Денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі – ана мен бала денсаулығын қорғау. Демография дімкәс болмауы үшін ана мен бала денсаулығында кінәрат табылмауы шарт.
Осы орайда облыстағы 24 медициналық ұйымда отбасын жоспарлау кабинеті жұмыс жасайды. Мұнда ұрпақ өрбіту жасындағы 169256 қыз-келіншектің 75%-ы тіркелген. Бұл кабинетте қыз-келіншектер жүктілікті жоспарлау, түрлі тұқым қуалайтын аурулар, туа пайда болған ақаулар, жұқпалы және өзге де дерттер бойынша кеңес ала алады. Сондай-ақ ана мен сәби саулығы үшін қауіпті және жиі кездесетін екінші мәселе - қаназдық дерті. Бұл жағдай жүктілік кезіндегі жас аналарда жиі орын алады. Яғни, анемия - қан құрамындағы эритроциттерде гемоглабин мөлшерінің кеміп кетуі. Бұл дерт дұрыс тамақтанбаудан, түрлі күйзелістен және иммунитеттің төмендеуінен пайда болады. Қаны аз адамның тәбеті бұзылады. Бор, ақбалшық секілді нәрселерге аңсары ауады. Бұл заттар асқазанға ауыр тиіп, ағзадағы зат алмасу процесіне кері әсер етеді. Сөйтіп, түрлі дерттердің пайда болуына әкеп соқтырады. Сол себепті аталған белгілер пайда болған жағдайда міндетті түрде ем алған жөн. Егер ұрпақ өрбітуге қабілетті қыз-келіншектер I, II сатыдағы темір тапшылығы анемиясының верификацияланған диагнозымен есепте тұратын болса, темір сульфаты препараттары, аскорбин қышқылы, фоли қышқылы, сироптар, ерітінділер тегін беріледі. Жүкті келіншектер үшін құнарлы тамақтың маңызды екенін облыстық салауатты өмір салты орталығының маманы Мөлдір Құрмашева былайша түсіндірген еді.
-Жүкті әйелдерге арналған дәрумендер мен минералдарды қабылдаумен қатар, салауатты, теңгерімді тамақтанудың маңызы зор. Бұл ағзаны жүктіліктің жақсы өтуі үшін қажет нәрлі заттектермен қамтамасыз етуге көмектеседі. «Екі адам үшін тамақтану» деген сөз тарелкеңіздегі тамақты екі есе көп жеңіз деген емес, ұзағырақ шайнап, сіңімді тағаммен тамақтаныңыз дегенді білдіреді. Жүкті әйелдің организміндегі темір нәрестенің қанының қалыптасуы үшін маңызды. Майсыз ет, дәрумендер қосылған ботқалар мен шпинат – жүкті келіншектер үшін темірдің қайнар көзі. Мұздатылған шпинат қымбат емес және оны дайындау жолы да оңай. Сондай-ақ сүт өнімдері ананың да баланың да денсаулығына пайдалы. Яғни сүттің құрамындағы кальций нәресте сүйегінің дамуы мен қалыптасуын реттейді. Сонымен қоса, жүктілікті жоспарлаған жандар жұмыртқа, жаңғақ өнімдерін, жеміс-жидектерді жүйелі тұтыну керек,- дейді Мөлдір Тайырқызы.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы
Пікір қалдыру