Исламды қабылдап, қазақ тілінде сөйлейтін орыс жігіті табысқа жетудің құпиясымен бөлісті

/uploads/thumbnail/20170710055313405_small.jpg

Қазақ тілінде өзінің ана тіліндей емін-еркін көсіліп сөйлейтін, қазақша өлең жазатын, ата-бабамыздың салт-дәстүрін қадірлеп, қастерлей білумен қатар, ислам дінін қабылдап, мұсылманшылықты берік ұстанатын орыс жігіті Вячеслав Вавилин "Айқын" газетіне берген сұхбатында өзінің табысқа жетуінің құпиясымен бөлісті. Қамшы ақпараттық агенттігінің тілшісі орыс жігітінің өнегелі өмірі жайында ақпаратты оқырман назарына ұсынады.

Бүгінде «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшісі қызмет атқаратын ол Қазақ көркемөнер академиясының академигі атанған.

Қазақ тілінде жай ғана емес, мақалдатып сөйлейтін орыс жігіті «Тілді меңгеру – өнер!» дейді өз сөзінде. Тіл үйренуге кішкентай кезінен бастап мән берген.

«Қазақ тілі еңбекпен алынды. Он екі жасымнан қазақша үйрене бастадым. Мира деген ұстазым болды. Тілді кішкентай кезден бастап насихаттау керек, меніңше, еліміздегі барлық балабақша қазақ тіліне өтуі керек, яғни, бастапқы білім қазақша берілсе, тілмен танысу арқылы балалар салт-дәстүрді меңгереді, тіл арқылы қазақ ұлтына деген жастайынан махаббаты оянады. Мектепті, жоғары білімді қай тілде ала­ты­­нын әркім өзі таңдасын. Сонда ғана болашақта бір ғана мемлекеттік тілде сөйлейтін елге айналамыз», - деп қазақ тіліне деген махаббаты жайында айтып берді.

Вячаслав Алма­ты­да­ғы №18 орыс мекте­бін бі­тір­ген. Қазақ-Аме­ри­ка уни­вер­ситетінің заң фа­ку­ль­­те­тін 2002 жы­лы үздік дип­­лом­мен ағыл­­шынша аяқ­­­тады. Қо­сым­ша Қазақ ин­женерлік-эконо­ми­­ка­­лық уни­верситеті­нің қар­жы және кредит факультетін бітір­ді.

2003-2004 жылдары Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің бірінші орынбасарының ке­ңес­­­шісі болып қызмет атқарды.

«Мем­лекеттік қызметтің қай тү­рі болсын қазақ тілін білу мәж­бүр­лігін сезіндіреді. Жария ай­тыл­маса да, іс қағаздары қа­зақ тілінде болсын деген талап бар. Қазір ірі мекемелердің бәрінде заманауи жабдықталған қазақ тіліне арналған кабинеті бар. Өкінішке қарай, басқа ұлт өкіл­деріне қарағанда орыс тілді қазақтардың өз ана тілін үйренуге деген ұмтылысының жоғына таңқаламын», деп мемлекеттік тілдің маңыздылығы жайында айтты.

Біраз уақыт Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің көмекшісі болып еңбек еткен.

2005-2007 жылдары Ха­лық­­­аралық әуесқой бокс қа­уымдастығы Азия конти­нен­­тальдық АИБА бюросының вице-президенті, сонымен қа­тар Әлемдік әуесқой бокс қауымдастығы президентінің кеңес­шісі болып қызмет етті.

Ал Ислам дінін қабылдауына діни кітапатарды салысытыра оқып жүргені себеп болған көрінеді:

«Сәби шағында адамның таңдауы жоқ. Анам да мені шіркеуге апарып, христиан қылды. Бірақ өсе келе, діни кітаптарды өзара салыстырып оқи жүріп, Библияда ақырғы пайғамбар Ахмадтың келетіні ап-анық жазылған аят барын білдім. Ахмет – Мұхаммедтің бір аты. 25 жасымда шаһадат айтып, Алланың қалауымен мұсылман болдым. Одан бергі 10 жыл ішінде мұсылман болғаныма рақаттанып жүрмін. Қазір тәжуид үйренудемін, то­лық меңгермесем де, Құранды арабша еркін оқи беремін. Бір­неше парасын жатқа білемін».

Бүгінгі таңда Қазақстан Көркемөнер академиясының академигі болған Вячаслав Вавилин: «Әлем шебері атағы бар суретші, мемлекеттік сыйлықтың иегері Амандос Ақанаев басқаратын Көркем академияның мені өздеріне мүше етіп қабылдап, академик етіп сайлауы – менің мемле­кет­тегі қызметтегі және қоғамдық өмірдегі еңбегімді, өнерге деген құрметімді қазақстандық мәдениетке қосқан бір үлесім ретінде бағалағандары. Ол үшін көп рақмет айтамын», дейді.

Екі жылдан бері «Гене­рал­­дар кеңесінің» тө­ра­­ға­сы, генерал-майор Рүс­тем Қай­­­даров мырзаның кеңес­ші­­сі қызметін атқарып келеді. Кеңестің мақсаты – ер­­лікті ұлықтау, ұрпаққа отан­шылдық тәрбие беру. Кеңес құрамындағы генералдар саны 100-ден асады. Әр са­ла­­дан зейнетке шыққан гене­рал­дардың басын қосқан бұл ке­ңес 2000 жылдың басында құрылған кеңес бірнеше игілікті жұмыстар атқарып келеді.

Мәселен, алдағы 31 мамыр күні Мәс­кеуде Кеңес Одағының ба­ты­ры, қазақтан шыққан тұңғыш ар­мия генералы, №1 Халық Қаһарманы, Қазақстанның ең алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің мү­сіні қойылмақ. Бүгінгі таңда кеңес мүшелері аталмыш шараға дайындық үстінде.

«Бұл – мәскеуліктер үшін ғана емес, күллі еліміз үшін маңызы үлкен шара», дейді ел азаматы сұхбат беру барысында.

Вячаслав 2009 жылы үйленген екен. Бір ұл, бір қызы бар. Ұлының атын алғашқы пайғамбардың есімімен Мұхаммед әмин деп өзі қойған.

Дайындаған: Гүлім Жақан

Қатысты Мақалалар