Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында елордада ҰОС ардагерлерінің және тыл еңбеккерлерінің қатысуымен салтанатты кездесулер өтеді, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйеніп.
«Есіл» ауданында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығын мерекелеу қарсаңында Ардагерлер кеңесімен бірлесіп шаралар жоспары әзірленді. Оның шеңберінде концерттік бағдарламалар, «Ради жизни на Земле», «Поклонимся тем годам», «За цветущий май 1945 года», «Бақыт гүлін терген күн», «Ұлы Жеңіске мың тағзым» тақырыптарында сынып және куратор сағаттары, «Жеңіс әндері» патриоттық әндер байқауы, «Мен Қазақстан азаматымын», «Потомки помнят славную Победу», «Біз бейбітшілікті сүйеміз» жас суретшілер байқауы өтеді.
29 сәуірде «Есіл» ауданы Ардагерлер кеңесі зейнеткерлерінің және №76 мектеп оқушыларының қатысуымен Ұлы Дала көшесінде көшет отырғызу шарасы ұйымдастырылады. Сондай-ақ түрлі компаниялар мен СОС кешендерінің, бизнес орталықтардың қолдауымен ҰОС ардагерлерінің үйлеріне барып, азық-түлік себеттерін, ақшалай көмек және гүл шоқтарын табыстау акциясы өткізілмек.
Бір ай бойы ҰОС мен тыл еңбеккерлері болып табылатын 15 адамға тегін медициналық тексеруден өту мүмкіндігі беріледі. Айта кетейік, 9 мамырда ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері «Отан қорғаушылар» монументіне гүл қою рәсіміне қатысады. Қалыптасқан дәстүр бойынша ҰОС ардагерлеріне арналған шатырда концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, мерекелік дастарқан жайылады.
Бүгінгі күні елордада 125 ҰОС ардагері тұрады. Биыл жыл сайынғы бір реттік төлемді ескергенде ардагерлерге 500 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі.