Танымал ақын кітап жазған Баян Мақсатқызының әрекетін «барып тұрған қылмысқа» теңеді

/uploads/thumbnail/20170710121938765_small.jpg

Танымал продюсер Баян Есентаева өзінің алғашқы кітабын жарыққа шығаруға дайындалып жатқаны қазақ жұртшылығына мәлім. Ол тырнақалды туындысында бұрынғы күйеуімен отасқан 22 жылда басынан өткергенін жайып салмақшы. Алайда аяқ астынан қолына қалам алған Мақсатқызына ақын-жазушылардың айтары бар, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі.

 «Еуразия» арнасына берген сұхбатында жазушы Аманхан Әлімұлы опасыздықты елге жария еткен Есентаеваны сынап тастады. «Қалтасында қаржысы барлар кітап жаза бастады. Ал шын мәніндегі ақын-жазушылар екінші планға ысырылды. Мысалы, мен біреуден көрген опасыздығымды, жамандығымды, болмаса махаббаттан жолым болмағандығын, сәтсіздікке ұрынғанымды көз жасымды көлдетіп жазып, соны жамандап, жаман етіп көрсетіп жазсам, ол ешқандай моральға сыймайды», – дейді «Ақиқат» журналының бас редакторы, жазушы Аманхан Әлімұлы.

Ал танымал ақын Мырзан Кенжебай кітап шығарған Мақсатқызының әрекетіне «барып тұрған қылмыс» деп баға берді. «Баян Есентаеваның кітабынан менің ұлдарым, менің қыздарым қандай өнеге алады? Баян Есентаева адам баласына үлгі көрсететін адам ба? Моральдық жағынан оның құқы жоқ. Басынан өткенін жазып, оны көп данамен шығарып, оны жұртқа насихаттау деген барып тұрған қылмыс», – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Баян Мақсатқызы блогерге берген сұхбатында өзін жазушы ретінде санамайтынын, мақсаты - автобиографиялық кітап шығару екенін айтқан болатын. Оның үстіне, кітап продюсердің өміріне қызығушылық танытып, білгісі келетін жандарға арналған екенін де айтып өтті.

Шолушы: Гүлім Жақан

Қатысты Мақалалар