Қарашада бір Ауыл бар, айтары көп.
Қолды болған несібенің қайтары жоқ.
Жалданып өз жеріңде жалшы болсаң,
Жылағаннан «жалшы үйінің» жайдары жоқ.
Жалшының жегеніде жарым ырыс
Айдайтын малы барда, «бағары» жоқ.
Сараң байдан, сары майда бұйырмаса,
Бұйырмастың қазанының қайнары көп.
Ақша үшін бишігі мақтау айтса,
АЛЛА үшін Ақиқатты айтары жоқ
Қарашада «Батыр» бар, сойылы жоқ.
Басынған «Байларының» тойымы жоқ.
«Жағымпаздың» жағына жылан қонар,
«Бишіктердің» берекесіз, жиыны көп.
Сөз түбінен шындыққа шырмау болса,
Ата Заңды бұрмалар, ойыны кеп.
Тура сөзден айныса «төрелері»
Адамзаттан «ар» безер, қайыры жоқ.
Қарашада бір үй бар ау, Есігі көп.
Есігі көп, Төсегі «лаң» бесігі жоқ.
Жел кетпес, етек ашып, шашын жайса,
Жесірі жоқ елінің, Жетімі көп.
Қарашада бір үй бар ау, Тенгесі көп.
Тойлары көп, Ағайынға бергені жоқ.
Шалдары шарап ішіп шалбар шессе,
Желікеннен жерге аунар, жеңгесі көп.
Қарашада бір Ауыл ба ау, жазары көп.
Жылаған қарашаның ажары жоқ.
Сауатты да, Сақалды да, сауда да жүр,
Санасы аз, сауабы жоқ, базары көп.
Талапты дүниемен малға қойса,
Адамның жақсысы аз, азары көп.
Адамда ақша құрлы құн болмаса.
Қу дүниенің періштеден, тажалы көп.
Қарашада бір Ел бар ау, Жерлері көп.
Еркегі бар, жер қорғар «Ерлері» жоқ.
Ел басқарар «ерсымағы» ессіз болса,
Еңіреген Елдіңде керегі жоқ.
Есерсоғы елеріп, теңге терсе,
Телмірген Еліне де берері жоқ.
Қарашаның «ұлдары» бар, «мергені» жоқ.
Еріккен ертелі кеш, ермегі көп.
Топ бастайтын «серкерлері» «Селт» еткенде,
Серкелердің артынан ерері жоқ.
Қалай ғана Қараша қайғырмасын,
Алғанынан «Ұрыға» бергені көп.
..................................................................................
Билік пенен байлықтың берері көп.
«Атақ» , «Мәнсап» басқа көрері жоқ.
Тағың алтын, «Қырық Қатының» болсадағы,
Ақыретте «Амалдан» басқа ерері жоқ.
Жетілмеген Жетімді, «Жебеуші» көп.
Жетімнің көз жасымен «жебесі оқ».
Қарғысы Қарашаның қатты болса,
Жаназаңда «қырық молданың» керегі жоқ.
....................................................................................
Қарашада бір Ел бар ау, Бірлігі жоқ.
Бірлігі жоқ, күнде күйбең, тірлігі көп.
Күндес болып аңдысқан ағайынның,
Еркегі «ез» болады, Ерлігі жоқ.
Алты Алашқа алты күнде ақыл кірсе,
Арыстары атқа қонар тірегі боп.
Ата – Баба Әруағы өзі қолдар,
Бірлігі бар Елінің, Тілегі көп.
Авторы: Кенжебек Жақсылықұлы
Пікір қалдыру