Бұл жайына Затобольск аймағының тұрғындары хабар берген, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі kstnews.kz басылымына сілтеме жасап.
Сонымен қатар бұл ғимарат та тіс емдеу ауруханасы да болған екен. «Ал мәйіттің уы не болмақ, ол жылдар бойы сақталып тұра береді емес пе?! Бұл нәрсе денсаулыққа өте зиянды», - деп интернет қолданушылары өз шағымдарын білдірді. Аталмыш мәселеге қатысты мән-жайдың анық-қанығын білу мақсатында жергілікті тұрғындар сол үйге барып көрген.
«Бұл жерге алдымен әпкем келіп қоныстанған, ол қазір басқа ғимаратта тұрады. Ол жердің жағдайы жақсырақ. Ал біздің тұрмысымыз тым нашар, өмірімізде біраз қиыншылықтар болды. Кейіннен әпкем бұл ғимараттың қожайынымен келісіп, осы жерде тұруымызға рұқсат алып берді. Жарық пен газға ғана төлейміз, басқасына көп шығын шығарудың қажеті жоқ», - дейді морг ғимаратын паналап отырған Раушан Құжамқұлова.

Бұл отбасында үш бала бар. Үй алуға кезектерін күтіп жүргендеріне бірнеше жыл болған екен. Тұрмысы төмен отбасы кезектері келгенше шамалары келген жерде тұруға мәжбүр.
«Бұл жерде ұзақ бөгелмейміз, Заречный ауданына қарай көшуді жоспарлап отырмыз. Бұл жердің бір жақсысы – мектеп тым алыс емес, балаларға ыңғайлы», - дейді үш баланың ата-анасы. «Материалдық көмек қажет пе?» деген сұраққа «Өзіміздің де қолымыздан келеді» деп жауап қатқан.

- Бұл жерде көптеген адамдардың мәйіттері жатқан, мұндай ғимаратта күнелтуге қорықпайсыздар ма?
- Кейде қорқынышты... Алайда, бұл жерде морг бірнеше жыл бұрын болған. Кейіннен тіс емдеу ауруханасына айналған. Сол кезде тазарту жұмыстарын жүргізген болар. Бұл жерді, тіпті, морг болған жер деп айта алмайсың, ол жайында да көп ойлай бермейміз.

Морг ғимаратында күнелтуге болады ма? – деген сұрақ төңірегінде кеңес алуға тырыстық.
«Мұндай жағдайға тыйым салу қажеттігі жөнінде ешқандай да заң жоқ. Сол себепті де тұра беруге болады», - деп мәлімдеді аса қауіпті инфекциялар мен карантиндерді бақылау орталығының басшысы Людмила Налобина.
Аударған: Назерке Лабихан