«Өмір жолы» тарихи тұлғалардың тұтас антологиясы

/uploads/thumbnail/20170710064050565_small.jpeg

Кешқұрым. Бөлмеде қосулы тұрған теледидардан кенет Бауыржан Момышұлының қатқыл да, өктем даусы естілді. Құлағымды түре қалдым. Мағжан Жұмабаев туралы айтып жатыр. «...Соғыстан кейін қызмет бабымен Сібірге бардым. Мағжанды көрдім. Адамдардан көңілі қалған. Тозған...» Қызықты дерек. Отыра қалдым. Хабарды аяғына дейін тапжылмай тамашаладым. Бұл «Өмір жолы» бағдарламасы екен. «Хабар» арнасында. Кейін ұлы тұлғалар туралы тың деректерді ұсынатын осы жобаны арнайы іздеп қарайтын болдым. Өзімнің журналистік қызығушылығым бағдарламаны жасап жүрген шығармашылық топпен танысуға итермеледі...

Уағдаласқан уақытта, уағдаласқан жерге сұхбаттасушым да жетті. «Біз тек сұхбат алып үйреніп қалған адамбыз, бізден қандай сұхбат беруші шығар екен» деп күлді ол. Бұл «Өмір жолы» жобасын дайындайтын шығармашылық топ өкілі, жоба авторы, журналист Айнұр Күзербаева еді.

 

- «Сұхбат алып үйреніп қалғанбыз» дедіңіз, әңгімемізді осыдан бастайықшы, кіммен жасаған сұхбатыңыз өзіңізге қатты ұнады?  Есіңізде қалғаны кім?

 

- Әр сұхбат өзінше тарих. Сұхбат алуға барғанда кейбір кісінің мысы басады, кейбір адамның көңіл кілті аспанда болады. Олардың ашылып сөйлеуіне, эмоциямен әсерленіп әңгімелеуіне де біраз дайындау керек. Алдыңда отырып, сұхбат берген адам жанын жалаңаштайтындай көрінеді маған. Сұрақтарға жауап беріп отырып, ол кісі өзінің мінезін, ой-өресінің тереңдігін, білімін көрсетіп, жан-дүниесін ақтарып тастайды ғой. Сондайда кейде алдында сұхбатқа келіспей, кекірейіп тұрған кісінің арғы жағында айтарының да аз екенін байқап қаласың. Ал елпілдеп, асығып аптығып келіп, сұрақтарға төпелей жауап берген адамның білгені телегей теңіз екенін сезесің. Құмарың қанғанша жазып, сұхбат бітсе де әңгімені үзуге қимай, ұзақтау отырып қалатын кездеріміз де көп болады.

Жақында ғана Әзірбайжан Мәмбетовтың өмір жолын түсірдік. Актер, режиссерлермен сұхбат құрдық. Өте әсерлі болды. Ол бір жағынан Әзекеңдей ұлы режиссер туралы айтар өнегелі әңгіменің көп болуымен байланысты болар, бір жағынан өнер адамдары эмоцияның мамандары ғой. Сұхбат түгелдей дерлік сезімге құрылды. Әзекеңнің ашуы, қайғысы, мұңы, қуанышы, өкініші, шарықтауы, бәрі-бәрі сондай әсермен, көз алдына елестететіндей қимылмен, эмоциямен айтылды. Бұл алдағы күні эфирге шығады. Көрермен де сұхбат берушінің сол сәттегі жан толқынысын, жүрек сырын сезінеді деп сенем.

Жалпы оқиғаның табиғатын, адамның болмысын барынша аршып тұрып көрсететін, жүрегінің түбіне терең бойлататын сұхбаттар делебемді қоздырып, мәтінді жазып болғанша тыным таптырмайтын бір шыдамсыз күйге түсіреді.

Кейде алдыңда сұхбаттасып отырған салмақты, салиқалы адамның әсерленіп, жылап та алатын кездері болады. Мысалы Асанәлі Әшімовтей ұлы тұлғаның, досы Ақселеу Сейдімбек туралы естелігін айту кезінде көз жасына ерік бергені есімде. Шынайы эмоция. Ол жылады дегенде де түсіну керек. Езіліп, көз жасын сығу емес. Іштегі бұғып жатқан ауыр қайғының, орны толмайтын, қаңыратып кеткен қайғының көтеріліп келіп, өксікке тығылуы... Ол бөлек эмоция. Оны көрермен сезеді... міне осындай шынайы сұхбаттар есте қалады.  

