Астанада Назарбаев Түркия басшысын қабылдады

/uploads/thumbnail/20170909154613263_small.jpg

 Ақорда тартқан ақпарат бойынша, бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Режеп Тайип Ердоғанды Астанада салтанатпен қабылдаған.

– Қанша кездессек те көп болмайды. Қазіргі заманның өзі қиындап тұр. Жиі кездесіп, көп ақылдасу керек. 25-26 жыл ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас достық әрі бауырластық бағытта дамып келеді, – деген Нұрсұлтан Назарбаев.      

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президентіне биылғы 10 қыркүйекте Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысуға ниет білдіргені үшін алғыс айтқан.    

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы биылғы 14 қыркүйекте елордамызда Сириядағы қарулы қақтығысты реттеу жөніндегі Астана келіссөздерінің алтыншы раунды өтетініне назар аударды.

Түркия Республикасының Президенті Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді. 

– Астанаға келгеніме қуаныштымын. Мен алғаш рет Қазақстанмен Алматы қаласына барған сапарымда танысқан едім. Енді жаңа қалаға, жаңа елордаға келіп отырмын, Қазақстанды өзімнің екінші үйімдей көремін, – деді Р.Ердоған.

Түркия Президенті өз елінің Қазақстанмен саяси, экономикалық, мәдени, әскери қатынастарды дамытып жатқанын атап өтті.    

– Бүгінде елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллар шамасында. Әрине, бұл жеткілікті емес. Біз келіскендей, мақсатымыз – тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу. Түркия мен Қазақстанның әлеуеті оған жеткілікті,  – деген Түркия Республикасының басшысы.

Түркия Президенті биылғы 14 қыркүйекте Астанада Сириядағы жағдайға қатысты кездесудің маңыздылығына тоқталып, оның Женева келіссөздеріне оң ықпал ететініне сенім білдірді.      

Айта кететін болсақ, Бұл Ердоғанның Астанаға президент ретінде екінші келуі. Жұрт оны EXPO-Astana көрмесі ашылуы кезінде Назарбаевтің қонағы болады деп күткен. Алайда Ердоған Астанадағы ЭКСПО-ның жабылуына келді.

Сондай-ақ, Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев те бүгін түс ауа Астанаға келді.

Қатысты Мақалалар