Балалары үшін бәріне дайын әке: Мен қиналғандықтан осы қадамға бардым

/uploads/thumbnail/20170710064119690_small.jpg

Өмір жолы біртегіс болмайтыны адамзатқа мәлім. Қуанышы пен қайғысы қашан да қатар жүреді. Еш алаңсыз бақытты ғұмыр кешіп жүргенде, бір бұрыштан сығалап дауыл тұрады. Қашан соғатыны да белгісіз, әйтеуір біз күтпеген бір күні қопарып өтеді. Сондай дауыл журналист Қажымұқан Ғабдолланың отбасына төнді. Мүгедек балаларын емдетіп жүргенде, қабырғасы қайысты, тірегі, ақылшысы болған жан жары өмірден озды. Тағдыр тәлкегіне мойынұсынудан басқа шара қалмас, келер күні не болары белгісіз. Өмір жолы шырғалаң деген осы шығар, сірә. Өмірден өткен әйелін ойлап қайғыра ма, емді қажет ететін мүгедек балаларын ойлап қайғыра ма, әкенің мойнына ауыр жүк түсті. Не де болса, ол – әке. Ол – балалары үшін асқар тау. Сағы сынбауы керек, өмірден күдер үзбеуі керек, тіршілігін әрі қарай қамдау керек. Ал балаларының денсаулығы кез-келген ата-ана үшін ең бірінші орында. Алайда, бұл жолы журналист балаларының басындағы ауыр хәлмен жалғыз күреспек.

Қазақ бауырын қиындықта қалдырмаған, ал әр қазақ біріне-бірі бауыр. Қажымұқан Ғабдолла өз бауырларынан көмек сұрайды. Ел азаматының жағдайына бауырлары бейжай қарамас деген үміттеміз. Көмектесіп, қол ұшын созайық, ағайын!

Журналистің жеке парқашасындағы жазбасы төмендегідей:     

«Адамның басы – Алланың добы» дейтін бұрынғылар. Бұл сөздің тереңіне үңіліп, мағынасын түсініп көрмеппін...

Тіпті, бір ұл, бір қызым ауыр сырқатқа шалдығып, марқұм әйелім екеуміз балапандарымыздың шипасы үшін күллі Қазақстанды шаршамай-шалдықпай аралап, Ресей мен Қытайды шарлағанда да, «Адамның басы – Алланың добы» дегенді есіме алмаппын...

Бар арман-мүддеміз – перзенттерімізді тездетіп емдетіп, өз құрбыларынан кем қылмай, «уақтылы тілі шығып, анық сөйлеп, ашылып күлсін, жарқырап жүрсін» деген дұға-тілектің үстінде болды...

 

«Бала – бауыр етіміз», өзіміз ашықсақ та, шөлдесек те, шаршасақ та, жаурасақ та – шыдап бақтық, төзіп-тәубе қылдық...

...Кенет, «Адамның басы – Алланың добы» екендігі былтырғы жылдың жазында түйсігіме жетіп, жүрегіме сіңді: лезде, әп сәтте, ойламаған жерден өмірлік серігім Қымбаттан айырылып қалдым...

Содан кейінгі өмірім (егер оны «толыққанды өмір» деп атауға болса...) – тепкен доптай, кеткен доптай; қашқан доптай, сасқан доптай; тескен доптай, өшкен доптай болды-ау, сірә...

Таң атып, күн батты; ас пісіп, аяқ босады; көрпе жабылып, көз жұмылды...

Бәрі баянсыз бірдеңе...

Көзді ашып-жұмғанша, Қымбатсыз бір жыл өтіпті...

Сұмдық-ай! Сұм жалған-ай! Сайтан-нәпсі, найсап-ай!..

Қос жетімегімді – ұлым Мұхтар мен қызым Інжуді – анасыз өсіп жатқан қос мұңлығымды кезекті ем-домын жасауға Қытайға («Күнжуиян» ауруxанасы) алып баруым керек екен...

Сонда аз-маз ес жиғандай болдым...

Расында, менi көп адамдар «берекелі тұрады» деп ойлайды. Жеке жер үйім мен осыдан жеті жыл бұрын бір лауазымды ағамыз сыйлаған шетелдік көлігімді көргенде, басқаша ойлау да қиын...