 

- Түсірілім жұмыстары қалай жүреді? Тарихи тұлғалар туралы ақпарат табу қаншалықты қиын?

 

- Түсірілім жұмыстарын бастамас бұрын, болашақ деректі фильмнің кейіпкері болатын тұлғаларды таңдаймыз. Көбіне аз айтылып, кейде тіпті ұмыт қалып бара жатқан қазақтан шыққан қайраткерлер өмірін зерттеуге ұмтыламыз. Сонымен қатар мерейтойлық датасы келіп қалған ұлы азаматтарды назарға аламыз. Одан кейін сол тұлға туралы жазылған кітаптарды жинақтап, түрлі дереккөзден ақпарат іздей бастаймыз. Мұндайда кітапхана, архив көмекке келеді. Барлық деректерді сараптап, ойымызда сценарий жобасы сызылады. Сұхбат алатын адамдар тізімі жасалады. Содан кейін біз таңдаған тұлғаның туып өскен ауылына барамыз. Ауылы міндетті түрде түсіріледі...

 

- «Өмір жолы» жобасының бір ерекшелігі де осы секілді білуімше?

 

- Ия, дәл солай. Телевизия тілімен айтқанда бұл біздің фишкамыз...Себебі ауылда атмосфера бөлек. Ол жақтағы түсірілім таза, көптің жанына жақын көріністерге толы болады. Ауыл әрбір қазақтың жүрегінде ғой. Ауылдағы халықтың да айтары бөлек. Бет-жүзін күн қақтаған ауыл қазағының бейнесінің өзі сөйлеп тұрады емес пе...сол үшін ауылға асығамыз. Туған жерін түсіріп, туыстарымен сұхбат құрып болған соң, Астанаға келіп, зерттеуші ғалымдармен әңгімелесеміз. Тың деректер іздейміз. Жалпы ақпарат табу оншалықты қиын деп айтпаймын. Себебі еліміз тәуелсіздігін алған күннен бастап, жоғын түгендеп, ақтаңдақ беттерді зерттей бастады. Кезінде жазықсыз жала жабылып, атылған ардақтыларының бар мұрағатын қопарып, кесек-кесек дүниелер жазды. Сондықтан ақпарат көздері баршылық. Жетпеген жағдайда орталық архив қашанда көмекке келуге әзір. Міне осылайша бар ақпарат, сұхбат жиналған соң, түсірілген таспаны «кодировка» дейді телевизия тілінде, іріктеп таңдау басталады. Бұл өте ұзақ, әрі шаршататын жұмыс. Одан кейін бүкіл процестің шарықтау шегі - мәтін жазуға кірісемін. Кейде мәтін бір түнде жазылады, кейде бір аптаға созылады. Негізі мәтінді тек түнде жазамын. Ел тынышталып, ұйқыға кеткен кезде, мен тыныш отырып жаза алам. Күндізгі уақытта телефон шырылдайды, басқа да ағымдағы шаруалар ойды бөліп, жазғызбайды. Сондықтан бар дүнием тек түнде жазылады.            

 

- Жоба барысында Тәттімбеттен бастап, Табылды Досымовқа дейін, яғни әртүрлі кезеңдерде өмір сүрген тұлғалардың өмірін зерттейсіздер. Осы уақыт аралығында біз білмейтін, тарихшылардың назарынан тыс қалған жаңа деректер таптыңыздар  ма?

 

- Ия, дұрыс аңғарыпсыз. Жобамызда сонау 18-19-шы ғасырда өмір сүрген қазақ зиялыларынан бастап, бертінде ғана өмірден кеткен тұлғалар қатар түсіріле береді. Айта кетейін, бүгінге дейін 50-ден астам тұлғаның «Өмір жолы» түсіріліп, экран бетіне шықты. Олардың арасында өнер майталмандары, еңбек озаттары, алаш ардақтылары, қоғам қайраткерлері бар.

