Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сенатор Мұрат Бақтиярұлы: «Еңбек көші-қонына талапты күшейтіп, этникалық көші-қонды жеңілдетуге тиіспіз», - деп сауал жолдады.
Сенат депутаты өз сөзінде соңғы жылдары елге оралып жатқан оралмандардың азаматтық алудағы және елімізде тұрақты тұрудағы құқықтық, әкімшілік кедергілерге тап болып жатқанын айтты. Атап айтқанда, ел Үкіметінің 2012 жылғы №362 қаулысымен, 2014 жылдың №111 қаулысының негізінде жүзеге асатын, қандастарымыздың атамекеніне қоныстануын қиындатып отырған құжаттық қиындықтар сөз болды. Бұл негізде қандастарымыздан оның азаматтығы, мемлекеттің жазбаша келісімі ретінде болуы мүмкін кету парағы, шетелге тұрақты тұру үшін рұқсатты растайтын басқа құжаттар мен келген елінде соттылығының бар, не жоқтығын растайтын құжаттар талап етіле бастаған. Ал келген елінен әкелінген құжаттарға сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдері мөр басып, мақұлдайтыны тіпті күлкілі жағдай. Себебі әр бір ел кімге азаматтық беру мәселесін басқа елдің қандай да бір өкілдерінің қатысуынсыз өзі шешеді. Осы тұрғыдан Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысы атына: «Әрине, Үкіметтің аталған қаулылары елімізге сырттан келетін келімсектердің көші-қоны ағынынан туындайтын қауіп-қатердің алдын алу мақсатында қабылданғанын түсінуге болатындай. Бірақ, бұдан бұрын мұндай талаптар этникалық қазақтарға қатысы жоқ еді, бұған дейінгі Үкімет қаулыларының басым бөлігінде мәселе шетелдегі қазақтарға қатысты болған жағдайда «этникалық қазақ өкілдерінен өзге» деген тіркес арнайы қосылатын. Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жылдың көлемінде шетелдегі қазақтар мүддесі көбінесе ұмыт қалып, олардың құқықтық дәрежесі өзге шетелдіктердің дәрежесіне дейін құлдырап кетті», - деп мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, сенатор шетелдегі қандастарымыздың Қазақстанға келіп тұрақты тұруына кедергі болмасы үшін, Үкімет қаулысына «этникалық қазақтардан өзге» деген бір ауыз сөз тіркесін қосуды талап етеді әрі этникалық көші-қонға барынша жеңілдіктер жасалуын сұрайды.
Шетелден оралатын қандастарымыздың алдынан шығатын көлденең қиындықтар туралы қазақ тілді басылымдар үздіксіз жазып келсе де, оралмандардың азаматтық алу тәртібі 4 жыл болып бекітілгелі алғаш рет Парламент залында көтеріліп отыр. Мұрат Бақтиярұлы оралмандар мәселесін үкіметтің есіне жиі салып тұратын депутаттардың бірі. Атап айтсақ, осыдан екі жыл уақыт бұрын, 2012 жылы 18 қазанда қандастарымыздың жағдайын жасау туралы Үкімет басшысы атына сал жолдады.
Естеріңізде болса министр Тамара Дүйсенова ханым жарым жыл бұрын «елге оралатын этникалық қазақтарға қысқа уақыт ішінде азаматтық беру тәртібін қарастыратын заң дайындалады» деп мәлімдеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та 6 тамызда өткен Үкіметтің жалпы отырысында шетелден келетін қандастарымызға бар жағдайды жасау туралы тапсырма берді.
Тағдыр тауқыметімен әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашыраған қазақтардың «елге келіп орналасуына жағдай жасайтын» заң жобасы алдына келе қалса, «ЕАЭО шартын ратификациялау» сияқты аса маңызды заңдарды бір оқылымда қабылдап жіберетін депутаттарымыз ел үшін аянбайды деп санаймыз. Ал, Үкімет басында ұзақ жыл отырған, мол тәжірибелі Премьер-министр Кәрім Мәсімов сенатор Мұрат Бақтиярұлы көтерген мәселеге байланысты заң жобасын тездетіп дайындауға тиісті министрліктерге тапсырма береді және қандастарымыздың елге деген сағынышы мен құжаттық қиындықтарға байланысты өтінішін жете түсінеді деп үміт артамыз.
Нұрғали Нұртай
Пікір қалдыру