Астанада 3-4 мамыр күндері Сириядағы жағдай бойынша халықаралық кездесудің кезекті отырысы өтеді. Астанада өтетін келіссөздерге сириялық қарулы оппозицияның қатысатынын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады. Қарулы топтар делегациясының мүшесі Фатех Хассунның мәлімдеуінше, шараға шақырту ресейлік делегациядан келіп түскен.
«Сирия мәселесі бойынша Астанада өтетін халықаралық кездесудің барлық қатысушылары, оның ішінде Мохаммед Аллуш бастаған сириялық қарулы оппозиция өкілдері кездесуге қатысатындарын растады», - деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов. Оның айтуынша, әзірге Астанаға БҰҰ сарапшылары мен кепіл мемлекеттерден делегациялар келіп жатыр. БҰҰ бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура да келіссөздерге қатысатынын растады. Ол бүгін кешке Астанаға келеді. АҚШ бақылаушы ретінде қатысады.
Бүгін кепіл мемлекеттерден келген сарапшылар арасында техникалық кездесу өтеді, жоғары деңгейдегі келіссөздер 3-4 мамыр күндеріне жоспарланған.
Астана процесінің аясында 2017 жылғы 23-24 қаңтарда және 15-16 ақпанда Астанада Сирия бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық кездесудің екі раунды, сондай-ақ 6 ақпанда сарапшылардың техникалық кездесуі өткен болатын. 14-15 наурыз күндері өткен үшінші келіссөзде жауынгерлік іс-қимылдарды тоқтату режиміне кепіл мемлекеттер - Ресей, Түркия, Иран делегациялары қатысты. Сондай-ақ, кездесуге АҚШ, Иордания, Сирия үкіметі және БҰҰ өкілдері келді. Айта кетерлігі, кепілгер елдердің бірлескен мәлімдемесінде Астана процесі Сириядағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде тиімді жұмыс істеп жатқандығы аталып өтілген. Дегенмен, маңызды ілгерілеушілік болмағанымен Астана және Женева процестері Сириядағы соғысты және атыс қимылдарын тоқтату режимінің жүзеге асырылуына септігін тигізгендігі баса атап өтілген. Женева процесінің ажырамас бөлігі болып табылатын бұл келіссөздер 6 жыл бойы қарулы қақтығыс зардабын тартып келе жатқан Сирия халқының бейбіт өмірге деген үмітін қайта оятқан.
Бұл кездесулердің негізгі нәтижесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254-қарарына (2015) сәйкес тараптарға Женева процесінің аясында күн тәртібінің саяси мәселелерін талқылауға көшу мүмкіндігін берген – Сириядағы соғыс амалдарын тоқтату режімін бақылау бойынша бірлескен жедел топ туралы ережені келісу болып табылды.
«Сириядағы қақтығыстардың аяқталуы жайында айтуға әлі ерте. Дегенмен, біздің алдымызда күрделі жол жатыр. Бірақ, біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы терроризммен және экстремизммен күресе аламыз. Біздің Астана процесі өзінің тәжірибелік үлесін қосатындығына сеніміміз мол», - делінген қатысушылардың бірлескен мәлімдемесінде.
Алдыңғы үш раунд кездесуден Сириядағы жағдай оңалып кетпесе де, АҚШ пен Ресей нәтижелі деп бағалады. «Біз БҰҰ-ның Женевадағы келіссөздерін жаңғырту үшін жол салуға бағытталған Астанадағы кездесудің үлесін мойындаймыз», делінген АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпараттарда. Путиннің өзі де Сирия бойынша Астанадағы келіссөздерге оң бағасын берді.
Жақында ғана Сирияда химиялық қару қолданылып, жүздеген адамның жан беріп, балалардың жантүршігерлік қиналыста жатқаны туралы видео әлемді дүр сілкіндірді. Әлеуметтік желіде Әлемнің түкпір-түкпірінен соғысты сынаған, Сириядағы шиеленістің тоқтатылуына мүдделі посттар жазылды. Сарапшылар да Еуропадағы босқындар дағдарысына себеп болған, Таяу Шығысты өрт ошағына айналдырған, ондаған миллион адамның тағдыры таразыланған Сириядағы шиеленістің бітер уақыты жетті деп санайды. Ал, бұл тұрғыда Астана процесінің оң нәтиже беруіне тараптардың барлығы тілектес болып отыр.
Деректер бойынша, Сириядағы азаматтық соғыстан 320 мыңнан астам қаза тапты. Оның 15 мыңнан астамы балалар. Ал, Reuters шынайы санның 450 мыңға жақындап қалғанын хабарлаған.