9 шілдеде Қазақстаннан Қырғызстанға жолға шыққан «Мемориал» құқыққорғау орталығының басшысы Виталий Пономаревты кешкі 18:30-да елге кіргізбей қойған, деп жазады Қамшы ақпарат агенттігі. Бұл туралы Пономарев Қырғызстандағы «Азаттыққа» өзі хабарлаған.
«Қырғызстанға кірердің алдында төлқұжат бақылауына келгенімде, шекара күзетшілері құжатымды тартып алды. Бірер минуттан соң құжатымды қайтарып, елге кіре алмайтыным жөнінде акт табыстады. Актіде көрсетілгендей, «Мемлекет шекарасы» Заңнамасының 43-бабы мен «Ішкі миграция» Заңнамасының 7-бабына сәйкес маған Қырғызстанға кіруге тыйым салынған. Болды. Мұндай шешімді қай орган қабылдады, қай уақытқа дейін жарамды – бұл жайында ақпарат көрсетілмеген».
Виталий Пономаревтың айтуынша, 29 маусымда ол Мәскеуден Қырғызстанға «экстремизммен күрес» форумына қатысу үшін барған. Форум 1 шілде мен 3 шілде аралығында өтті. 4 шілде күні Астанаға жол тартты. Ұшаққа отырмай тұрып шекарашылар оны 50 минуттай ұстап, кейін жіберген.
Сондай-ақ, Бішкекте Пономаревтың заттары қалып қойған екен. Ол заттарын алып, 10 шілдеде Мәскеуге қайта ұшпақ болған.
«Мемориал» құқыққорғау орталығының басшысын Құрманбек Бакиев Қырғызстан президенті болған кезде де елге кіргізбеген. 2009 жылы «Манас» әуежайында шекарашылар ресейліктің жолын бөгеген.
Шолушы: Гүлім Жақан
Пікір қалдыру