Қазақшалап айтқанда депрессиядамын. Есі дұрыс ел-жұрт сөздің басын бісмілләдан бастаса, мен депрессияға түсе отырып, ішкі қынжылымды оқырманмен бөлісуді жөн деп таптым. Жақында ұзынқұлақтан бір ақпарат естідім. Қоңырау шалдым, тексердім. Әй, Алла, рас болып шықты. Аузыма еріксіз Алланы түсірген Руслан жайлы әңгімемді әріден бастауға, анығын айтқанда, қазақ қоғамынан түңіле тұруға рұқсат етіңіздер.
Ақылды адамдардың айтуынша ағзадағы бір сұйықтық көңіл-күй үшін жауап береді. Ол бөлінбесе адам депрессиямен достасады. Анда-мында құжаттар жинап жүргенімде (Не үшін, қайда екенін айтпаймын, сұрамаңыздар) серотонинім (Жоғарыда жазған сұйықтықтың атауы-авт.) таусылып қалды. «Анда бар!» (Қайда екенін айтпайды, құр қол сілтеу), « Жоқ, кірме, бізде жиналыс» (Көп жиналса, жұмыс өнімдірек болады деп кім айтты?!), «Кварц 30 минут» (Шын мәнінде шай ішеді), «2 күнде дайын болады» (5 күн өтті), «Есікті тоқылдатпай неге кіресіз?» (Ойбай, кешіріңізші), «Иә, не болды?» (Алдымен амандассақ болады ма?), «Біз көмектесе алмаймыз, құзырымызға жатпайды» (Ендеше кім? Кімнің құзырында?), «Күте тұрыңыз» (Мақұл, өсек айтып алыңдар), «Можно на русском?» (А можно қазақша? Назарбаев айтты ғой қазақшаға қазақша жауап беріңдер деп ..әлде керісінше айтты ма?), «Көп сұрақ қоясыз!» (Мен сондаймын, ауруым сондай), «Анықтама қайда?» (Сіздер бермейсіздер ме?), «Неге бәрін алдын-ала сұрап алмайсыз?» (Сұрақ қойма деді ғой..), «Журналист емессіз бе?, бәсе, жынға тиесіз» (Бас изеймін).
Қайда барсаң да Қорқыттың көрі. Қайда барса да мен сияқты қазақты өркөкіректік пен өзімшілдік құшақ қарсы алады. Халыққа қызмет етуі керек мемлекеттік қызметкерлер неге халықты жек көреді, неге киімге қарап қарсы алып, қалтаны қағып, шығарып салады, неге қазақ үшін қамықпайды, қуанбайды?
Чехияның саяси өмірінде елеулі рөл ойнайтын қазақ қызы қазақстандық шенеуніктерге қайран қаламын, бізде депутат 1 литр сұйық майдың бағасын дұрыс айтпаса, халықтың жағдайын білмейді деген себеппен қызметінен босатылады, құрметтен айырылады дегені есіме түсіп кетті.
Аузыңа май, Шпекбаев дейді қазекем
Гуглға мемлекеттік қызметкер деп теріп көрдім. Оқығаным криминал, шым-шытырық. «Биылғы 3 айда 373 мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталған», «Мемлекеттік қызметкер алаяқтық жасаған» деген ақпараттан көз сүрінеді. «Ұрды-соқты, адамды басып кетті, қызметін асыра пайдаланды» деген де толып тұр. Мемлекеттік қызметкер санатына әкімиятта отыратын қыз-жігіттер де жатқызылғанымен әңгіме олар жайында емес екендігі түсінікті шығар. Халық былғары креслода отырған кез келген бастықтан именеді. Қоғамда бастықтан қорқу деген ауру өршіп тұрғаны мәлім. Ол ауру асқынып, «хронический» яки созылмалы түрге айналып кеткені қашан. Енді одан құлан таза жазылу екіталай болғанымен емделмеске тағы болмайды.
