Тұрсынхан Зәкенұлы. Қазақ ұлты, Қазақ хандығы және "қазақ" этнонимі

/uploads/thumbnail/20170708155315519_small.jpg

Қазақ мемлекеттілігі туралы сөз болғанда, әңгіме ауаны ылғида халқымыздың ұлт болып қалыптасуы мен Қазақ хандығының құрылуы және «қазақ» этнонимінің пайда болуы делінетін үш үлкен тақырыпқа аунай беретіні бар. Оның үстіне, біраз тарихшылардың осы үш бірдей проблеманы бір ғана XV ғасырдың орта шенімен, атап айтқанда, 1465 жылмен кесіп-пішіп  қоятынын қайтерсіз. Былай қарағанда, дәл осы тұста аталған үш мәселе бірдей шешімін тапқан секілді. Бұл арада басын ашып алатын бір мәселе - XV ғасырдың орта кезі Қазақ мемлекетінің қалыптасу үдерісінің аяқталған және «Қазақ хандығы» деген атпен құрылған жаңа мемлекет тарихының басталған кезі. Сонымен бір уақытта, байырғы Қазақ даласын ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан түркі-оғыз текті ұлыстар негізінде қалыптасқан ортақ тіл, ортақ дәстүр, ортақ территория, ортақ менталитеттегі байырғы супер этностың қайтадан «қазақ» деген жаңа атпен тарих сахнасына шыққан кезі. Яғни, бұрыннан әр түрлі аталып келген (сақ, ғұн, үйсін, түрік, оғыз, түркеш, қыпшақ, т.б.) этнос жаңа этнонимге ие болды. Жаңадан пайда болған «қазақ» этнониміне байланысты, олардың мемлекеті «Қазақ хандығы» деп аталды. Бар болғаны осы. Ұлт та, мемлекет те ешқайдан келген жоқ, немесе, аяқ астынан пайда бола қалған жоқ, тек жаңа атауға және жаңа статусқа ие болды. Демек, XV ғасырдың 60-жылдарында-ақ, Қазақ хандығы ұлттық құрамы, аумақтық тұтастығы, мемлекеттік басқару жүйесі, сондай-ақ ішкі-сыртқы саясаты жағынан қалыптасқан мемлекет ретінде өмір сүріп тұрды. Әрине, оған қазіргі таңдағы халықаралық қатынастар жүйесіндегі «мемлекет» өлшемімен қарауға келмейтін. Оның үстіне, «мемлекет» деген ұғымның өзі тарихи мәнге ие. Оған ұдайы даму, кемелдену негізіндегі тарихи үдеріс ретінде қарау керек. Өйткені, Қазақ хандығы құрылған XV ғасырда дүниежүзіндегі барлық елдер (мемлекеттер) біздің бүгінгі ұғымымыздағы мемлекеттік өлшемге жауап бере алмайтын. Демек, Қазақ хандығы алғаш құрылған күннен бастап, сол кездегі Еуропа мен Азияның кез-келген елімен тең тұра алатын. Мұндағы ең басты себеп, бұған дейін де Қазақ жеріндегі мемлекеттілік дәстүрдің тамыры тым тереңде жатқандығы еді. Қазақ даласы Орта Азияны айнала жатқан ежелгі өркениетті әлеммен ежелден қоян-қолтық байланыста дамыған аймақ. Ежелгі «Жібек жолының» күре тамырында отырып, ол айналадағы өркениеттер мен мемлекеттілік дәстүрден құр алақан қалды дегенге кім сенеді? Бір ғана ерте заман кезеңін қарастырсақ, қазақ халқының этникалық тегі мен мемлекеттілігінің екі үлкен негізі болды: ол ортаазиялық және солтүстіказиялық негіз, яғни, ежелгі сақ және ғұндық негіз. Қазақ халқының этногенезі мен ұлт болып қалыптасуына ұйытқы болған географиялық мәндегі ортаазиялық және солтүстік азиялық негізге Солтүсік Қытайдағы Орталық Хуанхэ бассейні, Монғол үстіртінен бастап Каспи теңізіне, Сыр бойына дейінгі ұланғайыр дала жатады. Ал этникалық негізге осы далада өмір сүрген көне ғұндар мен сақтар кіреді. Тарихи деректер көне ғұндар мен сақтардың тегі бір екенін және олардың бір кезеңде өз алдына жеке дара мемлекет ретінде өмір сүргенін көрсетеді.

Автордың Facebook жеке парақшасынан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар