Ақтөбеде дерті асқынған 2 әйелге бауыр алмастыру отасы жасалды. Бұл туралы Қамшы ақпараттық агенттігі Хабар арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Санаулы күндері қалған сырқаттарға туыстары донор болған. Ақтөбелік дәрігерлерге көмекке Оңтүстік Кореядан білікті дәрігер келіп, отаның бас-қасында жүрді. Профессор Кванг Вонг Ли бұған дейін де бірнеше рет келіп, жергілікті дәрігерлерге шеберлік сағаттарын өткізген еді. Күрделі ота сәтті аяқталып, науқастар қажетті ем-домын алып жатыр.
Жалпы соңғы 2 жылда облыста 29 бүйрек, 9 бауыр алмастыру отасы жасалды. Оның ішінде 6 науқасқа қайтыс болған адамдардың органдары салынған. Ерлан Сұлтангереев, облыстың бас хирургі: - Құрал-жабдықтар алып, биохимиялық зертхана ашамыз деп жатырмыз. Ақтөбе облыстық ауруханасында 200-ден астам анализ алатын боламыз. Қан орталығында НТ типтік деген зертхана ашуды жоспарлап жатырмыз, мына, трансплантологияда науқастардың бір-біріне сәйкестігін анықтауға зертхана болса, біздің Ақтөбе қаласында, уақыт үнемдеуге жақсы, өйткені асқыну болмайды деп ойлаймыз-деді.
Шолушы: Назерке МҰСА