Қазақстан күйшілерінің одағы құрылады деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі. Бұл туралы белгілі күйші Ерболат Мұстафа жазды.
«Сүйінші! Құрметті ағайын! Қазақ тарихында тұңғыш рет Қазақстан Күйшілерінің Одағы құрылмақшы. Концерт залдарының есігінен сығалап, жетім баланың күйін кешіп жүрген киелі күй өнерінің жанашырлары үн қосады деп сенеміз. Асқар таудан бастау алған мөлдір бұлақ ұшан теңізге айналатыны сияқты, ұлттық өнермен сусындаған өнерпаз ғана биік белестерге жете алады. Ал, ағайын, іске сәт! "Күй өнері" атты таудың шыңында тұрған Шәміл ағаға қолқабыс тигізейік» деген күйші өзінің әлеуметтік жазбасында.

Белгілі болғандай, күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтай президент Назарбаевтың атына күй мұрасына жанашыр болуын сұрап хат жазған. Оған жауап берген Мәдениет және Спорт вицеминистрі Мұсайбеков күйшіге Алматы қаласының Әділет департаментіне тиісті құжатты өткізуін сұраған.
Айта кетсек, Күй – қазақ халқының төл мұрасы. Күй XIV ғасырда жеке музыкалық жанр болып қалыптасты. Күйлер мазмұны аңыз-ертегілерге, нақтылы тарихи оқиғаларға құрылып, көбіне бағдарламалы түрінде дамыды. Онда халықтың басынан өткен тауқымет мен әділетсіздікке қарсы күресі, азат өмірді аңсаған асыл арманы мен қуаныш сезімі терең толғаныспен өрнек-бояуын тапты.