Іздеу бюросынан анасын іздеген жетімнің оқиғасы жүректерді елжіретті

/uploads/thumbnail/20170710100521356_small.jpg

-Алло, бұл іздеу бюросы ма? Телефонның ар жағынан кішкентай баланың даусы естілді.

-Иә, балақай. Бірнәрсе жоғалттың ба?

-Мен анамды жоғалттым. Ол сіздерде емес пе?

-Анаңның қандай екенін айтшы, қәне?

-Ол – өте сұлу, мейірімді. Сосын ол мысықтарды жақсы көреді.

-Саған жақсы жаңалығымыз бар. Кеше бір ананы тапқанбыз, сенің айтқандарыңмен сәйкес келеді. Сен қайдан хабарласып тұрсың?

-№3 жетімдер үйінен.

-Жақсы, жақында саған анаңды жібереміз. Күт.

Міне, бөлмеге ең сұлу, мейірімді, қолына мысық ұстаған әйел кіріп келді.

-Ана! – қуаныштан айқайға салған бала әйелге қарай жүгірді. Оны құшақтағаны соншалық, ешқашан жіберместей көрінді. – Анашым менің!

Артем өзінің даусынан өзі шошып оянды. Мұндай түстерді соңғы кездері жиі көретін болды. Қолын жастығының астына салып, қыздың суретін алып шықты. Суретті аулада ойнап жүргенде тауып алған екен. Сөйтіп, оны көзінің қарашығындай сақтап келеді, себебі суреттегі әлгі қыздың анасы екеніне сенімді болды. Әр түні суретке қарап жатып, ұйықтап жүрді.

Таң ата жетімдер үйінің меңгерушісі Ангелина Иванқызы әдеттегідей бөлмелерді аралап, әр баланы сүйіп шықты. Артемнің жанына жақындай бергенде төсегінің астынан қыздың суретін байқап қалады. Суретті көтеріп, Артемнан кім екенін сұрайды.

-Артем, мына сурет сенде қайдан жүр?

-Көшеден тауып алдым.

-Бұл кім?

-Менің анам. Ол әдемі, мейірімді және мысықтарды жақсы көреді, - деп жымиды балақай.

Меңгеруші ойға батып кетті, себебі суреттегі қыздың кім екенін жақсы білді. Ол ерікті достарымен жетімдер үйіне келіп тұратын, суретін сол кезде түсіріп алған болу керек. Қыздың бала асырап алғысы келген ниеті де жоқ емес еді, сол үшін көп күш жұмсады. Алайда тұрмыста болмағандықтан бұл мүмкін емес еді.

-Бұл сенің анаң болса, онда істі өзгертеміз, - деді Ангелина Ивановна.

Бірнеше күннен соң меңгерушінің бөлмесіне суреттегі қыз кірді де, құжатқа толы папкасын үстел үстіне қойды.

-Міне, бәрін жинап біттім, - деді.

-Жақсы, Алина. Сізге қоятын бірнеше сұрағым бар. Үрдіс сондай. Сіз өте үлкен жауапкершілікке барып тұрғаныңызды білесіз бе? Баланы өмір бойына алып тұрсыз...

-Бәрін түсінемін. Білесіз бе? Бір адамға керек екенімді біліп тұрып бірге емес екенімізді ойласам, жаным жай таппайды.

-Жақсы, балаларды қарап шыққыңыз келмейді ме?

-Жоқ, қарамаймын, Ангелина Иванқызы. Сіз әкелген алғашқы баланы аламын, - деді Алина.

Мұндай жауапты күтпеген Ангелина қызға көзін алмастан қарап қалды.

-Бәрі нағыз аналардың басынан өткергендей болғанын қалаймын. Аналар баласын таңдамайды ғой. Мен нағыз ана болғым келеді, - деді қобалжып отырған Алина.

-Дәл осындай асырап алушылықты бірінші рет көруім. Сіздің кімге ана болатыныңызды мен білемін. Оның есімі Артем, жасы 5-те, туған анасы перзентханалар үйінде-ақ баласынан бас тартқан. Дайын болсаңыз, қазір әкелейін, - деді меңгеруші.

-Дайынмын, маған ұлымды көрсетіңіз.

Бөлмеден шығып кеткен меңгеруші біраз уақыттан соң баламен келді.

-Артем, танысып қой, бұл...

-Ана! - деп айқай салды Артем. – Анашым!!!

 Алинаны құшағына басқан баланың қуанышында шек жоқ.

-Балам, балам менің... Мен енді сенің жаныңдамын...

Сөйтіп құжаттарын дайындап болып, Алина Артемді алып кетпек болады. Баланың жүзі бал-бұл жайнаған, тіпті анасының қолын бір сәтке де жібермейді. Бәр дайын болған соң бала меңгерушімен қоштасып, жетімдер үйінен шығып кетеді.

Үйіне қайтып бара жатқан бала анасына маңызды сұрағын қояды:

-Ана, сен мысықтарды жақсы көресің бе?

-Қатты жақсы көремін. Менің екі мысығым бар, - деп жымиды Алина ұлының кішкентай ғана алақанын қысып.

Жауапқа риза болған Артем қадамдарын нық басып, көңілді жүзбен анасының артынан еріп келеді. 

Дайындаған: Гүлім Жақан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар