Мылжың әңгіме (sorry!)
Менің мектеппен қош айтысқаныма келер жылы бақандай 10 жыл болады екен. Сүйкімділігімді білмедім, бірақ Төреғали ән арнап жүрген біртүрлі қыз мен екенімді 100% білемін. Себебі қыз-жігіттер білім ордасын қимай, көз жастарын ақырын сүртіп тұрғанда мен бұл сәт қашан аяқталар деп армандап тұрдым. Мектеп бітіру кешіне көйлек іздеп, сары уайымға салынбадым. Алматыдағы әпкемнің қоңыр көйлегі шақ келді, соны місе тұттым. Бір көйлекке сонша ақша жұмсап не қыламын деп ойладым. Сыныптастарыммен қыдырмадым да. Тіпті бітірушілер альбомын да сатып алмадым. Фотоальбомдарды жинап алып, шаң басқызып қоямыз. Сағынбайтыныма сенімді болғандықтан альбомға шығындалуды ақымақ көрдім. Қысқасы, ата-анама артық салмақ түспеді. Олар «уф» десті, мен «чао» дедім мектепке.
Facebook-тегі әңгіме
Кеше фейсбукте бір жазбаны көзім шалып, төбе шашым тік тұрды. Бір қыз «Көйлекке 150 000 беріңдер не еркекпен жатамын» деп шошытыпты-мыс. Сондағы көксегені - мектеп бітіру кешінің көйлегі. Сенбейін десем, неше түрлі тәлпіш қыз көп. Сенейін десем, бұл тәлпіштік емес, барып тұрған топастық пен тексіздік-азғындықтың өзі. Бесіктен белі шықпаған қыздарды мұндай арсыздыққа қиғым келмейді. «Мынау әдейі ойдан ойластырылған оқиға, өмірде болуы мүмкін емес» деп пікір айтып жатқандармен бірге күйіп-жанып, терлеп-тепшіп биыл мектеп бітіретін бірнеше бойжеткенмен байланысқа түстім.
Әйгерімнің әңгімесі
Есімі Әйгерім. ОҚО, Жетісай қаласының тұрғыны. Оқушы қыз қазір мемлекеттік емтиханға дайындалып жүргендігін айтты. «Көйлекті әлі іздемедім, бірақ табан тоздырып іздеймін, қымбат, жаңа көйлек сатып алып беруге ата-анамның жағдайы жетпейді. Сол себепті жалға алмақшымын. 5000-10000 теңгеге шығатын шығар. Макияж да, шаш әрлеу де біздің жақта арзандау. Жалпы, кеш маусымның ортасында болмақ. Сол күні қыдырмаймыз, улап-шуламаймыз. Себебі құзырлы органдар сол күндері арнайы рейд ұйымдастырады. Қыдырысқа тыйым салынған. Ал, мұғалімдерге арнап дастархан жаятынымыз шындық. Бұл мәселе қанша рет көтерілгенімен, түбінде бәрібір тыныш қана бұрыш-бұрышта ақша жиналып жатыр. Біз де береміз, емтихан тапсырып болғаннан кейін ұстаздар қауымын қонақ қыламыз. Бір нәрсе айта кетейін, бізде кішігірім қалашық болғандықтан ешкім мектеп бітіру кешін әсерілемейді. Сыныптағы қыздардың жағдайы менікіндей. Арасынан бір-екеуі шашылып, жаңа көйлек алуы мүмкін. Оның өзі 15000-20000 теңгеден аспайды» деді Әйгерім.
Әйгерім көйлек пен аяқ-киімнің қатар жүретінін ұмыт қалдырған секілді. Алайда туфли жайлы тіс жармаған қызға мен риза болдым. Ендеше, Әйгерімнің шығынын есептеп шығайық:
Көйлек 5000-10000 тг.
Макияж пе шаш әрлеу 5000 тг.
Мұғалімдердің дастарханы 3000-4000 тг.
Аяқ-киім ?
Жалпы сома: 13000-18000 тг.
Алтынайдың әңгімесі
Алтынай. Алматылық. Мектеп бітіру кешіне сақадай сай. Сөйтсем, қызымыздың көйлегі дайын екен. ҚазҰУ-дың журналистикасына оқуға түсуді армандайтын оған отандық бір әнші өзінің қымбат көйлегін сыйлапты. Болашақ журналистің сұхбат алу мәнеріне. талпынысына риза болған әншінің сыйға тартқан көйлегі Құралай Нұрқаділованың дизайнерлік жұмысы болып шықты. Бағасы 350 000 теңге. Дарынды қыз, бірақ халықтың басым бөлігі сияқты әлеуметтік жағдайы жағдайы орташа қыз мектеп бітіру кешіне қанша ақша жұмсамақ екендігін есептеп шығайық.
Көйлек 0 тг.
Аяқ-киім 10 000 тг.
Макияж 10 000 тг.
Шаш әрлеу 10 000 тг.
Тырнақ жасату 4 000 тг.
Кафеде отыру 8 000 тг.
Мектепке сыйлық 20 000 тг.
Жалпы сома: 62000 тг.
62000 теңге жұмсайтын Алтынайдың ата-анасы жеңіл құтылған сияқты. Мұндай цифраны көрген оқырман несі жеңіл деп таңдай қағуы мүмкін. Алайда олар кешкі көйлек сататын дүңгіршектерді аралап шықса, бірден түсінеді. Алматыдай шаһарда көйлектердің бағасы күйіп тұр. Жоқ дегенде 35000 тг. Әрі қарай цифрлар өсе береді, өзгере береді. Көп нәрсе, әрине, талғам мен қанағатқа байланысты. Тегін көйлекке ие болған Алтынайдың өзінің де, әке-шешесінің де жүйкесі жұқармайтын болды. Алтынайдың айтуынша, оның сыныптас қыздарының бәрі қарапайым киінеді. Олар ерекше кешке боянып-сыланбақ екен, дегенмен ата-аналарына еркелеп, көйлек үшін жылап, қомақты қаражат талап ету ойларында да жоқ.
Мектепке сыйлық жасау дегенді қайдан шығардыңдар, ондай дүниелерге тыйым салынбады емес пе деген сұраққа түлек ащынып жауап берді. «Мектеп басшылығы кетер кездеріңде мектепке естелік ретінде перде алып беріңдер деп айтқан болатын». 30 оқушыдан 20000 теңгеден жинап олар қандай перде алмақшы деп таңданған маған Алтынай ашығын айтты. Белгілі бір сомаға перде сатып алып, қалған ақшаны конвертке салып әр мұғалімге сыйлайды екен жоспар (талап) бойынша.
Жамал апайдың әңгімесі
Екі қыздың да қысқа әңгімесі әсерлі болып шықты. 5-6 сұраққа берілген жауаптарда қордаланған мәселелер жатыр. Жамал апай сияқты ескі жараның аузын тырнап, қайтадан қозғағым келіп отырған жоқ. Бүгінгі мәселе тек көйлектің жайы болып қалсын. Қан қысымы жоғарылап не төмендеп кеткен оқырман болса, өз-өзіне келсін, ашуланбасын, ашынбасын. Себебі Әйгерім мен Алтынайдың жауаптарын ести отырып оларға еріксіз сүйсіндім. Қазақы тәрбие сезіліп-ақ тұр. Тоқетерін айтатын болсам, «Көйлекке 150 000 теңге бер немесе еркекпен жатамын» деген әңгіме қып-қызыл өтірік. Қазақтың қыздары ғажап. Өмір ғажап.
«Қыздарский» әңгіме
Ал, егер арамызда мектеп бітіру кешінде ерекшеленбейтін болдым, керемет көйлек ала алмадым деп үн-жұрғасын түсіріп отырған қыздар болса, әпке ретінде айтарым мынау:-Қыздар, сендер той көйлегін ойлаңдар. Оның кереметі бағасында емес, аппақтығында болмақ...
Мылжың әңгіме (sorry!) -2
2018 жылы сыныптастарым 10 жылдыққа кел деп шулап жатыр. Олардың түрлерін көрмегелі де 10 жыл болыпты. Кімнің қай партада отырғаны, аттарымен қоса әкелерінің тегін қоса білетін мен «барсам ба» деп қоямын. Күйеуім болса мұныма күледі. 9 жылдан кейін мектеп туралы ойлана бастағаның біртүрлі екен «Қостанайға төркіндетіп барған сайын мектебіне неге соқпайсың?» деп. Оны өзім де білмеймін. Барлық себеп сағынышта шығар. Сағынып барып көріскенді ұнататын болуым керек. Жалпы, басқосуға бармауым да ғажап емес. Күйеуің рұқсат етпесе, Қостанай түгіл көрші үйге бара алмайтының анық. Мақаланы оқып отырған ол ойланар деймін іштей. Өмір ғажап. Күйеуім ғажап.
Қамшыгер: Жазира Байдалы