Алматы қаласында Қазақ-қытай мәдени байланысы мен «2017 Қазақстандағы қытай кино фестивалі» аясында Шыңжаң кино апталығының тұсаукесері өтті деп хабарлайды Қамшы тілшісі.
Кино апталығын тұсау кесеріне Қытай орталық телевизиясы басшысы Ни Чэньси, Алматыдағы Қытай консулдығының басшысы Жаң Вэй, «Қазақфильм» киностудиясының сарапшылар кеңесінің төрағасы Бекболат Шекеров, Алматы мәслихатының хатшысы Қалдыбай Қазанбаев және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген қонақтар екі елдің мәдени байланысы жанданып келе жатқанына ерекше тоқталды.

Ашылу салтанатына келген қонақтарға Арыслан Абдукеримнің «Ақшаның әлегі» фильмі қойылды.
Кино апталық ҚХР Баспасөз, баспа, радио, кино және телевизия ісі жөніндегі мемлекеттік басқармасы, Қазақстандағы ҚХР Елшілігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 10 -25 маусым күндері өтеді
«Шыңжаң кино апталығы «2017 Қазақстандағы қытай кино фестивалі» аясында өтетін мәдени шараларының бірі ретінде Қытай және Қазақстан тарапынан жан-жақты қолдау тауып, Қазақстан мен ҚХР Шыңжаң кино саласындағы тәжірибе алмасу мен мәдени ынтымақтастығының алаңына айналды. Сонымен қатар, мұның Қазақстан көрермендерінің Қытайды, тіпті Шыңжаң кино өнерін жақынырақ тануына айтарлықтай жәрдемі болмақ.
Екі аптаға жалғасатын «Шыңжаң кино апталығы» шеңберінде Алматы қаласының «Кинопарк», «Арман» тәрізді 5 кинотеатрында әр алуан тақырыптағы және қою ұлттық ерекшелікке ие кино туындылар көрсетілетін болады.
«Шыңжаң кино апталығы» аясында оқиғалары шынайы өмірден алынып, шексіз махаббатты жырлайтын «Шынайы махаббат» фильмі, ақындықты асқақ мұрат тұтқан қазақ қызының айтыс өнерін өрге сүйрер сұлу жан-дүниесі суреттелген «Гүлбике» фильмі, Шыңжаң жасөспірімдерінің жастық рухын жігерлендіруге бағытталған «Арман асуы» фильмі, және ақша, адами қасиет, отбасы, махаббат және достық тақырыбындағы «Ақшаның әлегі» атты комедиялық фильм секілді тың туындылар көрермендер назарына ұсынылады.