Қазақстан жаңалықтары соңғы жаңалықтар Алматы факультатив Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы негізгі бағыттар бойынша іс-шаралар жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қаласы әкімдігінде кеңейтілген отырыс өтіп, арнайы жұмыс тобы мен сарапшылар бекітілді. Оған мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қалада биыл «Туған жер» жобасы аясында 84 ірі шара өткізіледі. Ол төрт бағыттан тұрады: білім, аймақтық мәдениет, туған жерге әлеуметтік көмек, қаланың тарихи деректері мен туристік әлеуетін арттыру.
Арман Қырықбаев, қала әкімінің орынбасары: – Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде туған өлкемнің тарихы, яғни Алматы қаласының мыңжылдық тарихы атты факультативтік пән енгізілетін болады. Сонымен қатар жүйелі түрде оқушылар арасында осы қаламыздың мыңжылдық тарихын білуге байланысты түрлі дәрежедегі сайыстар өткізілетін болады.
Ханкелді Әбжанов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры: – Туған жер дегенді тек өзімнің ауылым деп қана ұқпай, ол менің елім, Отаным, менің барлық болмыс-бітімім деп ұғынуымыз керек қой. Туған жердің тарихын, оның патриотизмін басқа функцияларын зерттеу, насихаттау, дәйектеу – бұл ғалымдардың, мамандардың міндеті.
Шолушы: Айгерім Таубай