Мен бала кезімнен жазушы болуды армандайтын едім. Және неге екені белгісіз, жазушы болатыныма қатты сенетінмін. Оның бірден-бір себебі: мен 1-ші кластан бастап «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Арқалық батыр» деген ертегі-жырларды бір естігеннен жаттап алып, құрдас-құрбыларыма айтып отыратынмын. Сондықтан ғой деп ойлаймын, мен орта мектепті бітіре салып, филология факультетіне түстім.
Бірақ филологияның қазақ бөлімі емес, орыс бөліміне түстім. Оның да бірден-бір себебі – қазақ бөліміне түсетін студенттер өте көп болады екен. Менің алғаш қызметімді бастаған жерім – «Қазақ әдебиеті» газеті. Содан кейін елге кетіп қалдым. Мұғалім болып, екі жылдан кейін қайтып келдім. Бұл жолы «Социалистік Қазақстан» газетінде істедім. Содан кейін тағы да елге кетіп қалдым. Менің бұл ерлігім деп ойлаймын. Менің құрдастарым да, менен 10, 20 жыл кейін бітірген жігіттер де бірден әдеби қызметкер болып орналасып, содан шыға алмай қалды. Қанша мықты талантты болса да, олар өмірмен байланысы болмағандықтан бірте-бірте таланттарынан айырыла бастады. Жазушыға не керек, ең алдымен ғажап өмірбаян керек. Екіншіден, өзін-өзі тәрбиелей білуі керек. Содан кейін өте көп оқу керек. Менің екі кабинетке бөліп қойған кітаптарым бар, әрқайсысында 500-ден. Солардың бәрін мен оқып шыққамын. Еуропа әдебиеті, Америка әдебиеті, Африка әдебиеті, Азия әдебиеті. Азия дегенде оның ішінде Қытай, Индонезия, Жапония, Индия, Қиыр Шығыс және Түркия, Иран сияқты жақын елдердің әдебиеттерін мақтанды деп ойлама, бес саусағымдай білемін. Әдебиетке бізден кейін келген жастардың ең үлкен кемшілігі – өзінен басқа ешкімді оқымайды. Білім жоқ, талант бар. Сондықтан өзін-өзі қайталайды, бір жазған өлеңін он жазады, сондықтан оны оқырман керек қылмайды. Әдебиет тек қана өзінің жаңалығымен ғана қызық болуы керек. Бұрын ешкім айтпаған ойды айту керек жазушы. Әлемде 33 қана сюжет бар. Сол сюжеттерді өз өмірбаянымен ұштастыра білсе ғана ұтады.
"Қазақ әдебиеті" газеті