Бүгін Алматы қаласының əкімі Бауыржан Байбек бір топ зиялы қауым өкілдерімен бірге ескерткіштің жобасымен танысты деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі. Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1931-1933 жылдардағы Ашаршылық құрбандарын мәңгі есте сақтау мақсатында Алматы әкіміне ескерткіш ашуды арнайы тапсырған болатын.
Ескерткіш Алматы қаласы, Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы саябақта бой көтермек. Ескерткіштің авторлары: Дулат Үсенбаев, Айдос Бүркітбаев және Қанат Бегулиев.
1992 жылы осы орынға ескерткіш орнатылатыны туралы белгітас қойылған болатын. Ендігі, ескерткіштің ашылуы 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне жоспарланып отыр.
Тарихқа үңілсек, 1931-1933 жылдардағы жаппай Ашаршылық салдарынан қазақ жерінде 2-3 миллионға жуық адам құрбан болып, 1,5 миллион адам шетелге босты. Жалпы алғанда ашаршылықтың құрбанына айналғандар қазақ халқының 60-65 пайызын қамтыды. Халықтың көпшілігі Қытай, Моңғолия, Иран мен Ауғанстанға көшуге мәжбүр болды.
Пікір қалдыру