Жезқазған қаласында Алаш алаңы жаңартылды (фото)

/uploads/thumbnail/20170910134156367_small.jpg

Жезқазғанда Алаш алаңы жаңартылды. Жаз бойы Қарағанды облысы Жезқазған қаласының басты алаңы Алаш алаңында жөндеу жұмыстары жүріп, 8 қыркүйек – қала күнінде жаңарған алаңның ашылу салтанаты өтті. Осы күні алаңға орнатылған Тәуелсіздік монументі жұртшылыққа таныстырылды, - деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Биыл қалада біршама жаңғырту жұмыстары жүрген. Бюджеттен қала жолдарын жөндеу, абаттандыруға қыруар қаржы бөлініп, тозығы жеткен құбырлар жаңартылып, бірнеше шыл жөндеу көрмеген жолдарға асфальт төселуде. Көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүрген. Қала басшылығы осы жұмыстар аясында қаладағы Алаш алаңын жаңартуды да жөн көріпті.

Алаңның табан жолдары, айналасы түгел жаңартылып, онда Тәуелсіздік монументі жаңа нақышта бой көтерген. Монумент авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, қарағандылық мүсінші Мұрат Байысбай. Монументтің негізгі бөлігі – биіктігі 30 метр болатын стелла. Оны орнату барысында қола, гранит және бетон қолданылған. Стелланың ұшар басына самұрық құсы қондырылған. 

– Биыл қаламыз біршама жаңғыруды бастан кешуде. Қала бюджеті толығып, абаттандыру, көгалдандыру шараларына жеткілікті қаражат бөлінді. Сондай-ақ, қаламызда тұңғыш рет «Өркен» дарынды балалар мектебі ашылды. Міне, бүгін қала күнінде Алаш атын иеленген алаңның жаңарған келбетіне куә болып отырмыз. Жаңарған алаң қала тұрғындарының сүйікті орнына айналарына сенімім мол, – деді монументтің ашылуына орай өткен салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі Батырлан Ахметов. Қала басшылығының бұл шешімін былайғы жұртшылық та қуанышпен қарсы алды. 

– Еліміздің орталығында орналасқан Жезқазғанда Алаш атын иеленген алаңмен бұрыннан мақтанатынбыз. Ал, енді осы алаңда Тәуелсіздік монументінің ашылуы сол мақтанышымызды еселеп отыр. Алаш арыстары аңсаған Тәуелсіздіктің символы болған бұл монумент қала тұрғындарының, әсіресе, жастардың патриоттық сезімін арттыратыны, елге, жерге деген мақтаныш сезімін туғызып, Отан тарихына құрметін қалыптастыратыны сөзсіз, - дейді Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, қалалық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Сағындық Қожамсейітов.

Айта кетерлігі, биыл сондай-ақ, қаладағы негізгі алты көшенің жолы күрделі жөндеуден өтті. Олардың ішінде Алаш алаңынан бастау алатын Алаша хан даңғылы да бар. Сондай-ақ, қаладағы Жастар саябағында абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қала күніне арналған салтанатты шара Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерті мен мерекелік от шашуға ұласты.

Қатысты Мақалалар