«Назарбай – әлемде 7-ші бай»
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Қытайдағы қазақтар әлі күнге «Назарбай» деп атайды. Қай қазақ айтқанын кім білсін?! Естігеніміз «Назарбай әлемде 7-ші бай» екен. Бұл менің 7-сыныпта жүргенде мақтан ететін әңгімелерімнің біреуі болатын... Көршіміз қазақыланып кеткен ұйғыр еді, соның баласына, тіпті біз тұратын көшеге жаңадан көшіп келген қытайдың баласына да осылай мақтанатынмын. Ата-әжелеріміз қанша жерден «сәбет» десе де, біздер Қазақстан деп атаудан жаңылмаушы едік. Әйтеуір, «Назарбай әлемде 7-ші бай» деген сөз «Қазақстан әлемде 7-ші бай» дегенмен пара-пар болатын. Кішкене болсақ та, титтей кикілжің болса, «ей, Назарбай әлемде 7-ші бай, ей» деп кеуде бермейтінбіз...
«Бізді жерімізбен сұрапты»
«Назарбай бізді жерімізбен сұрапты. Жаң зымин: «алсаң қазақты көшіріп алып кет. Бірақ жер қалады» деген екен. Сонымен ары айтып, бері айтып, амал жоқ, көндіре алмай кетіпті». Екі қазақтың басы қосыла қалса айтатындары осы әңгіме еді сол кезде.
Қарт отыратын: «ата-бабамыздың басы жатқан жер ғой, жерімізбен берсе болатын еді» деп.
Жас отыратын: «әй, бере қоймайды-ау, өзімізді ауылымызбен көшіріп алып кетcе де шүкір, жер көп қой ол жақта...»
Апа отыратын: «жалғыз сіңілім қалып еді...» деп орамалының ұшымен көзін сүртіп.
«Мейрамбек жетім екен»
Қытайдағы бүкіл қазақтың бір уайымы осы болатын. «Байғұс бала-ай! Әкесі де, шешесі де жоқ екен... «Бозторғайды» зарлатқанын қарашы! Іші шерлі ғой » деп кәдімгідей жүректері езіліп отыратын үлкендердің. «Бүкіл Қазақстаннан «Бозторғайды» сахнада шырқауға батылы жеткен жан болмапты. Сонда осы Мейрамбек «айтам» депті. Жетім ғой, сорлы, қайтсін енді?!» Әңгіме желісі осылай жалғаса беретін. Әйтеуір еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін Мейрамбектің тілектесі еді. Тіпті «Мейрамбек өліп қапты» деген сөз жиі тарайтын елге. Сөйтсек, елдің «осы бала аман болса екен, жазым болып қалмаса екен» деген арман-тілегін білетін қулар «қызық болсын, ел-жұрттың қайғырғанын көрейін» дейтін болса керек. Сол жел сөздің өзіне ортайғанын айтсаң олардың. Бір Құдай біледі?!
«Өлеңіңді еліңе барғанда оқы!»
8-сынып. Әдебиет пәні болып жатқан...
Жас қыранға арманын балап ұшқан,
Атқандай көрінеді таң алыстан...
Арайланған таң болып көрінесің,
Мына маған, уа, елім Қазақстан!
Дауысым шіңкілдеп болса да екпінді шығып жатқандай көрінген. Әдебиет пәнінің мұғалімі «Бұл өлеңіңді еліңе барғанда оқы!» деді шорт кесіп. Ұстаздың сөзі заң бізде. Тоқтата қойдым. Үзіліске шыққанымда «өлеңің жақсы, бірақ бұл жерде емес, еліңде оқи ғой» деген таныс дауыс тағы естілді...
«Қазақстанға баратындар қара костюм киеді»
8-сынып. Бізден жоғары оқитын екі жігіт Қазақстанға кететін болды. Бұл әңгімені бүкіл мектеп, тіпті бүкіл қалашық біледі. Бір күні екеуі шыттай болып қара костюм киіп келді. Біз ойладық: «Қазақстанға баратындар қара костюм киеді екен» деп. Белгілі ғой, бір үйдің кенжесіміз. Қолқа салдым шешеме: «маған қара костюм керек». «Оны қайтейін деп едің, мектеп киімің бар ғой». «Жай... өзім кигім келеді». Алып тындым. Қара костюм де иыққа ілінді. Бірақ Қазақстанға кету туралы хабардың ныспысы жоқ. Мақсат – «ел де мені Қазақстанға кетеді» десін деу. Мақсат орындалды.
«Ішкі өлкеден оқисың»
Қытайдағы қазақтар Қытайдың Шыңжаңнан басқа бөлігін көбінесе «ішкі өлке» деп атайды. Мен сегізінші сынып оқыған жылы Аз ұлттар өкілінен жақсы оқығандарды мемлекет «ішкі өлкеден» тегін оқытатын заң шықты. Туыс-туғандар менің «ішкі өлкеге» кететініме күмәнданған жоқ. Бірақ «Сенің ойың дарбызда, менің ойым сары қызда»-ның өзі болды.
Емтиханға екі күн қалғанда дайындалған болдым. Түпкі ойым – емтиханнан өтпеу. Кету...
«Әл-Фарабиде оқимын, 28-ші бақшада қыдырамыз»
9-сынып. Қыздарға хат жазу басталды. «Құрметті пәленше, осы күнге дейін ешкімге ғашық болып көрмеппін және бұдан кейін де ешкімге ғашық болмаймын, тек сен ғанасың... Бірақ мен көп ұзамай Қазақстанға кетем. Онда ең мықты университет әл-Фарабиде оқимын... сен де сөзсіз келетін боласың. Екеуміз 28-ші бақшада қыдыратын боламыз».
«Әл-Фараби» мен «28-бақша» бізден бұрын Алматыны көрген ағаларымыздан естігенім еді...
Мен қыдырдым. Ол әлі қыдыра алған жоқ...
«Денем – Қытайда, басым – Алматыда»
Ол Қазақстаннан келді. Бір жыл бұрын кеткен. Бір көруге асықпыз. Қыз деп қалмаңыз – жігіт. Ақыры, суретін көрдік. Танкке мініпті. Ұққанымыз: «әл-Фарабиде танкке мініп, әскер боласың». Ауруым асқына бастады. Тезірек кету керек. Сабақ қалды жайына. Көреген ғой ұстаздар. Еститінім: «не болды саған, өстіп жүріп құрисың! Қазақстанға кетсең кететін шығарсың, ол жерде де оқу керек». Дұрыс қой. Бірақ олар қайдан білсін, денем – Қытайда, басым Алматыда жүргенін...
«Төрт ана үшін болған күрес...»
Алғаш қолыма түскен Қазақстанның кітабы – Мұхтар Шахановтікі.
«Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы». Менің ендігі ұраным осы болды. «Алты ай бойы Отырарды ала алмау,
Алты ай бойы Отырардың осал тұсын таба алмау».
Айғайды салатынмын кеп... Шыңғысханды жек көргенім-ай сол кездегі. Өзім білем.
«Көресіңдер, Динара Қырықбайды алам»
Қазақстанның концерттері жиі көрсетіле бастады. Бір концертте Динара Қырықбай есімді өрімдей қыз ән салды. Жасы менімен шамалас болса керек. Жанымдағылар қағытып отыр. «Сен Қазақстанға баратын едің ғой, Динараға сөз салатын шығарсың»...
«Сөз салған былай тұрсын, көресіңдер, Динара Қырықбайды алам» дейтінмін.
Қазір қайда жүр екен, ә, Динара!
«Назарбай шақырды баламды!»
Менің кететінім анық болғалы ауыл ішінде әңгіме гулей бастады... «Жалғыз шешесін тастап қайда барады екен. Жүрмей ме осында. Не жетпей жатыр?!». Тіпті шешеме келіп ақыл айтатындарда табылды. «Мұнда да жаман оқымайды ғой, оны жіберіп қайтесің сәбетке. Жаныңда болсын да. «Қара қолдар» көп екен, атып кетеді, шауып кетеді дейді. Ол жақта жүріп анау-мынау болса көтере алмайсың ғой сен сорлы...».
Шешем айтатын: «Назарбай аман болсын! Сол кісі шақырып жатыр екен ғой қазақтарды. Барсын. Өзі беттеген екен. Бетінен қақпайын».
«Бірінші рет қатты жыладым»
Қытайда паспорт жасатудың әлегі көп. Екі жыл уақытым кетті. Бірақ еш уайым болған жоқ менде. Бір үміттің жетегімен жерде емес, аспанда қалықтап жүрдім... Тіпті қашан кетем деп күн санайтынды, сағат санайтынды шығардым. Ақыры, жеттім сол күнге. Қытайдың қызыл паспорты қолға тиді. Өзіміздің қолдан келмейтінді білдік те, Қазақстанға виза алып беретін делдалға бердік. Оның да жігіт екен. Жасатып беріп жіберді. Міне, кеткелі тұрмын... Көлікке міндім. Шешем бар жақсысын екі чемоданға сыйғанша салған.
Әкем марқұмның ізі қалған көшеге, сол көшемен әлі жүріп жатқан шешеме қарадым. Қалқайып қара шаңырағым, ортайып көршілерім тұр. Көзімнен жас ыршып кетті. Солқылдап кеп жыладым... Олар да жылады.
«Орыс осындай болады екен-ау!»
2003 жыл. 6 қыркүйек. Шекарада тұрмын. Жан-жағым «быдыри-сыдыри, авай-давай» деп былдырлаған көзі көктерге толды. Ойлап қоям: «мыналардың көзі көк, сөзі көп екен ғой», «Орыс осындай болады екен-ау!» деп. Теледидарда кішкене көрінуші еді, не деген дәу өздері! Қыздарын айтсайшы, мыжып кетер ме екен, қайтер екен...».
Әйтеуір шекарашылардың ықыласы жақсы оларға. Кішіпейілдік көрсетіп, өткізіп жатты.
«Сақшылардың төбесіне қой жаюға болады...»
Мұндай көлемді шапканы бірінші рет көріп отырмын. Қазақ сақшысынан. Бізде әскерилердің бәрін сақшы деп атайды, кейін білдік олардың полиция деген аты бар екенін. Аса бір сағынышпен «Ассалаумағалейкум!» дедім паспортымды сұраған ағаға. «Салдың ба?» деді, «нені?» деп едім, «бар қыстырып кел паспортқа» деп артқа итерді. Менен кейін тұрған кісі шекарадан көп өткен болса керек, «бауырым, ішіне 200 теңге қыстырып бере сал» деді сыбырлап. Енді ғана таныған 200 теңгені қыстыра қойдым. Паспортымды қараған болды да, өткізіп жіберді.
«Ай, ағам-ай! Маған 200 теңге ештеңе емес қой, андағы шапкаңызден ұят болды-ау» дедім ішімнен.
strong
Пікір қалдыру