Еліміздің елеулі мерекесі Жеңіс күні табан тіреп келеді. Екінші дүние жүзілік соғыста бүгінгі бейбіт күн үшін денелерін отқа тосқан әр азаматтың ерлігі ұрпақтарының жадында мәңгі қалары сөзсіз. Атаулы мерекеге орай еліміздің әр қаласы қызу дайындыққа кірісіп те кетті. Астана, Шымкен сынды ел қалалары "Жеңіс лентасын" таратып, тұрғындарға ерлік күнін еске салудың амалдарын қарастыруда.
Ендігі мәселе "Жеңіс лентасы" жайында болмақ. Еске сала кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын осы мерекеге орай Қазақстанның әр бұрышы қоңыр-сары түстес "Георгий лентасымен" қапталып еді. Алайда, бұл лентаның түпкі мағынасын түсінген билік өкілдері одан бас тарқан. Мұны ескерген «Ақ жол» партиясы еліміздің туы түстес Жеңіс лентасын ойлап тапқан. Бұл ой қазақстандықтардың көңіліне майдай жағып, 2015 жылдан бері көк түсті "Жеңіс лентасы" атаулы күннің естелігін ұлықтайтын символға айналды.
Не керек, кей мекемелердің басшылығы мұндай шешімге аса мән бермеген болу керек. Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысыныдағы Француз үйінің басшылығы Эйфель мұнарасының алдына жарқыратып Георгий лентасын іліп қойыпты. Бұл нені білдіреді, әлі де Ресейдің ығына көніп, ел тәуелсіздігін мойындамаудың белгісі ме? Абырой болғанда, мұны қала әкімдігі байқап, дереу алып тастауды бұйырған. Бүгінде ғимарат алдында "Георгий" лентасын алып тастау жұмыстары жүрігізілді.


Тарих - адамзат баласын отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелейтін қайнар көз. Оны дәріптеп жүру ұрпаққа міндет, дегенмен құр сөзбен ауыз толтырып айту аздық етеді. Бір кездері "Георгий" лентасына қаншама қоғам белсенідісі қарсы шығып, Ресейдің жымысқы саясатына балады. Нағыз ерліктің туын көкке желбіретіп жүру үшін ұлттық тарихымызды тереңінен зерделеп, дұрыс дәріптей білуіміз шарт.
Гүлім Жақан