Забира Оазалиева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» басқарушы директорымен міндетті медициналық сақтандыруы туралы сұхбаттасқан едік.

- Міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге деген қажеттілік неден туды?
- Міндетті медициналық сақтандыруды уақыт талабынан туған реформа дер едім. Ең алдымен жақын болашақта елімізді күтіп тұрған демографиялық өзгерістерге тоқталайық. Ғаламды алаңдатып отырған халықтың қартаю проблемасы Қазақстанда да бар. Әлбетте, бұл табиғаттың заңы. Дегенмен, соңғы кезде жұмыс істейтін азаматтарға қарағанда қарттар мен балалар саны көбейіп келеді. Халықтың қартаю фактісін зейнетақы жүйесі мен елімізде зейнет жасының ұлғайтылуы да дәлелдеп отыр. Зерттеулерге сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстандағы қарт тұрғындардың үлесі 11,2 пайызға жетпек. 2014 жылы бұл көрсеткіш 6,9% болатын. Ендеше, осы үш жылда мемлекеттің денсаулық сақтау саласына жұмсайтын шығыны екі есе артады деген сөз. Ал, мұның халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге кері әсер етпей қоймайтыны түсінікті. Денсаулық сақтау саласы бетпе-бет келіп отырған ғаламдық проблемалардың бір шоғыры жүрек-қан тамыры жүйесі, қатерлі ісік сынды жұқпалы емес аурулардың етек жаюына, үнемі жаңартып отыруды қажет ететін технологиялар мен емдеу құнының жыл сайын қымбаттауына байланысты.
Жалпы, міндетті медициналық сақтандыру әлемде тиімділігін дәлелдеген, жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешуге қауқары барын мойындатқан жүйе. Ендеше, бұл реформа денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығы үшін ауадай қажет.
- Ал, енді осы медициналық сақтандыру жүйесі бізге не береді?
- Қазір біздің медицина бюджет есебінен қаржыландырылады. Қаржының жергілікті немесе республикалық бюджеттен бөлінуіне қарай біреу ақшаны көп алады, біреуге аздау беріледі. Салдарынан Алматы мен Астана сынды ірі қалалармен салыстырғанда аудандық ауруханалардың мүмкіндіктері шектеулі екені жасырын емес. Жаңадан енгізіліп отырған әлеуметтік сақтандыру осы әділетсіздікті жойып, таразы басын теңестіруі тиіс. Қаржыландырудың жаңа түрі медицина саласындағы тарифтерді теңгеруге және халықты бірыңғай сақтандыру пакетімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтар болсақ, мұнда жарнаны әркім шама-шарқынша төлеп, медициналық көмекті қажетіне қарай алады. Жарна төлейтін азаматтар жоғары технологиялық көмек түрлерін де пайдалануға мүмкіндік алады. Оның үстіне, сақтандырылған азаматтарға емдеу мекемесін таңдау құқығы беріледі. Жалпы алғанда, міндетті сақтандыру медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырады деген үмітіміз бар.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін азаматтарымыздың денсаулыққа жұмсайтын шығындары төмендейді. Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеулерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстан азаматтарының медициналық қызметтер үшін өз қалтасынан шығаратын шығыны 35 пайыздан асып жығылады. Ал, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) елдерінде бұл көрсеткіш 20 пайызға да жетпейді.
Сапаның артуына міндетті сақтандыру шеңберінде халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік алатын жеке меншік клиникалар да ықпал етпек. Яғни, болашақта Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау субъектілері арасында конкурс өткізіп, белгілі бір талаптардан өткен клиникалармен келісімшарттар бекітеді. Ал, аудандар мен ауылдардағы жалғыз емдеу мекемесі болып табылатын емханаларға біртіндеп сапаны арттыру, қызмет түрлерін көбейту сынды талаптар қойылады. Бұл бастапқы санитарлық-медициналық көмек шеңберінде халықты дәрігерлермен қамту деңгейін арттыруы тиіс. Қазір 1 жалпы практика дәрігеріне емханаға тіркелген 2000 адамнан келетін болса, болашақта бұл көрсеткішті 1500-ге дейін төмендету жоспарда бар.
- Жарна төлеу тәртібі қандай? Кім қанша төлейді?
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 2015 жылы қабылданғаны белгілі. Кейін экономиканың тиісінше тұрақтана қоймауына байланысты және жұмыс берушілерге түсетін салмақты төмендету мақсатында заңға түзетулер енгізілген болатын. Қазір жоба мәжілістің қарауында жатыр. Ол бойынша 2017 жылдың 1-шілдесінен бастап жұмыс берушілер: қарамағындағы жұмыскердің жалақысының 1%, 2018 жылы – 1,5%, 2020 жылы – 2%, 2022 жылы – 3% көлемінде ақша аударып отыруы тиіс. Жеке кәсібі бар азаматтардың жарнасы 2 төменгі жалақының 5 пайызын құрайды. 2018 жылдан бастап жүйеге мемлекет пен халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігі (өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер) төлейді. Мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылған 14 санаттағы халық үшін жарна төлеуді өз мойнына алып отыр. Олардың қатарында балалар, зейнеткерлер, көп балалы аналар, мүгедектер, 3 жасқа толмаған бала күтімімен отырған және жүкті әйелдер, студенттер т.б. бар. Ұзын-саны 10,1 млн адам. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген тұрғындар 1 төменгі жалақы немесе айына 1414 теңге жарна аударып отыруы тиіс.
