотологиялық орталығының бас дәрігері Кулембаева Анаркүл Бакировнамен сұхбаттасып қайтқан еді.
Жетпіс жылға жуық тарихы бар бұл орталық тек 2008 жылы Қалалық Ревмотологиялық орталық болып атауы өзгертілген.
«Қалалық Ревмотлогиялық орталық – Қазақстандағы мамандандырылған жалғыз орталық. Орталықтың негізгі мақсаты – науқастарға көмек көрсетіп, олардың еңбекке жарамдылығын арттыру» дейді орталықтың бас дәрігері.
-Әрине, ревмотологиялық ауруларға шалдыққан науқастардың саны жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Оны біздің статистика көрсетіп отыр. Науқастардың ерекшелігі өкінішке орай көбі еңбекке жарамды азаматтар және аталған ревмотологиялық ауруларға жиі шалдығады. Науқастардың барлығында мүгедектікке шалдығу деңгейі өте жоғары. Егер де науқастар дер кезінде дәрігерге қаралып, ем алса онда оларды еңбекке жарамды етуге мүмкіндік болады.
-Осы орайда, орталықтың жетістіктері ретінде нені айта алар едіңіз? Қандай инновациялық технологияларды қолданасыздар? Орталықтың басқалардан артықшылығы неде?
-Әрине, біз орталықты басқалармен салыстыра алмаймыз. Себебі жоғарыда айтылғандай бұл еліміздегі мамандандырылған көмек көрсететін жалғыз орталық. Біз қала тұрғындарына ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша ревмотолоиялық аурулармен ауыратын науқастарға көмек көрсетеміз. Қазіргі таңда орталығымыздың шағындығына байланысты негізінен қала тұрғындарына көмек көрсетеміз. Науқастардың саны артқан себепті, қала тұрғындары күндізгі стационарда емделеді, ал тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда барлық өңірлердің тұрғындары, атап айтқанда Алматы облысы, Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан облысынан, Астанадан келіп емделетіндер бар.
-Тек қала тұрғындары ғана емес, барлық өңірден келіп емделушілер бар дедіңіз. Орталықта емделу үшін нақты қандай құжаттар қажет? Қала тұрғындары міндетті түрде тіркеуде болуы керек пе? Немесе тек портал арқылы тіркеліп емделеді ме?
-Егер науқас өзінің жергілікті, тұрғылықты ауруханасынан осы ревмотология орталығынан емделуге рұқсат алса, көрсеткіштері сәйкес келсе, тиісінше емханалардың дәрігерлері портал арқылы тіркейді. Кезегі келген уақытта келіп емделеді. Ешқандай тосқауыл, кедергілер жоқ. Бір өкініштісі, кезекті көп күтіп қалуы мүмкін. Біздің орталықтың шағындығына байланысты науқастардың санының көптігі де науқастардың кезекте көп тұрып қалуына себеп болады.
Жылына 2500 науқасқа стационарлық көмек көрсетеміз, 16000-нан астам науқасқа емханалық көмек көрсетеміз. Оның ішіне ревмотолог мамандардың кеңесі, күндізгі стационар, физиотерапиялық ем шаралары бар.
-Инновациялық технологияларға қайта оралсақ.. Орталық«халықаралық стандарттарға сай» деген мәртебеге ие. Атап айтқанда қандай технологияларды ем шараларында қолданасыздар?
-Негізі біздің орталықта соңғы уақыттарда ревмотологиялық көмек біршама жетілдіріліп отыр. Науқастарды емдеп қана қоймай, өмірге бейімдеуге үйрету үшін артрит мектебін аштық. Осындай буын аурулары мектебін ашып, онда науқас неге көңіл бөлу керек, жұмысқа қалай бейімделу керек, өз-өзіне дұрыс қарап, денсаулығына көңіл бөлуді тәсілдерін үйретіп, мәліметтер береміз. Онда арнайы кәсіби мамандар сабақ жүргізеді, айына бір рет жоспарлы түрде өткізіліп отырады.
Сонымен бірге, қазіргі таңда гендік инженерлік биологиялық препараттарды қолдануды инновациялық тәсілмен енгіздік. Алайда, қазіргі таңда ол көп адамдарға қол жетімсіз.
-Сонда, көп адамдардың ол арнайы препаратқа қалтасы көтере бермейтін болып тұр ма? Ақылы түрде қабылдайтын дәрі дәрмек болды ғой?
-Иә. Ақылы түрде иеленуге болатын гендік инженерлік билогиялық препарат.
-Науқастарға қандай көмектер тегін және ақылы түрде көрсетіледі?
-Бюджеттік және ақылы түрде көрсетіледі. Стационарлық, күндізгі стационарлық бөлімдер, сонымен қатар тексерілулер жүзеге асырылады.
Содан кейін біздің орталықта мамандандырылған Иммунологиялық лаборотория жұмыс істейді. Бұл лаборотория қала бойынша барлық иммунология тәслімен анықталатын анализдерді жүргізеді. Ол қазіргі таңда заманауи талаптарға сай жабдықтармен жабдықталған. Лабороторияда қала бойынша ревмотологиялық аурулармен ауыратын науқастардың анализдері жүргізіліп, сыртқаты мен дерттерін анықтауда қолданылады.
-Емделуші науқастар тарапынана қандай да бір көңіл толмаушылық немес шағымдар жиі орын алады ма ? Осындай келеңсіз жағдайлардан қалай шығасыздар?
-Жалпы біздің жұмысымызға науқастар тарапынан ешқандай шағымдар түскен жоқ. Көпшілігінің айтатын өкініші кезекте ұзақ күтіп қалуға байланысты. Ұзақ күтпесек деген өтініштерді жиі естиміз.
- Демек науқастар тарапынан ешқандай шағымдар болмайды ғой?
-Жалпы мен өзім науқастарды әкімшілік аралау жасап отырамын. Науқастардың көпшілігі өз алғыстарын білдіріп жатады. Биылғы жылы шағымдар тіркелген жоқ.
-Өз тарапыңыздан орталықтың жұмысына, қызметіне, дамуына қатысты жоспарларыңыз бар ма?
«Жоспарлап отырған арнайы дамыту стратегиямыз бар. Оған ең бірінші осы ғимаратты кеңейіп, реабилитациялық бөлім ашылса дейміз. Науқастардың көпшілігі мүгедектікке шалынғандар. Осы орайда мүгедектікке шалыну дәрежесін төмендетуге, еңбекке жарамдылығын арттыруға себебін тигізетін бөлім ашылса дейміз. Сонда ғана біз ревмотологиялық дерттерге шалдыққан науқастарға толығымен көмек көрсете алар едік. Стационарлық, дәрі дәрмекпен ғана емес науқастардың буындарын жетілдіріп емдеуге септігін тигізер еді» дейді маман.
Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы денсаулық сақтау саласына 92,1 млрд. теңге бөлінген болатын, жыл ішіндегі өсім 31,2%-ды құрады. 2015 жылмен салыстарғанда 9 есе көп медициналық қондырғылар алынды. Жалпы, медицина орындарының жарақтануы 78,4% (Қазақстан бойынша – 72,3%).
Осы орайда еліміздегі тапшы қызметтер ұсынатын орталықтардың деңгейін көтеру арқылы еліміздің медициалық қызметтерін шетелдік қызметтерге жүгінбейтіндей, шын мәнінде «халықаралық стандарттарға сай» болатындай жағдай жасалуы керек.
Назерке МҰСА