Ал, шындығына келсек, мен өз ақшасы өзіне аптадан-аптаға әзер жететін, қазақтың мақсат-мұңын ашық айтып, арман-мүддесін қызғыштай қорғайтын қазақ тілінде апталық газет шығарған намысшыл қазақ қана емес; екі мүгедек баламның жәрдемақысы мен анамның зейнетақысын барлық шаруаға тиындап жеткізіп, тамшылап құраған қазақпын!

Бүгінгідей адамзаттың бойында мейірім мен қайырым мүлдем азайып кеткен қиын-қыстау заманда «Бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтар» деп, барынша намысқа тырысып, күйлі адамның кейпін ұқсатқан қазақпын...

Жан жарым, сенімді серігім Қымбат мәңгіге «кетіп», жападан жалғыз қалғалы бар ауыртпалық бір өзіме түскендіктен бе, тезірек қимылдып, шалымдық жасай алмаған секілдімін...

Дәп бүгін мен екі баламды Қытайдағы кезекті ем-домына апаруға қаржы-қаражатым жетпегендіктен (емдеу уақыты мен мерзімі қалмай, қысып барады), қазақтың қалталы азаматтарынан, бақуатты бауырларымнан жәрдем сұрағалы отырмын. Қара нан мен қара шәйді ғана қағажу қылған ақпейіл, дарқан көңіл қазақтарыма салмақ салғым келмейді, алдын-ала разылығымды айтамын...

Әрине, ем-домды келесі жылға да қалдыруға болар еді, бірақ, қытайлық дәрігерлер «арасы үзілген жағдайда өзімізден жауапкершілікті алып тастаймыз» деп отыр. Ең қиыны, бірнеше жыл жалғасып келе жатқан емдеу үрдісінің арасын үзсе, соңғы нәтижесі болмайды екен...

Мен уақыттың тығыздығына қиналғандықтан, осы қадамға бардым. Балаларымның болашағы үшін бәріне де әзірмін: дүние-мүлкімнен тез арада сатып алушылар болса, бұған да дайынмын!

Атамыз қазақ: «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» дейді, кім біледі, кезегі келгенде, мен де Сіздерге қол ұшымды берермін...

Жомартты – жоқтық жазғырар...
Дүниелік тұрғыдан қарасақ, бұл қадамға да еш ренжіп-өкпелеуге болмайды. Ал, мұсылманшылық жолы – тым алыс әрі ауыр. Тым алыс әрі ауыр болса да, күнәдан тазарып, Жаратушының кешіріміне лайық болуға жақындататын, Раббымыздның алдында дәреженің көтеріліп, ақыретте Жәннатқа үмітті арттыратын тура да таза жол.

Сондықтан, мұсылман баласы болғандықтан, өз тарапымнан мен де құны миллиондарға татырлық бағалы хадис туралы бір ауыз сөз айтпақпын. Біздің сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа  айтады: «Егер сендердің бірің базарға кіргеннен кейін мына дұғаны айтса, оған миллион жақсылық жазылады, әрі миллион күнәсі кешіріліп, дәрежесі миллион есе көтеріледі және (кейбір риуаяттарда) Жәннаттан бір сарай иеленеді»

 «Ләә иләәһә иллаллаһу уәхдәһу ләә шәриикәләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хәмду йухии уә йумииту уә һуә хәййун ләә йәмууту биәдиһил-хайр уә һуә ғәләә кулли шәй ин қадиир.»

«Алладан басқа Тәңір жоқ, Оның серігі де жоқ. Барлық билік Оның қолында, барлық мақтау Оған тән. Ол тірілтеді және өлтіреді. Оның барлық нәрсеге құдіреті жетеді.»

...Осыншама орасан да бағалы сауап әрбірімізге һәм бәрімізге нәсіп болғай! Бұрынғылар «Жомарттың қолын – жоқтық байлайды» деген екен, жазық жерде жазғырылған жапсар-жағдайымызға адами түсіністікпен қарап, сөге-өкпелемессіздер деп сенемін!» деп аяқтады жазбасын Қажымұқан Ғабдолла.

Қамшыгер: Гүлім Жақан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар