Шымкент қаласындағы Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясының мұғалімі Жүсіпова Айман Сұлтанбекқызы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке мектеп басшылығы тарапынан қорлық көргенін айтып, ғаламторға видеоүндеу жариялады деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
«Құрметті ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының назарына. Мен Шымкент қаласындағы Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясының мұғалімімін. Қазіргі таңда осы аталған мектептің басшысы Жүсіпова Айман Сұлтанбекқызы мен орынбасарлары Асылбекова Дана Дүйсенбекқызы және Қозыбекова Айжамал Шардарбекқызының тарапынан қатты қысым көріп отырғанымды мәлімдегім келеді. Мектеп басшылары осы жылдың 4-12 сәуір аралығында бізді негізсіз іске жұмсап, тұрғындардың статусын анықтауды міндеттеді. Атап айтар болсам, тұрғындардың жұмыс істейтінін немесе істемейтінін, хабар-ошарсыз жоғалған және сот тергеуінен қашып жүргендер болса, соларды анықтадық. Бұл жұмысын атқарып болғаннан соң 8 сәуір күні анамның халін сұрауға ауылға кеткен едім. Сол кезде мектеп басшылығы маған хабарласып әкімшіліктен тағы да жұмыс келіп түскенін айтты. Жағдайымды айтып түсіндірмек болып едім, тыңдамақ тұрмақ, өзіме айқайлап, «таксимен жетсең де дереу жет, жетпесең басшылықтың алдына алып барамын» деп тұтқаны қоя салды. Мен ол күні жете алмадым. Кейіннен 10 сәуір күні мектепке келгенімде мектеп директоры орынбасарларымен кабинетке кіргізіп алып, жеке басымды қорлады, құқығымды таптап, намысыма тиді. Бұл істерімен қоймай, ендігі сенімен болсын деп мені қорқытты...» - деп іштегі күйігін ашына жеткізді мұғалім.
Мектеп мұғалімінің айтуынша, кейін де мектеп басшылығы бұл кісінің жеке басына тиісулерін қоймаған. Қатты қысымға шыдай алмаған мұғалім қан қысымы көтеріліп, құлап қалған кезінде директордың орынбасары бүйірінен теуіп, ал директордың өзі мұғалімді видеоға түсіріп қорлаған.
Ашынған мұғалім мектеп ұжымындағы өзге мұғалімдер жеке бастары үшін қорқып, өзінен алшақтай бастағандығын да жеткізді.
Facebook әлеуметтік желісінде таралған бұл видео жауапты тұлғалардың құлағына жетіп, бір шара қолданады деп сенеміз.
Естеріңізге сала кетсек, білім министрі Е.Сағадиев мырза мектеп мұғалмдері енді өздерінің міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға жегілмейді деп мәлімдеме жасаған болатын. Алайда, бұл сөзге құлақ асып отырған басшылық жоқ секілді. Мұғалімдердің құқығын қорғау үшін жауапты тұлғалардың және оқырман назарына мектеп мұғалімінің бар жағдайын ашына жеткізген видеосын ұсынамыз.
Қамшыгер: Назерке Лабихан
Пікір қалдыру