Бұл өмірден не пайда, халқыңа қызмет етпесең?!

/uploads/thumbnail/20170710050639287_small.png

Алдағы келе жатқан 7 мамыр мерекесінің үлкен мәні бар. Әр халық үшін ең қымбаты – Отаны. Ол жұмыр жердегі сенің тәу етер бөлшегің. Қазақ бақытты халық. Өз елі, өз жері, өзінің айбынды, мұхит асып, жер-жаһан таныған, абыройы асқақ Елбасы бар. Сол елін сүйген, елі сүйген арда ұлы – Ұлт көшбасшысының бастамасымен жылдан жылға әлемдік сахнада беделі биіктеп бара жатқан жасампаз орны бар. Біз, тәубәшіл халықпыз, тәубә дейміз. Мәңгілікке бет бұрған мақсатымыз баянды болғай. 

Оттан ыстық Отанымыз үшін ең басты құндылық ол қауіпсіздік. Береке басы да бірлік пен береке болған жерге ұялайды. Баяғыда біреу тыныштықтың қадірін тынышсыздық орнаған жерде жүріп білерсің депті. Шын сөз. Жаны бар сөз. Әлемнің әр түпкірінен күнсайын бірін бірінің жанын алып, шайпау тірлік кешіп жатқан жұрт аз емес. Олардың болашағы, елдік мәселесі бұлыңғыр. Соған қарап, бақыттың мекеніне айналған Қазақ еліндегі көпұлтты мемлекеттік саясаттың дұрыстығына және Елбасының көрегендігіне тағы бір мәрте бас изейсің.

Отан қорғаушылар күнінің мәні жоғары екендігін осы жерден қайтара тоқталып өткім келеді. Отан ең әуелгі құндылығымыз десек, Отан қорғаушы оның күзетшісі, оның қорғаны, оның айбыны. Сондықтан да оларға біздің ең асылымызды сеніп тапсырылған. Ең жоғарғы сенім Отан қорғаушыларға жүктелген.  Басқа басқа, Отанды қорғау ол жанмен, бойдағы барыңмен елге, жерге қызмет ету деген сөз. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған азаматымызда осы сөздерді жүрегімен терең сезініп, түйсіккен.  

Жасыратыны жоқ, әр адамның маңдайына жазған қысқа ғұмырында өзінің бүкіл жан-дүниесімен, болмыс бітімімен таңдаған сүйікті мамандығы болады. Біздің кейіпкеріміз  Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жедел басқарма бастығының орынбасары подполковник Батырбек Мүсірепов әскери қызметті жастайынан-ақ жанындай жақсы көріп, қалап алған жолы. 

Ол Алматының іргесіндегі Қаскелең ауылында 1980 жылы дүниеге келді. Әкесі Сейсен мен анасы Еренкүлдің отбасында бақыттың бал шекерін ішіп, үйелмелі-сүйелмелі жетілген он баланың сегізіншісі. Әкесі марқұм «Біреудің ала жібін аттамаңдар. Адалынан еңбек етіп, елге, жұртқа жақсылық жасаудан тартынбаңдар. Сонда ғана нағыз азамат атанасыңдар», деген тәрбиесін көріп өскен Батырбек әке аманатына сәл қылау түсіріп көрген емес. Оңынан жүріп, шамасы келсе жақсылық жасауға жан ұшырып тұрғаны. 

2000 жылы арнай әскери білім алып, қызмет жолын Ұлттық ұланның Қаракемер кентіндегі оқу орталығында взвод командирі болып бастады. Кейін Петропавлдағы Әскери институтта қызмет атқарды. Осы жерден Астанадағы Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университіне оқуға түсті. Оқуға түсіп қана қоймай, оны үздік бітірді. Кейін осы бірегей оқу орнының докторантурасын да ойдағыдай тәмамдады. Сол әскери білімнің ордасында ұстаздық етті. Әрине, бұның барлығы да бірер сөзді хатқа түсіріп, жазғанға ғана оңай болар. Оның артында Батырбектің ең әуелгі білімге деген, білуге деген құлаш ашқан құштарлығы жатса, екіншіден еңбекті сүйе білген ынтазарлығы жатқаны рас. Бірақ ол қай әскери құрылымда қызмет атқарып, қандай лауазымының тұтқасын ұстамасын, Әскери Антқа адалдығын үнемі ісімен, кәсіби шеберлігімен дәлелдеп келе жатқан азамат. Қарамағындағы қызметкерлерге деген ағалық жанашырлығы мен білгенін үйретуге тырысатын бауырмалдығының арқасында әріптестерінің арасында зор сый-құрметке бөленген. Мінсіз әскери қызметі жолында талай марапат пен мақтауларға ие болды да. Олардың қатарында «Мінсіз қызметі үшін» кеуде белгісінің үш бірдей дәрежесін иеленгенін, «Қарулы Күштерге – 10 жыл», «Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов» атындағы, «Жеңістің 70 жылдығына» арналған медельдармен марапатталған.       

Қару ұстап ел қорғап жүрген әр азамат үшін ең бастысы жеделдігі және жеке басының жауынгерлік даярлығы. Өздеріңізге көріп, біліп жүргендеріңіздей әлемнің түпкір-түпкірінде небір қымғуыт оқиғаларды көруге болады. Тапа-тал түсте қырып-жойып, бірін біріне қару алып шабуылдап, лаңкестіктің ойранын салып жүрген жағдайлар таңсық болмай барады. Сондықтан да біз бұндай оқиғаларға, осылармен ымырасыз күресуге сақадай сай болуға, халқымызға титтей де қауіп-қатер тудыратын жағдайларды болдырмауға біз жедел тұрғыда дайын болуымыз керек. Бұл кезекте біздің басқарманың жетекшілігімен өңірлік қолбасшылықтың тіиісті қызметтері ұдайы дайындықтарын пысықтып отырады, - дейді подполковник Б.Мүсірепов бізбен әңгімелескенде.

Асқаралы азаматтың жан-жары Зухра да еріне тіреу болған жан. Екеуі Шахсенем, Бақыт, Сұлатанай есімді қыздарын өнегелі тәрбиелеп өсіріп отыр. Енді әке жолын қуар ұлдары болса деген армандары да жоқ емес.       

Исі қазаққа танымал, санаңа ой салар «Не пайда» атты талғамды әннің мәтінінде: «Бұл өмірден не пайда, халқыңа қызмет етпесең» деген жолдар бар. Иә, шындығында да Отаның, халқыңа, туған жеріңе иіле қызмет етпесең, құр сүлдені көтеріп жер басып жүргеннен не пайда, не ғаріп. Қайтара айтқанда, туған елге қызмет етудің ең асқаралы шыңы, қадірлісі де құрметтісі оны көз алартқан жаудан қорғау, тыныштығын күзету екені рас.

Ұлттық қауіпсіздігіміздің бірден бір темірқазығы болып саналатын мемлекеттің ішкі тыныштығының сенімді күзетілуіне үлесін қосып жүрген мақаламыздың бас кейіпкерінің еңбегі де парықты һәм абыройлы. Армандарыңа жете бер алғадай азамат. Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын!   

Майор Арман Әубәкіров, Алматы қаласы                           

 

Қатысты Мақалалар