Ұлыбританияның Манчестер қаласында Ариана Гранденің концерті кезінде жарылыс болды, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі.
Куәгерлер Manchester Arena стадионында екі жойқын жарылысты естіген. Сол кезде Ариана Гранде сахнада болған. Қала полициясы жарылыстың болғанын және зардап шегушілердің бар екендігін растады.
Daily Mail басылымы хабарласқан концертке келушілердің бірі оқыс оқиғаның куәгері болған. Оның айтуынша, Гранде әнін аяқтаған сәтте жарылысты естіген. «Барлығы шулап кетті және сыртқа ұмтылды», - дейді Эви Брюстер.
Ғимаратқа көптеген жедел жәрдем көлігі бет алған. Ариана Гранденің өкілі әншінің зардап шекпегендігін мәлім етті. Алайда ол стадионда не болғанын айта алмады.
Алдын ала ақпарат бойынша, 22 мамыр күні Ұлыбританияның Манчестер стадионында болған жарылыстан қайтыс болған және зардап шеккендер қатарында Қазақстан азаматтары жоқ, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов.
«Лондондағы Қазақстан елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста. Қазақстан азаматтарына сақ болу жөнінде ескертулер таратылған.
Елшіліктің консулдық бөлімінің жедел желісі іске қосулы: +44(0)7447470570 (WhatsApp).
Манчестердегі жақындарыңыз, туыстарыңыз немесе достарыңызбен байланысып, олардың есен-сау екендігіне көз жеткізулеріңізді сұраймыз», - деп жазды Жайнақов өзінің Facebook парақшасында.
ҚР СІМ мәлімдегендей, жарылыс болған алаңда қазақстандық алты студент болған.
«Біздің дипломаттарымыз солардың екеуімен байланыс жасап, аман-сау екендігіне көз жеткізді. Оларға ешқандай медициналық көмек қажет емес және достарымен бірге тұратын жерлеріне аман-есен жеткен», - дейді ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы.
Шолушы: Гүлім Жақан