«КХДР шөп жесе де, өздерінің қауіпсіздіктері үшін ядролық қару бағдарламасынан бас тартпайды» дейді Владимир Путин Солтүстік Кореяның ұстанған бағытына байланысты мәселе төңірегінде. Осылайша Ресей президенті Пхеньянды ядролық қару шығарудан бас тартқызу – аса қиын екенін жеткізген болатын.
Өткен жексенбіде Дональд Трамп Твиттерде КХДР-ге тауар импорттайтын барлық елдермен сауда-саттықты тоқтату мәселесін талқылап жатқанын жазған. Алайда АҚШ президенті бірден сынға ілікті. Мұндай әрекет АҚШ-тың басты ірі сауда серіктестері - Қытай мен Мексикамен қарым-қатынасына нұқсан келтіруі мүмкін.
Солтүстік Корея қандай елдермен сауда-саттық қарым-қатынаста, оның экспорт пен импорт өнімдеріне не кіреді? Осы және өзге де мәселелер төңірегіндегі сұрақтарға жауапты Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырманға ұсынады.
Солтүстік Корея сырттан мұнайды өте аз мөлшерде ғана сатып алады. Алайда қалған тауардың барлығын импорттайды. Көбінесе Қытай мен Ресейден тауар алады. Осы орайда мамандардың пікірінше, егер КХДР-дің тауар импортына тосқауыл қойылса, Солтүстік Корея ауыр соққы алмақ.
Солтүстік Кореяның сауда серіктестеріне келетін болсақ, Пхеньянның барлық мәліметтері толықтай құпияланған және мемлекеттің өз кезегінде жабық есік саясатын ұстанатынын ескере отырып, оның сауда серіктестері тізімінің қысқа болатынын логикалық тұрғыда болжауға болады.
Алайда, шын мәнінде олай емес. КХДР мен сауда-саттық серіктестік орнатқан 80-ге жуық мемлекет бар. Оларға Үндістан, Германия, Франция, Португалия, Филиппиндер жатады.
Бірінші орында – Қытай. Пхеньянның халықаралық саудадағы көлемінің 93%-ы Қытайға тиесілі. Солтүстік Кореяның Қытайда экспорттайтын басты өнімі- көмір. Алайда осы өнімнің өзі 2016 жылы санкцияға ілікті.
Ал Пхеньян Қытайға қара металл, тоқыма мата, қорғасын және т.б пайдалы қазбаларды экспорттайды екен. Сонымен бірге Қытай КХДР-ға керамика, жемістер, радиоқұралдар, компьтерлер, жанармай, киім-кешек тасымалдайды. Оңтүстік Корея сарапшыларының мәліметінше, КХДР мен Қытай арасында жылдық сауда-саттық көлемі 6 миллиард долларды құраған.
КХДР-дың Қытайдан кейінгі басты сауда серіктесі- Ресей. Алада Ресейдің саудадағы бөлігі 1%-ды ғана құрайды. Ресей Солтүстік Кореяға қатырылған балық, ер киімдері мен бидай, өңделген мұнай экспорттайды.
Үндістан - КХДР-дың сауда-саттық көлемі бойынша үшінші басты серіктесі. Пхеньян Үндістанға күміс, автокөлік құрал-жабдықтары мен телефондар тасымалдайды. Ал Солтүстік Корея болса, Үндістаннан мүсіндер, кокос, мақта, жаңғақ, қорғасын алады.
Бұл мәліметтер Массачусетс технологиялық институты тұсындағы экономикалық кеңестің 2015-2016 жылғы мәліметтері болғандықтан, осы уақыт аралығында КХДР-дің сауда-саттық, экономикалық жағдайы мен мемлекеттермен байланысы өзгеруі де мүмкін.
Алайда, жабық есік саясатын ұстанатын Солтүстік Кореяның сауда қатынасы шын мәнінде, біз ойлағаннан да, қарқынды дамуда.