Сенат депутаты Серік Ақылбай жол қозғалысын реттеушілердің қимылдарын түсініксіз деп танып, ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымовқа жол полицейлеріне таяқтарын қайтару жөнінде ұсыныс айтты, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі zakon.kz порталына сілтеме жасап.
Министр қазақстандықтардың әлі де жол реттеушілердің ымдарына үйрене алмай жүргендігін айтты.
«Менің ойымша, адамдар қолмен жөнге салып тұрған көз шағылыстыратын киімдегі полицей қызметкерлеріне әлі де үйренісіп кетеді» деп жауап берді министр Қасымов.
Өз айтқанынан қайтпаған сенатор Серік Ақылбай ІІМ басшысына көз шағылыстыратын киімнің орнына қолдарына таяқ ұстатуды ұсынды.
«Ондай киімдердің бағасы қымбат шығар. Мен өзім көлік жүргіземін. Кейде сол жол полицейлерінің қимылдарын түсінбей қаламын. Мүмкін халық үйренгенше полицейлер таяқтарымен жүре тұрар. Әлеуметтік желіде осы мәселе бойынша халық шулап жатыр» деді ол.
«Бұл мәселені қарастырамыз деп ойлаймын. Шешім үкімет қаулысы бойынша қабылданған. Өткен жылдың 1 қаңтарында таяқтардан бас тарту жөнінде бұйрыққа қол қойғанмын» деп жауап қатты Қалмұханбет Қасымов.
ҚР Ішкі істер министрінің басшысы да жол полицейлерінің таяқтарына қатысты пікірін айтты.
ҚР ІІМ Полицей әкімшілігі комитетінің төрағасы Игорь Лепеха депутаттардың ұсынысы қаралатынын мәлімдеді.
«Таяқ ұстаған жол полицейінің іс-қимылдары анағұрлым түсінікті екеніне келісемін. 2014 жылы үкімет қаулысымен бекітілген бұл мәселені қайта көтереміз» деді ҚР ІІМ Полицей әкімшілігі комитетінің жетекшісі сенат үкіметі сағатында.
Сонымен қоса, жүргізушіні тоқтату үшін таяқтардың қажет емес екенін де айтып қалды.
«Ережеде көрсетілгендей, жол полицейі жүргізушіні таяқ немесе қол қимылы арқылы, не болмаса ысқырықпен тоқтату керек. Іс-қимыл сол күйі қалады, себебі олар Жол қозғалысы ережелерінде анық көрсетілген» деп нақтылады Лепеха.
Оның сөздеріне қарасақ, таяқтар қолданыстан алынбайды, тек уақытша сақтауға жіберілді.
«Бұл мәселе бойынша біз асықпаймыз» деп қостады ол.