Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаражігітов атындағы №16 мектепте орын алған кісі өліміне қатысты іс аяқталды, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі 365info.kz-ке сілтеме жасап.
Сотта хабарлағандай, зардап шеккен мектеп мұғалімі мен оны өлтірген сантехник мектеп ғимаратында отырып ішімдік ішкен. Артынша екі ер адам сөзге келіп, арты төбелеспен жалғасқан. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бокстың тәсілдерін пайдаланып сантехникті соққыға жыға бастаған.
Осылайша, олардың арасында жанжал туындап, нәтижесінде ашуланған сантехник оны аяқ киім бауымен буындырып өлтірген.
Салдарынан, сот сантехникті Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-бөлімі бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Сот Атырау облысының әкіміне жұмыс орнындағы тәртіпсіздіктің орын алуына байланысты ескерту жасады.
Алайда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Шолушы: Айгерім Таубай