    Жаңа айтып өттім, ауылдарына барамыз. Сол кезде бір таң қалғанымыз, зерттеушілердің арасында том-том кітап бастырып, докторлық қорғап жүрсе де, сол зерттеген адамының ауылына мүлдем бармағандар да бар екен. Ал ауылда тұнып тұрған тарих бар. Мысалы біз Әлихан Бөкейхан туралы деректі фильм түсірген кезде ұлт көсемі, Алашорда үкіметінің төрағасы туып-өскен ауыл Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында болдық. Қайраткердің кіндік қаны тамған жер Жекежал қыстауына қондық. Сонда біраз тың дүниелердің куәсі болдық. Кейін зерттеуші ғалымдарға, Әлихантанушыларға айтқанымызда, олардың өзі таң қалды. Мысалы, Әлихан Бөкейханның туған туыстары, әке шешесі жерленген Талдыбейіт деген қорым бар. Әлихан, әкесі Нұрмұхаммед қайтыс болған кезде, Омбыда қызметте болған екен. Ол арнайы келіп, әкесі жерленген жерді  үлкен етіп қоршайды. Оған кірпішті өзі құйдыртады. Саз батпаққа қиыршық тас пен шиді майдалап салып, қалыптайды. Сондықтан да сол кірпіштен өрілген қабырғалар жүз жылдан аса уақыт өтсе де, мүжілмей мыңқ етпей тұр. Тағы бір қызық, Әлихан әкесінің басына тұқымын бразилиядан әкеліп отырғызған сәмбі тал әлі күнге дейін жайқалып жапырақ жайып тұр. Оған да 100 жылдан артық уақыт болды. Бүгінде діңгегі бір адамның құшағы жетпейтіндей қалың. Айта берсе қызық көп. Смахан деген туысы Әлихан Бөкейханның сүйегін таба алмаған соң, сол талдыбейітке иісі сіңген тымағын ақ мата орап жерлейді. Сөйтіп басына көктас қояды. Онда «қазақ панасы болған, ұлт азаттық көтерілістің қайраткері» деген сөз жазылады. Кеңестік жүйенің өктемдік құрып тұрған кезі. Мұны көрген аудандық партия комитетінің хатшылары «бұл буржуазиялық ұлтшыл идеяны дәріптеген» деп тас бетіндегі қашалған жазуды қырып өшіртеді. Себебі кеңес билігі Әлиханның басына келген қазақтар рухтанады деп қорыққан.

Тағы бір деректі фильмге арқау болған кейіпкеріміз Ақселеу Сейдімбектің де өмір жолында көптің назарынан тыс қалған тың ақпараттар жетерлік, солардың бірі Ақаңның Күлтегін ескерткішін Моңғолия жерінен қазақ еліне алып келу оқиғасы. Осы секілді қызықты ақпараттар көп. Жұмыс өте қызық.

 

- Байқағаным, деректі фильмде кейіпкерлерді актерлер сомдап, көркем фильмдегідей көріністер, диалогтар бар. Бұл да бір ерекшелігі ме?  

 

- Ия. Кейіпкердің портретін неғұрлым аша түсу үшін, өзіне ұқсайтын актер іздейміз. Өмірінің маңызды бөліктерін актерлерге ойнату арқылы, барынша шынайы, әрі түсінікті етіп беруге тырысамыз. Бұл жұмысымыздың ең қызық та жауапты бөлімі десек те болады. Бұл жарықты ойнату арқылы, кадрге жан бітіріп, адамның ішкі жан дүниесін қозғаудың тетіктерін түсінетін мықты режиссеріміз Бақыт Найзабековтің тынысы кеңінен ашылып, шабыты шалқитын кез. Ал сәтті кадр үшін бір орында тапжылмай сағаттап тұруға дайын, немесе күздің қара суығында мұздай суды кешіп, әдемі кадрға қол жеткізетін, қиялы шексіз Айдар Нарғожинның нағыз рахаттанып, қиялға ерік беретін сәті осы. Бұл процесті телевизияда «реконструкция» дейді. Неғұрлым осындай көріністер көп болса, фильмде соғұрлым тұшымды, тартымды, қызықты шығады. Бірақ бұл әжептеуір шығынды қажет ететін жұмыс түрі. Актер, гримм, костюм, ғимарат бәрі қаражатпен шешіледі.

Тағы бір айта кететінім, кейбір тұлғалардың бүгінге дейін сақталған бірде бір суреті болмауы мүмкін. Мысалы Ықылас Дүкенұлы. Күйші композитордың бізге дейін бір ғана суреті жеткен. Онда да туыстарына ұқсатып отырып, бір суретшінің қағаз бетіне салған суреті. Сондықтан ол кісінің өмірін хабар барысында көрсету үшін актерлер ойнаған көріністерге көбірек жүгінуге тура келді.

- Деректі фильмді дүниеге әкелу үшін қанша адам еңбектеніп жатыр?   

