Ә.Найманбаевтың «Салиха-Сәмен» дастанындағы ғашықтық хикаясы

/uploads/thumbnail/20170710161833975_small.jpg

 Ғашықтық – тек қана тәтті сезімдер мен рахат ғұмыр емес. Ғашықтық – ол жүрек жартысы үшін, сүйген жан үшін болатын күрес. Өмірде бір-бірін шексіз сүйе тұра қосыла алмаған ғашықтар қаншама?! Осындай мұңлы, трагедиялық жайттар аңыздарда да, ғашықтық поэмаларында да көптеп кездесіп жатады. Сезім жолындағы ұлы күрескерлікті суреттейтін сондай туындылардың бірі – Әсет Найманбаевтың «Салиха – Сәмен» дастаны.

Салиха – шексіз сұлулықтың иесі әрі ханның қызы. Самен – сол елдің атағы шыққан батыры. Екеуінің арасында кіршіксіз сезім бола тұра, қосылулары неғайбыл еді. Себебі, «хан сезіп, халық білсе мұндай сырды, ажалдан қыз бен жігіт қалмайды аман». Сонда да қос ғашық «өліспей беріспеуге» уағдаласады. Олардың сезім жолындағы күрескерлік жолдары басталып кетеді. «Бөрі етектен, жау жағадан алса да небір іске шыдаймыз» деп уәделескен ғашықтардың көзсіз батырлықтары Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы Сұлушаш пен Алтайдың ерліктеріне ұқсайды. Онда да Алтай кесек тұлғалы, зор денелі батыр еді.

Сәмен тау мен тасты аралап жүріп, астында шатқал өзен жатқанына қарамай, заңғар биік жартасты мекен етеді. Салиха ерінің соңынан еріп, ештеңеден қорықпай Жая тасында өмір сүруге бел байлайды. Ру аралық қақтығыстардың кесірінен қосыла алмаған қос ғашық Еңлік пен Кебек те тау-тасты аралап жүріп, жау қолына түсіп қаза болған еді. Десе де, екеуі де соңына дейін күресіп, асқан батылдықтың үлгісін көрсетті.

Хан жасағы соңдарына түскен соң, Сәмен батыр қаруланып, бір күн, бір түн бойы соғысады. Сәлиха от болып жанып, ғашығының тілеуін тілеп қалады. Жау болса, Сәменнің дем алуына мұрша бермей, тұс-тұстан атқылайды. Өлдіге саналып, жапанда жалғыз қалған Сәменді Сайын бурыл тауып алады. Батырдың сенімді тұлпарының болуы сонай замандағы батырлар жырында да, кейінгі ғашықтар жырында да кездесетін сюжет. Сөйтіп тасада күн кешкен батыр ақыры трагедиялық жағдайға душар болады.

Өзіміз атаған ғашықтық дастандардағы мотив Әсеттің осы поэмасында да кездеседі. Ғашықтық құдіретін суреттейтін туындыда ұқсастық көп болғанымен, Сәмен бойынан ешкімде кездеспейтін ерен батырлық көрініс табады. Сансыз дұшпанымен көзсіз ерлік таныта отырып соғысқа түскен батыр бейнесі осы шығармада кеңінен ашылған.

Арайлым Мелдешова

 

Қатысты Мақалалар