Сәуір айында мемлекеттік қызмет беделін түсіретін әрекеттер санатына әдеп бұзушылықтың жеке құрамын енгіземіз деген еді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев. Былайша айтқанда, Шпекбаев сөзінде тұрса, халықпен дөрекі сөйлескен мемлекеттік қызметкер жазаланбақ. 3 жыл бойы жоғары тұрған лауазымға жоғарылау құқығынан айырылуы немесе лауазымы төмендетілуі мүмкін. Ал, әдеп нормасын өрескел бұзса, жұмысынан шығарылуы ғажап емес. Бұл латын әліпбиінен кейін естіген мен үшін ең жағымды жаңалық болды.
Кімге сенеміз? Сембиновке ме, Русланға ма?
ШҚО тұрғыны Руслан Смағұлов жайында кездейсоқ естіп қалдым. Қадалған жерден қан алатын қанышер атанып журналистік зерттеуге кірісіп кеттім. Ұялы нөмірге хабарласып, өзімді таныстырдым. Менің де аузым күйген, бірақ сіз сияқты сот залынан бірақ шықпадым, қай шендімен нені бөлісе алмадыңыздар деп сұрақты төтесінен қойдым. Мінезі ашық журналисттің ниеті қара емес, ойлағаны, іздегені әділдік екенін Руслан түсінді (Құдайға шүкір-автор). Руслан деп отырғаным заң колледжінің студенті екен. Жұмыс шаруасы бойынша ШҚО әкімиятына қабылдауға кіріпті. Русланға керек Жүсіпова іс-сапарда болғандықтан оны Ішкі саясат басқармасының басшысы Сембиновке жіберіпті. Кабинетінде жападан жалғыз отырған шендіден Руслан заң бойынша, қалыптасқан ереже бойынша қабылдауға келген адамның айтқандарын жазып алатын, протокол толтыратын мамандардың отыруын талап еткен. Мұнысы Сембинов мырзаға ұнамапты. Қисынды сынды басқа секіру, қалай жұмыс істеу керектігін үйрету деп түсінген ол жас жігітке өз орнын білуге ақыл-кеңес айтады. Заңды шемішкеше шағатын Руслан аузын жаппақ болған бастыққа міндеті мен жұмысын еске салады. Ызаға булыққан ІСБ басшысы қолына пультті алып, студентке лақтырып жібереді. Абырой болғанда, жігіт еңкейіп, пультен аман қалған. Руслан мен шенеуніктің әңгімесі төбелеспен аяқталады. Мұның бәріне бейнебақылау камералары куә болып шықты. Ернінен қан аққан Смағұлов аңқаулыққа салынбай, бірден жедел жәрдем мен полицияны оқиға орнына шақырады. 10 минуттық жерге тасбақашалап бір сағатта әрең жеткен (Русланның айтуы бойынша-автор) жедел жәрдемді алған жарақаттары бойынша сот-медициналық сараптама жасауды талап етеді. Біліммен қаруланған Руслан сараптама нәтижесі мен камераға жазылып қалған видеоны дәлел ретінде пайдалана отырып сотқа шағым түсіреді. Ақыр аяғында жазадан құтылмасын сезген (болжам-автор) Сембинов кінәсін толыққанды мойындап, жалынып-жалбарынып (фантазия-автор) кешірім сұрапты. Біздің жігіт шенеуніктің мансабына балта шапқысы келмей, аяп, бала-шағасын аяп, қазақылық танытады. Сөйтіп істі келесі сот процесіне жеткізбей, айыбын бетіне қайта-қайта баспай, кешірімін қабылдап, адамгершілігін көрсетті. Алатаудың баурайында отырған мен ғана үнсіз қалуды жөн санамадым. Мен де қорқып Сембиновпен байланысқа түспедім. Ондағы қорқыныш мақаланың шығуына бөгет жасалады деген ой. Сосын мұның дұрыс еместігі есіме түсіп, ойымнан айныдым. Түптің түбінле байсың, кедейсің, тілшісің, қойшысың демей қара қылды қақ жаратын біздің əділетті соттың алдында тік тұрып жауап беретінімді білемін (жақында ғана сотқа қатысқанмын, əсерден əлі шыға алмай жүрмін-авт). Сембиновпен байланысқа түстім. Ұялыға емес, жүмыс телефонына звондаңыз деген Ержан Алтайұлымен арада төрт сағат өткеннен кейін ғана тілдесу бақыты бұйырды (хатшысына рақмет!-авт.). Ұялысына жіберілген хабарламаны оқып үлгерген ол əңгіме ауанын сезіп тұрды. "Танысқаныма қуаныштымын" деп жарқын дауыспен айтқанда ет жүрегім езіліп кетті (қайтейік, нəзіктігіміз-осалдығымыз).
-Аға, ШҚО əкімиятында бір оқиға орын алыпты.. Қабылдауға келген азаматпен сіздің əңгімеңіз жараспай, ақыр аяғы төбелесіп тыныпсыздар. Сіз тіпті пульт лақтырыпсыз. Бұл рас па? Ол сотқа шағымданған екен.
-Жоқ. Ол негізі өзі біртүрлі жігіт. Əкімиятқа жиі бас сұғады. Біз оған көмектесуге тырыстық.
-Біртүрлі дейсіз бе? Қандай мағынада? Психикалық ауытқуы бар ма? Анықтамасын көргенсіз бе?
-Анықтамасы жоқ. Айттым ғой біз оған көмектесуге тырысып жүрміз.
-Демек сіз оған қол көтерген жоқсыз?
-Əлбетте, жоқ. Ондай адам болатын болсам, Ішкі саясат басқармасын басқаратын ба едім?! Ол жігіт өзі келіп кешірім сұрады. Шағымдарын да қайтарып алды өз еркімен.
-Руслан деген жігіт. Өзі заң колледжінің студенті. Ал, ата-анасы ше, олар келіп шу көтермеді ме? (Естуімше, Руслан ата-ананың қамқорлығынсыз екен. Бірақ өзінен бұл ақпаратты тексеруге ыңғайсыздандым. Сембинов мырза не дейді екен деген ой, 2 жылдай Русланды біледі екен..-авт.).
-Жоқ, келмеді. Жалпы мұның бəрін қайдан естідіңіз?
-Өңірлік тілшілерден. Мемлекеттік қызметкерлердің əдеп нормасын қаншалықты сақтайтыны туралы мақала жаза бастағанмын. Сосын осы оқиға жайлы естідім. Өзіңіз білесіз ғой, мемлекеттік қызметкер деген халыққа қызмет ететін адам. Ал халық болса, мемлекеттік қызметтегі бастықтан қорқады.
-Иə. Руслан келді, кешірім сұрады. Сонымен мəселе шешілді.
Тұтқаны қойдым да кім кімді кешіргенін түсінбей дал болдым. Русланға қайтадан қоңырау шалып, баян етуді жөн көрмедім.
Қайсысына сенетінін оқырман өзі шешер. "Негізі жақсы адам деседі, сол күні көңіл хошы болмаған шығар, бастығынан ұрыс естіген шығар" деген Русланға да мəселе Сембиновте емес, мəселе қоғамдағы Сембиновшылар жайында екендігін айтқанмын. Су ішіп отырған құдығына түкіретін шенеуніктерді Русландар (Бұл жерде қазақ деген мағынада-авт.)талай рет кешірген, тағы кешірер. Дегенмен мұндай жағдайлар жабулы қазан күйінде қалмауы шарт.
Астыңа тай, Шпекбаев!
Көмек сұрап, бағыт-бағдар сұрап келген адамға қит етсе пульт лақтыратын шенділер бізге қаншалықты қажет? Билікте жүрген басшылар халықты менсінбеулерін, көзге ілмеулерін қашан қояды? Оларды сайлап отырған мына біз бе? Сенімдісіз бе? Мемлекеттік қызметкерлердің әдеп нормасына байланысты заңдық өзгертулер қашан күшіне енбек? Қашанғы көз жұма қараймыз? Қашанғы кешіреміз? Енді бір жерге қабылдауға барсаңыз, ұялыңыздағы диктофонды алдын-ала қосып қойыңыз. Сақтанғанды сақтайды дейді ғой. Шпекбаевтың өзі Дариға Назарбаеваға «диктофон бар, камера бар, жазып алсын, заң бұзушылық болғанын дәлелдесін, оған тыйым салынбаған» деп ағынан жарылғаны әлі есте. Жалпы, сол күні Алик мырза көп нәрсені айтты... Іске сәт дейік!
Көшіріп басу үшін редакция рұқсатын алу қажет!
Қамшыгер: Жазира Байдалы
Пікір қалдыру