25 тамызда «AgroInvest Forum 2017» агроөнеркәсіптік инвестициялық форумы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен инвесторлардың басын қоспақ. Халықаралық шараға Қытай, Иран, БАӘ, Венгрия, Польша, Ресей, Испания, Түркия елдерінен 100-ден аса адам қатысады, деп хабарлайды Qamshy.kz.
Бүгін «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрайымы Гүлназ Атамқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда агроөнеркәсіптік инвестициялық форумның мақсат-міндеттері туралы айтты. Форум ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өтпек.
- Ауыл шаруашылығындағы жобаларды бірлесіп іске асыру мен азық-түлік тауарларын өндіру саласына серіктестерді тарту арқылы қазақстандық бизнесті қолдаймыз. Халықаралық әріптестерімізбен салаға инвестициялық капиталды тарту, агроөнеркәсіптік кешендегі бизнестің жаңа трендтері мен перспективаларын қалыптастыруға мүмкіндік туады, - деді Гүлназ Атамқұлова.
Осының нәтижесінде соңғы 5 жылда Холдинг және оның еншілес компаниялары агроөнеркәсіптік кешен саласына жалпы көлемі 375 миллиард теңгеден асатын шетелдік инвестицияны тартып үлгерген. Қазіргі таңда 10 жылға 100 миллион евро алу үшін Еуропалық инвестициялық банкімен келіссөздер жүргізілуде. Бұл қаржы бірқатар жобаларды қаржыландыру үшін жұмсалады.
Сонымен қатар, спикерлердің айтуынша агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тартудың бір түрі – тікелей инвестициялар қорын құру. Капитализациясы 40 миллион долларды құрайтын Қазақ-Венгер тікелей инвестициялық қоры жұмысын бастап та кеткен. Қор агроөнеркәсіптік кешенінің іске асқан, бірақ қазіргі таңда қаржы тапшылығын тартып отырған жобаларын дамытуды, мал, құс, балық шаруашылықтары мен жеміс-көкөніс, сүт өндірісі, дәнді және майлы дақылдарды ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру бағытындағы жаңа жобаларды қаржыландыруды көздейді. Ал қосымша инвесторларды тарту арқылы Қор капитализация көлемін 150 миллион долларға дейін ұлғайтуды жоспарлады.