Ресей президенті Владимир Путин балалардың есімін цифрлар, тыныс белгілер, сондай-ақ атақ, дәреже, титул сынды дүниелермен байланыстырып қоюға тыйым салатын заңға қол қойды, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі life.ru басылымына сілтеме жасап.
Жаңа құжатқа сәйкес баланың тегі ата-анасының тегімен жазылатын болады. Құжатта баланы не әкесінің, не анасының, не болмаса екі жақты текті дефис арқылы жазуға рұқсат етілгені көрсетілген.
Балаға жөнсіз есім қоя бермеуді сенатор Валентина Петренко ұсынған. Кейінірек заңды Мемлекеттік дума өкілдері қабылдап, Федерация Кеңесінің мүшелері бекітті. Мәскеуде жас аналар ресми түрде балаларының есімін көбіне былай тіркеген: Николай-Никита-Нил, Христамрирадос, Дельфин, Ярослав-Лютобор, Лука-Счастье, Саммерсет Оушен, Апрель, Полина-Полина, Принцесса-Даниэлла, Заря-Заряница, Алеша-Каприна, София-Солнышко. Осы сынды есімдердің барын білген билік өкілдері іске көшуді жөн көріпті.
Елімізде дәл осындай келеңсіздіктердің орын алып келетіні жайында айта кеткен жөн. Кей ата-ана балам атақты болсын, сол адамға ұқсасын деген ниетпен танымал тұлғалардың есімін тегімен қоса қойып жатады. Мәселен, Шәмші Қалдаяқ, Нұрсұлтан Назарбай, Мадина Ерәлі т.б. Сондай-ақ, елімізде тарихи жағдай орын алса, сол күндердің естелігі дейді ме екен, әлде болып жатқан оқиға әсер етті ме, әйтеуір Азиада, Олимпиада, Саммит, Универсиада, Дағдарыс, Астана деп есім қою да жиілеп барады қоғамда. Деректерге сүйенсек, есім қою – баланың болашақтағы тағдырына әсер етеді. Тіпті, бүгінгі таңда мән-мағынасы жоқ, балаға жөн-жосықсыз есім қоятын ата-аналар қатары көбейген. Адамның есімі сол ұлттың құндылығын көрсетіп тұруы керек. Мұны түсінген ата-ана баланың есімімен, ең әуелі тағдырымен ойнамайды.
Ресей билігі осы жайттарды түсініп, реттеуге көшкен. Қазақстан билігі де қарапайым дүние болып көрінгенімен, қоғам мәселесіне айналған осы жайтты қарастырып, бір ретін келтірер деген үміттеміз.