«Мектеп қоғамның кішкентай моделі» деген қағида бар. Демек, қоғамдағы бар келеңсіздік мектепте де көрініс табады. Ұстаз ретінде айтарым: 1. Бүгінгі күні біздің азаматтарымыздың бойында бір масылдық психология берік орын алды. Мен мемлекетті ақтағалы отыр деп түсінбеңіздер.. Қалай болғанда да, баласысының болашағы үшін ең алдымен ата-ананың жаны ауыруы керектігі өресі бар адамға айтпаса да түсінікті.. Ал, біздің ата-аналар білім берумен қатар тәрбие, оқулық және т.б. мәселелерді мемлекеттің мойнына арта салды. Тіпті тоқсанда бір болатын ата-аналар жиналысына бас сұғуды қойды. Бар болғаны 5-6 ата-ана келуі мүмкін, одан артығын жалынып келтіре алмайсың. Сөйткен ата-ана, баласының бойындағы құдай берген қарым-қабілетін елеп-екшемей, жазушы М.Байғұт айтқандай «Беретінін беріп жіберіп», «бағаны» сатып әпергісі келеді, мектеп бітіргенде, жоғары мектепке сүйрейді! Беретіні өтпей қалса, мектепті жамандап шыға келеді... Кім болғың келеді?» деген сұраққа, «полицей болғым келеді» деп жауап берген 9-сыныптың бір оқушысынан, әлденеден үміттеніп, «Неліктен полицей болғың келеді» деп сұрадық. Бірақ, үмітіміз ақталмады! Жылайсыз ба, күлесіз бе.... «левыйы көп қой» («левый» дегені- сірә көлденең табыс болса керек) деп жымыңдайды әлгі бала!
Бұл әңгімені бала қайдан естіді?
Ең нашар деген мұғалімнің өзі балаға «левыйы көп мамандық жақсы» деп үйретпейтіні белгілі. Яғни, баланың отбасыда көргені мен мектепте алған тәлім-тәрбиесі қабыспай жатыр. Осыдан-ақ, «құндылықтардың» орны ауысқан мына заманда, кейбір отбасылардың балалары үшін кімнің «идеал» екенін өздеріңіз саралай беріңіздер.
2. Мұғалім туралы..
Осыдан бірер жыл бұрын Шымкент қаласындағы ең беделді ЖОО-ң Мемлекеттік Аттестациялау Комиссиясына (МАК) мүше болдым. Болашақ тарихшы мен археологтар алдымыздан өтті. Сонда бір аңғарғаным, «Тарих пәнінің мұғалімі» деген мамандыққа ылғи мектепті сүйретіліп әзер бітірген аутсайдерлер түседі екен. Олармен салыстырғанда, «Археология» мамандығын бітірушілердің білімі ғана емес,жалпы өмірге, дүниеге деген көзқарасы мүлдем өзгеше! Бұл да ойланатын жағдай!
Мұғалімге сыйлық беру жайына тоқтала кетейік!
Жалпы, сыйлық беру - алу жақсы нәрсе, бірақ, ол туыс-бауыр, дос-жаран, құда-жекжат, көрші-көлем арасында болса ғана!
Ал, мұғалімге сыйлық ұсынудың ар жағында «Мен саған, сен маған» деген «тауарлы-ақша қатынасы» «құлағын қылтитып» тұрады! Кейбір ата-аналардың, мұғалімді «жолдан тайдырудың» ешқандай әдісінен жиіркенбейтіні жасырын емес. Былай шыға, бар мұғалімді қаралап «аттандап» шыға келетіндер де солар! Мұғалім де адам баласы, қоғамның бір мүшесі! Оның да басқалар сияқты толып жатқан «материалдық» проблемалары жетерлік. Жасыратыны жоқ, ұстаздардың арасында да ара-кідік өз нәпсісін тежей алмай «алтын көріп, жолдан тайып кететін, періштелер» кездесіп қалады.
3.Реформаларға тоқталсақ...
Тәуелсіздік алғалы, бері бірнеше рет реформа жасауға әрекеттер жасалды. Қайталап айтайын, тек әрекеттер жасалды!
Жоғары жаққа, «реформаның қызу жүріп жатқаны» туралы есептер қағаз жүзінде кеткен де болар, ол жағы мен үшін беймәлім...
Осыдан бірер жыл бұрын, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары өздерінің стратегиялық әріптесі Кембридж (Ұлыбритания) университетінің Білім беру факультетінің әлемдік білім беру жүйесінің ең озық әдіс-тәсілдерін меңгерген ғалымдарымен бірлесе отырып, педагогтердің білімін жетілдірудің үш деңгейлі бағдарламасын жасап шығарды. ҚР Үкіметінің Қаулысымен, бірінші деңгей бойынша курсты тәмамдап, сертификат алған ұстаздардың жалақысына -100 %, (2-деңгей - 70%, 3-деңгей -30%) үстеме қосу көзделген. Ұстаздардың білімін жетілдірудің 2 (негізгі) және 3 (базалық) деңгейлерінің бағдарламасы 2012 ж. бастап «ӨРЛЕУ» БАҰО Акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылып келеді.
Мен бірінші деңгей бойынша курсты аяқтап сертификат алдым. Жалпы алғанда, Бағдарлама маған ұнады. Бірақ, осы бағдарлама бойынша ең алдымен мектеп басшыларын тегіс оқытып алуы керек еді. Мектеп басшылығы түсінбеген бағдарламаның «авторитардық басшылыққа» негізделген мектепте қалай жүретіні өздеріңіз елестете беріңіздер..
Оның үстіне, осы бағдарламаны аяқтаған маман құқықтық жағынан «тыр жалаңаш» деуге болады, қорғалмаған! Кемі 1-2 жыл өтуге тиіс курсты 3 ай ішінде миымызға тыққыштап, «Мектепті қалай өзгертсең, олай өзгерт, сол үшін сенің жалақыңа қосылады» деп шығарып салды. Әр тоқсан сайын және оқу жылының соңында ұстаз Педагогикалық Шеберлік орталығына есеп тапсыруға міндетті. Есеп тапсыра алмаған маманның сертификаты қайта алынады.
Курсты аяқтаған маман, әлдебір себептермен мектеп басшылығына жақпай қалса, «тырп» ете алмайды, «тырп» еткізбейді. Естуімізше, ондай жағдайлар көптеп орын алып жатыр. Бірақ, ешкім оны ашық айта алмайды. Айналып келгенде, жоғары жаққа тағы да өтірік есептер кетеді. Оның үстіне, Бағдарламаның негізі болып табылатын «7 модульдің» бірі АКТ-н (Ақпараттық-компьютерлік технология - интерактивтік тақта, компьютер, интернет және т.б.) тіпті Шымкент секілді үлкен қалалардағы мектептердің өзі толық жабдықталмаған. Осыдан-ақ, курс бітірген мұғалімге түсетін психологиялық салмақты өзіңіз есептей беріңіз..
Арты қалай болары белгісіз..