7 МАМЫР КҮНІ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ЕҢ ІРІ ӘСКЕРИ ПАРАД ӨТЕДІ

/uploads/thumbnail/20170710043948359_small.jpg

7 мамыр күні Астанада ҚР Қарулы Күштерінің құрылуының 25 жылдығы мен 1941-1945 жылдарғы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске арналған шеру өтеді. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі әскери парад болады деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

«Әскери парад жеке құрам мен техникалар саны бойынша ел тарихындағы ең ірі шеру болмақ. Оған жаяу әскерлердің 30-ға жуық парадтық есептобы қатысады. Олардың құрамында 5 мыңнан аса әскери қызметші салтанатты маршпен жүріп өтеді. Сондай-ақ шеруге 300-ге жуық әскери техника, 80-ге жуық ұшу аппараты тартылады.

2017 жылғы әскери парадтың ерекшелігі - аумақтық қорғаныс бригадаларының парадтық жаяу есептоптарының, барлаушылар ротасының және еліміздегі төрт «Жас ұлан» мектебінің барабаншылар ротасының, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебі техникаларының тартылуы.

Елорда әкімдігінің қаулысымен 8 сәуір - 8 мамыр аралығында шараға Астана қаласының 50 аумақтық қорғаныс бригадасы шақырылды. Олар әскери парадқа алғаш рет қатыспақ.

Оқырманның есіне салсақ, 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Қ.Нұрмағамбетовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып тарихқа мәңгі өшпестей жазылды.

Айта кетейік, биылғы 2017 оқу жылы «Қарулы Күштердің 25 жылдығына – жоғары жауынгерлік әзірлік!» ұранымен өтіп жатыр. 

Қатысты Мақалалар