Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қызметі өсіп Астанаға қайтуы мүмкін деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі.
Бейресми Дереккөздердің мәлімдеуінше ертең Астанада бірқатар кадрлық өзгерістер мен тағайындаулар орын алуы мүмкін. Оның ішінде Алматы әкімі Бауыржан Байбектің Астанаға қайту ықтималы басым. Әкімнің қызметі Ақордадан бірақ шығуы мүмкін дейді білетіндер. Сарапшылар оны Президент әкімшілігіне лайық көреді. Олай дейтін негіз де бар, өйткені Бауыржан Байбек президент әкімшілігінде бұған дейін де аттай 8 жыл қызмет атқарған. Оның кейінгі төрт жылын Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары ретінде өткерді. Ол ерте жасынан президент сеніміне бөленіп, айналасынан табылған санаулы жастардың бірі.
Бұған дейін де Бауыржан Байбек Астанаға ауысқалы жатыр деп бірнеше сыбыс шыққан. Алайда, төрт бірдей облыстың әкімін ауыстырған Елбасы алдыңғы жолы Бауыржан Қыдырғалиұлын Астанаға әкеткен жоқ. Осы жолы оның Астанаға қайтуына да себептер бар. Бауыржан Байбек әу баста Алматыда XXVIII қысқы универсиада ойындарын сәтті өткізу миссиясымен әкім болып тағайындалған болуы мүмкін. Алматы «ақ олимпиаданы» шып-шырғасын шығармай-ақ өткерді. Алматының мың жылдығын да Бауыржан Байбек дүбірлетіп тойлап берді. Оның кезінде Есімовтің кезіндегідей қар қалың түссе де күрелмей қалған жоқ. Алла сақтап су тасқыны сияқты үлкен апат та болмады. Қаланың халқы өсті, экономикасы артты. Бірсыпыра жол жасалды. Жалпы, Бауыржан Байбек әкім қызметінде абыроймен көріне білді.
Ол Астанаға кімнің орнына кетеді? Алматыға кім келеді? Бұл сұрақтарға жауап көп. Президент Әкімшілігін екі мәрте басқарған Әділбек Жақсыбеков заңға сай шілде айында зейнетке шығады. Осы қарсаңда Елбасы Жақсыбековті әлдеқайда тынышырақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ң басқарма төрағасы қызметіне апаруы мүмкін. Ол қазынадан хабарсыз адам емес. Мемлекеттік қызметке келер алдында ұзақ жыл корпорация басқарған. Ал, Әділбек Ырыскелдіұлынан 10 жасқа жас Өмірзақ Шөкеев Алматыға әкім болып келуі бек мүмкін. Бұған дейін де тұрғыны ең көп облысты басқарған тәжірибесі бар Шөкеев келіп алып Алматыны, ірі мегаполисті басқарады деген сыбыс шыққан. Бұлай болған жағдайда Марат Тәжин Бауыржан Байбекке орынбасар бола ма? Керісінше бола ма? Анығын президент біледі. Біздікі өрекпіген көңіл ғана.
Нұрғали Нұртай