Алматыда қоқыс өңдеу кешенінің құрылысы басталды. Қала әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов Қазақстандағы ең ірі кешеннің іргетасына салтанатты түрде капсула салды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Нысан Алатау ауданындағы ЖЭО-2 маңында бой көтермек.
«Бизнестің жол картасы -2020» өңірлік индустрияландыру картасына енетін жоба 5,3 млрд теңге жеке инвестиция есебінен салынады.
Мамандардың айтуынша, қоқыс өңдеу зауыты 2025 жылға таман салынған ақшаны ақтайды.
Жыл сайын бюджетке 500 млн теңге құйылып отырады. Кешеннің құрылысы мен одан арғы жұмыс жасауы барысында 600 адам жұмыспен қамтылмақ.
Жылына 550 мың тонна қоқыс өңдейтін зауыт 2018 жылдың маусымында пайдалануға беріледі. Өндірістік қуаты Алматы халқының қажеттілігін толығымен өтей алады.
«Green Recycle» ЖШС директоры Дмитрий Данильченконың айтуынша, қоқыс сорттау кезінде жарамды дүниелер екінші рет өңдеуге жіберіледі, ал биологиялық тұрғыдан шіритін заттар полигонда көміледі.
«Алматының өзінде 1,5 мың өнеркәсіптік кәсіпорын барын ескерсек, бұл жобаның маңызы аса зор екенін түсінеміз. Себебі, енді коммуналды және өндірістік қоқысты игеру мүмкіндігі туып отыр», - деді Алматы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алмас Мәдиев.
Қоқыс полигондарының проблемасы тек Қазақстанда ғана өзекті болып отырған жоқ. Әлемдегі дамыған және дамушы елдердің бәрінде бұл проблема бар. Мемлекеттің экономикасы, өнеркәсібі қаншалықты дамыған сайын қалдықтардың да көлемі арта түседі. Ал, тығырықтан шығу үшін Қазақстанға сол дамыған елдердің тәжірибесін қолданғаннан артық шара жоқ. Бұл тұрғыда Қазақстан үшін «Азия жолбарысы» атанып кеткен Сингапурдың тәжірибесінен артығы жоқ деп сеніммен айтуға болады. Өйткені, аталған шағын мемлекет қоқысты өңдеумен қатар, одан энергия қуатын өндіріп те шығарады. Баламалы энергия көздерін іздеп жүрген Қазақстан үшін бұл «бір оқпен екі қоянды атып алудың» таптырмас үлгісі.
Күні кеше Астанада әлемдегі танымал кәсіпкерлермен, экономист-сарапшылармен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы пайдалы қазбалардың қоры 34 млрд тоннаны құрайды деп, шетелдік инвесторларды елге шақырды. Ал, Қазақстанда жиналған қоқыстың көлемі сол пайдалы қазбаның көлемінен де асып кетіп отыр. Біздің елге қазір тек пайдалы қазбаны өңдейтін ғана емес, қоқыс өңдейдін те алып зауыттар қажет. Оларды салуға өз күшіміз жетпесе шетелден де инвесторларды тартуға болады. Тегін қоқыстан ақша жасау ұсынысынан бас тартатындар көп болмайды деп ойлаймыз. Жалпы, бұл проблеманы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында да шешуге болатын еді. Алайда, отандық ғалымдардың ешбірі қоқыстан энергия қуатын алатын жобаны ұсынған жоқ.
Дегенмен, Қазақстан «жасыл экономика» идеясын енді ғана қолға ала бастағанын ескерсек, елімізде қоқыстан энергия өндіретін әлі талай мега-зауыттың құрылысы басталатынына сенімдіміз.