ҚР мұсылмандар одағы өздеріне бір топ атеистер мен феминистердің хабарласып, елімізде сүндетке отырғызуға тыйым салуды ұсынғанын айтты, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі zakоn.kz-ке сілтеме жасап.
Атеистер мен феминистердің пікірінше, сүндеттеу – адам құқығын бұзып, денсаулығына зиян келтіреді . Ежелден келе жатқан дәстүр денсаулыққа қауіп төндіріп, баланы психологиялық күйзеліске түсіретініне сенімді.
Осы пікірді жақтаушылардың бірі Батима есімді қыздың айтуынша, «Адамның барлық мүшелері тең құқыққа ие. Адам мүшесінің бір бөлігін кесе отырып, адам ағзасының үйлесімділігіне зиян келтіреді» дейді.
ЛГБТ қауымдастығының өкілі, Арман есімді студенттің айтуынша еліміздегі көптеген дәстүрлер бұрынғы жабайылық дәуірді еске түсіреді екен.
“Махаббат пен сүндет екеуі сәйкеспейді. Баланы сүндетке отырғызып, оның жыныс мүшесінің етін кесіп алу адамның ақыл-ойының дамуына да кері әсерін тигізеді. Ескі дәстүрсымақтан аяқ тартып, алға қарай жаңаша қадам басуымыз керек”, – дейді ол.
Балалар омбудсмендерінің айтуынша, ерте жастан сүндеттеу кәмелетке толмаған балаға жасалған зорлық іспетті екен. Жас баланы сүндеттегендерді заң бойынша қатаң жазаға ұшырату керек дейді. Олар ешкім де бала үшін шешім қабылдап, оның денсаулығын қиын жағдайға қалдыруға тиісті емес деп есептейді.
Айта кетсек, сүндет Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с) сүннеті болғаны үшін мұсылман халықтарында ерекше маңызға ие. Пайғамбарымыз сүндетке отыруды адамилық міндеттер саналатын бес нәрсенің бірі ретінде білдірген. Меккеде ер балалар 3-7 жастарында сүндетке отырғызылады.
Діни жағынан айтар болсақ, сүндетке отыру Исламның шиарынан (белгісінен) болып саналады.
Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Сүндетке отыру еркектер үшін сүннет» (Табарани).
Ал көптеген медициналық зерттеу жұмыстары сүндеттеудің пайдалы тұстарын дәлелдеді. Сүндеттелмегендерге қарағанда, сүндеттелген ерлер жыныстық қатерлі ісікке анағұрлым аз шалдығады. Ері сүндеттелмеген әйелдерде жатыр мойыншығының қатерлі ісікке шалдығу қаупі 6 есе жоғары болады.
Шолушы: Айгерім Таубай