Жалдамалы жұмыскерлер жүйеге 2019 жылдан бастап қосылады. Жарна мөлшері алдымен жалақының 1 пайызын, кейін 2% құрамақ.
- Ауырмаған азаматтар қорға аударған ақшасын кері қайтарып ала ала ма?
- Жалпы, бұл әлеуметтік, яғни, қалың жұртшылыққа арналған сақтандыру. Бір отбасында зейнеткер де, бала да, жұмыскер немесе мүгедек те болуы мүмкін. Алып қарасаңыз, сіздің зейнет жасындағы әке-шешеңіз үшін де, 18 жасқа дейінгі балаларыңыз үшін де жарнаны үкімет төлейді. Сіз ауырмасаңыз да қарт кісілердің басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Біреу дәрігерге қаралмағанымен, біреуге күрделі де қымбат операция жасау қажет болуы мүмкін. Міне, қорға жиналған ақша осындайда қажет. Мысалы, кардиохирургиядағы бір операцияның орташа құны 3,5 млн теңге тұрады. Мидың қатерлі ісігі диагнозын тексеруге кететін ақша да аз емес. Ал, мұны халықтың басым бөлігінің қалтасы көтермейтіні рас. Яғни, біріміз бәріміз үшін принципі енгізіледі. Денсаулық үшін мемлекет қана емес, жұмыс беруші мен жұмыскерлердің өздері де жауапты болады. Міндетті сақтандыру қорына аударылған ақша қайтарыла ма деген сұрақты түсіндіру үшін бір мысал келтіре кетейін. Егер біз әр адамды өзінің жинаған ақшасына емдейтін болсақ ол ештеңеге жетпес еді. Мәселен, жұмыс беруші 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап әр қызметкердің жалақысының 1,5 пайызын қорға аударады. Егер орташа жалақы деңгейінде есептейтін болсақ, айына 2 282 теңге, жылына 27 384 теңге аударады (болжам бойынша, 2018 жылы орташа жалақы көлемі 152 106 теңгені құрамақ). Бұл қаражат неге жетеді? Бір ғана өкпе қабынуы сынды кең таралған ауруды емдеу құны 90 240 теңге, аппендицитті алып тастау 67 525 теңге. Яғни, медициналық көмек әркімге жинаған ақшасы шеңберінде көрсетілетін болса, ол жоғары технологиялы операцияларды былай қойғанда тіпті, қарапайым ауруларды емдеуге де жетпейді. Сондықтан қорға жинақталған қаражат қоғамның, көпшіліктің игілігіне жаратылады.
- Міндетті сақтандыру Қазақстан үшін жаңа дүние емес. 1990 жылдардағы қателіктерді болдырмас үшін қандай сақтық шаралары қолға алынды?
Көпшіліктің көкейінде жүрген, жанды сұрақты қойып отырсыз. Әлбетте, 1990 жылдардағы әлеуметтік, экономикалық жағдайды қазіргімен салыстыруға болмайды. Өйткені, ол жылдары денсаулық сақтау саласында тиісті инфрақұрылымдар болған жоқ. Ол тұста экономика дағдарыс әбден шегіне жетіп тұрған кез болатын. Нанын тауып жей алмай отырған жұртқа жарна жайлы айтудың өзі ауыр тиетін заман еді. Зейнетақы, жалақы дер кезінде төленбей, адамдар маңдай термен тапқан нәпақасын айлап, тіпті, жарты жылдап күтетін кезде де есімізде.
Ал, түскен қаржының біраз бөлігі денсаулық сақтау саласының мұқтаждықтарына жұмсалды. Түсім мен шығын арасында пайда болған айырма салдарынан қор төлем қабілетінен айырылды. Дей тұрсақ та, әр нәрсенің жақсы да, жаман да жағы болатынын мойындау керек. Сол жылдары медицина саласына нарықтық экономиканың негізгі принциптері сыналап болса да енгізілді және саланы дамытуға ықпал етті. Ал, қазір экономикалық жағдай едәуір тұрақталды. Мемлекеттік емдеу мекемелері заманауи қондырғылармен қамтылды. Медициналық көмекті соны үлгідегі техниканың көмегімен көрсететін жеке меншік клиникалардың да үлесі артты. Елімізде шетелдерде ғана жасалатын күрделі операциялар көптеп жасалып жатыр. Шетелде оқып келген дәрігерлердің тәжірибесі талай науқасты ажал аузынан алып қалуға көмектесіп жатқанын мойындау керек. Сол себепті медицина саласы да, мемлекет те міндетті сақтандыруды енгізуге дайын деп айтуға әбден болады. Қаржы жайына ойысар болсақ, әлбетте, бұрынғы қателіктер ескерілген. Жарна «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы Ұлттық банктегі есеп-шотқа түседі. Ешкімнің қолына қолма-қол ақша тимейді. Емханалар мен клиникалар көрсеткен медициналық қызмет ақысы сол шот арқылы тікелей төленеді. Онда да нақты көрсетілген қызмет бойынша берілген құжаттар, атқару актілері талап етіледі. Сондықтан ақшаның басқа мақсаттарға жұмсалуы мүмкін емес.
Сұхбаттасқан: Шынар Әлжанова