 

- Негізі нақты түсірілім тобы үш адамнан тұрады. Режиссер, оператор, автор. Бірақ жұмысты үйлестіріп, жан жақпен келісетін Назерке Ахметова деген продюсеріміз бар. Бүкіл түсіріп келген материалдардан фильмді даярлап шығаратын Ерлан Жақыпов деген шебер, монтаж маманы бар. Одан бөлек біздің «Өмір жолы» жобасында білікті, бүгінде өзіндік стилі қалыптасқан беделді журналистердің қолтаңбасы бар. Олар Нұржан Сопбеков, Нұрлан Соңғыбай және Гүлжазира Ғалиқызы. Әрқайсысының «Өмір жолы» жобасының көрермен көзайымына айналуына қосқан үлестері ерен.  

Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда көрермендердің тарихи-танымдық материалдарға қызығушылығы жоғары. Сондықтан тарихи тұлғалардың өмірінен тың деректерді паш ететін мұндай жобалардың республикалық арнадан, таралу ауқымы кең «Хабардан» көрсетілуі маңызды. Көп тұлғалардың өмірі бізге көмескіленіп жеткен. Бір зерттеушімен екінші тарихшының деректері сай келмей жатады. Себебі бодандықта болған еліміздің тарихы бұрмаланып жазылды. Сол тарихта қалған тұлғалардың еңбегі де дәл солай, кеңестік жүйенің ығына қарай, сол кездегі идеологияның ықпалымен мүлде басқаша берілген. Кішкентай ғана мысал, Сәкен Сейфуллиннің оқу оқығанда қай жерде тұрғандығы туралы ақпарат әр дереккөзде әртүрлі берілген. Бірінде Марфа Тимофеевна деген орыс әйелінің үйінде тұрып, сол әйелдің ықпалымен оқуға барған деген деректер кездеседі. Яғни кеңестік кезеңде бар игілік орыстардың арқасында деген идея болған. Ал негізінде Сәкен Сейфуллиннің өзінің естелігінде Зәкірбек деген туысының үйінде жатқанын жазады. Мұндай мысалдар өте көп. Осындай деректердің анық-қанығын айырып, ықшамдап, көрермен назарына ұсынғанда, ұлттың ұтары көп болады деп ойлаймын.      

- «Хабар» арнасының көрермендері алдағы бөлімдерде кімдердің өмірімен танысады?

 

- Биылғы жыл «Алаш» үкіметінің құрылғанына 100 жыл, Алаш қайраткерлерінің жазықсыз атылғанына 80 жыл. Сондықтан биыл негізінен Алаш арыстарын түсіруге басымдық беріп отырмыз. Бүгінде түсіріліп, эфирге дайын тұрған біраз өнімдеріміз бар. Олардың арасында көрермендер биыл 125 жылдығын атап өтетін Нәзір Төреқұлов, 85 жылдығы өтетін режиссер Әзірбайжан Мәмбетов, 70 жылдық дөңгелек датасы келіп қалған Сағат Әшімбаев, 75 жылдығы жақындаған зерттеуші ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбектің «Өмір жолын» көретін болады.

 

- Қалай ойлайсыз мұндай деректі фильмдерді неге үлкен экрандардан көрсетпейді?

 

- Деректі фильм көркем фильм емес. Түсірілім жағынан көркем фильмге қарағанда деректі туындыны шығару әлдеқайда қиын. Себебі деректі фильмде оқиға желісі тек тарихи ақпаратқа, яғни дерекке құрылады. Одан ауытқуға болмайды. Ал көркем фильмде ойдан құрастыру, қиялға берілу, оқиғаны әсірелеп, ширықтыруға мүмкіндік мол. Сондықтан көркем туындыны көру де жеңіл, тартымды. Деректі фильмді біз де көрерменге неғұрлым қызықты болсын деп, арасында көркем туындыдай, көріністер қосып отырмыз, бірақ үлкен экраннан көрсетуге әлі де көрерменді дайындау керек деп ойлаймын. Отандық киногерлердің туындыларына қызығушылық енді оянып келеді. Деректі фильмдерді дамытып, үлкен экраннан көрсететін де күн туар деп үміттенеміз. Ал біз әзірге төл тарихымызды түгендеп, ұлы тұлғаларды ұлықтау мақсатында «Өмір жолы» деректі фильмдер желісінің түсірілімін жалғастыра беретін боламыз. Бүгінгі күннің өзінде қорда тарихи тұлғалардың тұтас антологиясы жинақталып қалды.  

 

Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыстар тілейміз.

 

Cұхбаттасқан: Гүлнұр Өтжанқызы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар