– Жүрсін аға, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Астанада Тәуелсіздік күні қарсаңында екі күн бойы дүбірлі айтыс өтті. Бұл айтыстың биылғы жаңалығы неде?
– Айтыс – елдің басын біріктіретін қасиетті өнер. Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, кешегі айтысқа қаншама көрермен жиылды. Конгресс-холлда ине шаншар орын болған жоқ. Екі күн бойы елорда төрінде ұлттық мереке жасады десек те, артық айтқандық емес. Айтыс – елдің еңсесін көтеретін, тізесін бүктірмейтін киелі өнер. Айтыс өзінің осы функциясын жақсы атқарып шықты деп ойлаймын. Соңғы бірер жылдың көлемінде айтысты «Нұр Отан» партиясы өзінің қарамағына алды. «Нұр Отан» партиясы – еліміздегі жетекші партия. Парламенттің тоқсан пайызы «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері. Айтыстың сөзі өтімді екенін түсініп, партия өзінің құралына айналдырып отыр. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Ақындар белгілі бір деңгейде бүгінгі қоғамдағы қордаланған мәселелерді ортаға салуға тырысады. Айтыс – мәселені шешіп тастауға міндетті емес. Айтыстың мақсаты – мәселені көтеру арқылы қоғамдық пікір қалыптастыру.
– Айтыста сөз болған мәселелер, ақындар көтерген ұсыныстар қаншалықты шешімін табуда?
– Айтыспен өмір сүріп жүргеніме отыз жылдан асып кетті. Осы жылдар ішінде айтыс арқылы шешімін тапқан да мәселелер болды. Мәселен, Алматыда «Алматы ақшамы» деген газет шығады. Кезінде Алматыда «Вечерний Алматы» деген орысша газет қана болған. Айтыс үстінде ақындар «Қазақтың астанасында неге қазақша газет шықпайды?» деп мәселе көтерген. Сол кездегі орталық комитет мәселені оңды шешіп берді. Қазір «Алматы ақшамы» газеті үлкен ұлттық газетке айналды. Болмаса, үш жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында үлкен айтыс өткіздік. Қарауылдан Семейге қатынайтын жолдың жағдайы өте нашар екен. «Абайдың жолын түзеу «Абай жолын» жазудан да қиын боп тұр» деп ақындар сахнада мәселе көтерді. Айтысқа қатысып отырған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев орнынан көтеріліп, «осы мәселені шешеміз» деп уәдесін берді. Бір жылдың ішінде Абай ауданы мен Семейдің арасындағы жол жөнделді. Міне, нақты нәтижелер. Айтыстың негізгі міндеті – шаруашылық мәселелерін шешу емес. Қоғамдық пікір туғызу, мәселені қою. Осы тұрғыдан келгенде, айтыс қызметін адал атқарып келеді және атқара да береді деп ойлаймын. Қайталап айтайын, біз әлі жас мемлекетпіз. Тәуелсіздігіміздің 23 жылын енді ғана атап өтіп отырмыз. Бұл тарих үшін азғантай ғана кезең. Біздің мемлекеттік құндылығымыз жаңа ғана қалыптасып, экономикамыз енді ғана сабасына түсіп, халықтың жағдайы енді ғана жақсарып келе жатыр.
– Отыз жылдан астам айтыстың басы-қасында жүрсіз. Өңір-өңірлерді аралағанда жарқ еткен дарынды жастар болса, соны айтыстың сахнасына шығаруға тырысатын едіңіз. Бұл міндетті бүгін қалай орындап жүрсіз?
– Мен осы міндетімнен әлі де айныған жоқпын. Қазір айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасымын. Осы міндетті атқару барысында облыстарды жиі аралаймын. Дарынды жастарды көріп жүремін. Былтырғы жылы «Қазақтың айтыс ақындары» деген бір том анықтамалық кітап шығардық. Біздің есебімізде 150-дей ақын бар. Солардың арасында сахнаға дайын отырған, пісіп қалған жастар да бар. Әсіресе, Ақтөбе облысынан төрт-бес ақынды кездестірдім. Оның бәрін айтысқа қатыстыра алмадық. Марат Ахметов, Ершат Қаймолдинов, Қайнар Алакөзов, Аян Сейітов сияқты дарынды ақындар бір ғана Шалқар ауданынан шығып отыр. Одан бөлек, Шымкент, Қызылорда, Павлодарда қаншама дарынды жастар бар. Екінші бір үлкен мәселе, айтыс ақындарын тәрбиелеуіміз керек. Құдай дарын бергенімен, сол талантты ұштау деген дүние бар. Ақынға білім керек. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен өткен жылы Таразда ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға білікті мамандар, ғалымдар қатысып, пікірлерін ортаға салды. Он екі мәрте шеберлік сыныптарын өткіздік. Ақынның киім киісінен бастап, сөз саптауына, мақамына дейін талқыладық. Уәжге уәж қайтару деген не? Соның бәрі шеберлік сыныптарында айтылды. Айтыс дегеніміз – суырыпсалмалық өнер. Қайымдасып айтуға шеберлігін жетілдіру. Ол үшін ақын саясаттан бастап, әлеуметтік өмірге дейін барлығынан хабардар болуы керек. 2013 жылы Мәдениет министрлігі Айтыскерлер одағына бес миллион теңгедей қаржы бөлді. Биылғы жылы министрліктің мүмкіндігі келмеді. Алдағы 2015 жылы да жұмысымызды жалғастырамыз деп отырмыз. «Нұр Отан» партиясының фракциясындағы депутаттар қолдау көрсетіп жатыр. Депутат Алдан Смайыл «Өнердің барлық түрлеріне мемлекет қамқорлық көрсетуде. Айтыстың мәртебесін көтеріп, неге мемлекеттік қамқорлық көрсетпеске? Айтыс өткізу үшін жұртқа алақан жайғызбай, мемлекеттен ақша бөлдіртіп отыруға жағдай жасауымыз қажет» деді. Кешегі айтысқа қатысқан вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың да бұл мәселелерді құлағы шалды. Үкіметтің «көмектесеміз» деген ниетіне риза болып отырмыз.
– «Елімізде 150-дей айтыс ақыны бар» дейсіз. Кейбір деректерде 250 ақын деген пікірлер айтылып жүр. Мұның қайсысы шындыққа жанасады?
– Олай болуы да мүмкін. Мен тек одаққа мүшелерді ғана айтып отырмын. Жалпы, талапкерлер көп. Ел болған соң таланттар шықпай тұрмайды. Жақында ғана «Нұр Отан» партиясы Өскеменде айтыс өткізді. Сонда Серік Қуанғанов деген ақын қатысты. Студент бала екен. Төрт сөзі түгел, жарқылдап тұр. Олар қазір мүше болмағанымен, ертең айтыстың беткеұстар қаймақтары болады деп ойлаймын.
– Белгілі бір уақытта айтыс ақыны сахнадан кетуі керек пе?
– Бұл мәселе жиі қозғалады. Біздің біраз сақайып қалған Серік Құсанбаев, Баянғали Әлімжанов, Аманжол Әлтаев сияқты ақындарымыз айтыстан қол үзіп қалды. Белгілі бір уақытта немесе белгілі бір жасқа жеткенде ақынның сахнадан кетуі қажет деп есептемеймін. Жамбыл, Сүйінбай ақындар өле-өлгенше қолынан домбырасын тастаған жоқ. Ақын неге айтыстан кетуі керек? Мәселен, айтыспен қоштасып кеткен Аманжол Әлтаев осы жылдың аяғында Қарағандыда «Жекпе-жек» айтыс өткізгелі отыр. Сахнаға қайтып оралды. Меніңше, ақынның кетуіне бір ғана себеп бар. Айтыстың жасаруына байланысты оның интеллектуальдық деңгейі де өсіп кетті. Айтыс өнерінің деңгейі жазба поэзиямен жымдасып кетті. Соның көшіне ілесе алмаған ақындар ғана ептеп шектетіліп жатыр. Шығармашылық потенциалы жоғары ақындар айтысқа қайта оралуда. Шын ақын, талантты ақын өзінің дарынын халыққа қызмет етуге неге жұмсамасқа?! Сондықтан ешкімді шетқақпайлап, шеттетіп жатқанымыз жоқ. Өзі шет қалып жатса, ол ақынға шарасызбыз. Амалымыз жоқ. Әйтпесе, ақындық деген қанмен кіріп, сүйекпен кететін дүние.
– Кейде көпшіліктің арасында «Пәлен айтыскерді айтысқа шығармай қойыпты» немесе «Түгеншені әдейі қатыстырмай қойыпты» деген пікірлер де айтылып қалады. Бұған қалай қарайсыз?
– Кешегі айтыс – Тәуелсіздік күніне арналған қабырғалы айтыс болғаннан кейін, бұған елдік сөзді айтатын ақындарды күттік. Біздің кейбір ақындарымыз «жұлдыз» ауруымен ауырады. Содан кейін кейбір ақындар көбіне-көп елді шулататын арзан дауларға барады. Асүйде айтылатын сөздерді сахнада айтып, абырой жинаймын деп ойлайды. Олай абырой жинай алмайды. Ол айтыстың ажарын да кіргізбейді. Кейбір ақындардың сахнаға шыға алмай қалуының себебі сондықтан. Оның несін жасырамыз? Сахнада есті сөз айтуы қажет. Айтыс – елді ажырататын емес, біріктіретін өнер. Осы талапқа сай келмеген ақын шеттетіліп қалатыны рас.
– Ғылыми-практикалық конференциялар, шеберлік сыныптары өткізілгені дұрыс та шығар. Айтыскер мамандарды тәрбиелейтін мектеп ашу, институттарда арнайы факультеттер ашу қажет деп ойламайсыз ба?
– Кезінде Мырзатай Жолдасбеков Гумилев атындағы Еуразия университетінде ректор болып отырған тұста арнайы бөлім ашты. Төрт-бес ақын сол бөлімді бітіріп шықты. Кейінірек ол бөлім жабылып қалды. Биыл Айман Мұсаходжаева басқаратын ұлттық Өнер академиясында «Айтыс» деген бөлім ашылды. Оған төрт бала грантқа түсіп оқып жүр. Бұл мемлекеттің жасап отырған үлкен қамқорлығы. Алдағы уақытта мұның аясы кеңейеді деп ойлаймын. Бөлек оқу орындары ашылмағанымен, жаңағыдай бөлімдердің жұмыс істеп отырғаны қуантады. Айтыс, қалай десек те, қоғамда бар құбылыс. Оған ешкім көз жұмып қарай алмайды. Сондықтан мемлекет мән беріп, ақындарды оқытып, тәрбиелеп жатса, оның несі артық? Тіпті айтыс академиясын ұйымдастыру деген де идеялар ойымызда жүр. Бұл – болашақтың шаруасы.
– Кезінде телеайтыс ұйымдастырылып отырды. Одан бөлек, жекпе-жек айтыстар да жиі өткізілді. Қазір дәстүрлі айтыстың түрлері азайып, ауқымы тарылып қалған секілді. Не себепті?
– Біз алғаш айтысты бастаған кезде ақындар айтысының ізі суып қалған кез болатын. Суырыпсалма өнердің бар екенін дәлелдеу үшін айтыстың шағын формаларын қолдандық. Қайымдасып айтысу, өтірік өлең айтысы, жұмбақ айтыс болды. Кейін іріктеле келе, уақыттың талабына жауап беретін айтыстың үш-ақ түрі сақталып қалды. Бұл – қыз бен жігіттің айтысы, түре айтыс және сүре айтыс. Ұсақ-түйек жанрлар уақыттың жүгін көтере алмай қалды. Айтыскерлер одағында «Бұрынғыдай облысаралық айтыстарды бастасақ» деген идея айтылып жүр. Әр облыстан төрт-бес ақын шығарып, облыс пен облысты айтыстыру. Ол айтысқа ақындардан бөлек, жыршы-термешілер қатысып жатса, құба-құп! Әрі әр облыс өзінің намысын қорғап, қамқорлық жасар еді. Оның бәрі қаржыға тіреледі. Наурыз айында наурыз айтысты спорт тақырыбына арнасақ деген ойымыз бар. Әр ақынды бір Спорт федерациясы қамқорлығына алып, солардың киімін кигізіп, әрқайсысы сол ақынға демеушілік көрсетіп, ортаға шығарып, спорт тақырыбына айтыс жасаса, қандай күшті болар еді! Әрі спортшыларымыз да насихатталар еді. Күні кеше Алматыда ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында қазақтың қаршадай баласы Жасұлан Қыдырбаев әлем чемпионы атанды. Ұлттың рухы қалай көтеріліп қалды?! Жазира Жаппарқұл күміс жүлдегер атанғанда, қалай қуандық?! Бұл айтыс жас ұрпаққа өнеге болар еді әрі спортшыларымыз да дәріптелер еді. Мұндай айтыстың несі жаман?!
– «Алтын домбыра» дәстүрлі айтыс мерекесіне айнала ма?
– «Алтын домбыра» биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Бұл бір жылда өткізілген айтыстардың қорытындысы. «Алтын домбыра» ережесі бойынша, үш рет жеңімпаз болған ақынға «Алтын домбыра» мәңгілікке беріледі.
– «Мәңгілік ел – мұратым» атты кешегі айтысты «Қазайтыс» сайты тікелей таратып отырды. Айтысты көре алмағандар сайттан тыңдап, құлақ құрышын қандырды. Айтыскерлер одағының жеке сайты бар ма?
– Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының жүргізіп отырған арнайы сайты бар. «Айтыскерком» деп аталады. Бірақ қаржы аздау болғандықтан, мұның жұмысын дұрыс жолға қоя алмай отырмыз. Бір жылдың ішінде 1984 жылдан бері өткізілген тарихи айтыстардың барлығын дерлік осы сайтымызға салдық. Сайттың ауқымын кеңейту, жұмысын жеделдету мәселесі қаржыға тіреледі.
– «Алтын қорда» алғашқы айтыстардың толық нұсқасы сақталып қалған ба?
– Негізгі айтыстардың көбі сақталған. Арасында бірен-саран әртүрлі себептермен жойылып кеткен айтыстар болмаса, негізінен айтыстардың дені «Алтын қорымызда» бар.
– «Алтын қорда» сақталып қалған айтыстарды таспаға жариялау, көрерменге тарату ісі неге қолға алынбай отыр?
– Бұған дейін мүмкіндігім келген уақытта айтыстарды 11 бейне таспаға түсіріп шығардым. Оның әрқайсысында бірнеше сағаттық айтыстар жинақталған. Әлі таспаға түсе қоймаған айтыстар жетерлік. Оларды таспаға түсіріп, көпшілікке таратқымыз келеді. Қытайда қаншама қазақ айтысты тамашалай алмай отыр? Сол қандас бауырларымызға арнап, сапалы бейнетаспалар шығарғымыз келеді.
– Бір кездері айтысқа Амангелді Ермегияевтың, Өмірзақ Сәрсеновтiң жиі демеушілік танытқанын жақсы білеміз. Соңғы кездері демеушілік жасау мәселесі қалай қолға алынып жүр?
– Шындығын айтқанда, қазір айтысты қолдап, демеушілік танытып жүрген азаматтар жоққа тән деп айтуымызға болады. Кешегі айтыста бір ғана демеуші болды. Ол – Дәулет Тұрлыханов. Қазір экономикамыз дамып кетті дегенімізбен, біздің ұлттық өнерге жаны ашитын қазақтардың қалтасында ақша аздау ма деп ойлаймын. Ақшаның көбісі орыстілділердің қолында. Олар біздің ұлттық өнерімізге, оның ішінде айтысқа пысқырып та қарамайды. Сондықтан бізді қазір демеп жатқан билік қана. «Нұр Отан» партиясы жыл бойы айтысқа қолдау жасады. Шілде айында Алматы қаласында «Өз еліңде сұлтан бол!» деген айтыс өткіздім. Сахнаға шыға алмай жүрген жастардың басын қостық. Демеуші табылмады. Жалғыз Хұсайын Омаров қана жекелей қолдау көрсетті. Қалған демеушілердің көбі қазір айтыстан сырттап кетті.
– Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының жеке кеңсесі, бас қосатын орны бар ма?
– Бір жыл бойы Мәдениет министрлігінің қарамағындағы «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының ішінде отырдық. Қазір ол жерден көшіп кеттік. Одақтың арнайы кеңсесі де жоқ. Айтыскерлердің ортақ бас қосатын орны жоқ. Таяу күндерде вице-премьер Бердібек Сапарбаев республикадағы шығармашылық одақтарының басшыларымен кездесу өткізбек. Сол кездесуге бізді де шақырып отыр. Сонда осы мәселелерді көтеретін боламыз.
– Еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген, айтыстан қол үзіп кеткен ақындар әлі де сізбен байланысып тұра ма?
– Еліміздегі барлық ақын менімен байланысып отырады. Кез келген ақын маған хабарласып, мәселелерін айтып, той-томалақтарына шақырып, мұңдарын жеткізіп отырады. Айтыскерлердің халықаралық одағының облыстарда өкілдіктерін ашамыз ба деп ойлағанбыз. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауымен Шымкентте өкілдігіміз жұмыс істеп отыр. Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен Батыс Қазақстанда өкіліміз жұмыс істеуде. Шығыста да өкілдіктеріміз бар. Бұл ақындардың басын қосып, тәрбиелеп, сахнаға даярлайтын ұйым ғой. Ол ұйым енді ғана аяғынан тік тұрып келеді. Одақтың жұмысын ақындардың өзі қоғамдық негізде атқарып отыр. Сайттың жұмыстарымен де ақындар айналысуда. Ізбасарларым, шәкірттерім бар. Аманжол Әлтаев, Серікзат Дүйсенғазин, Еркебұлан Қайназаров сияқты жігіттер осы одақтың жұмысын қоғамдық негізде атқарып жүр.
– Айтыстың көшін сүйрегеніңізге отыз жылдан асыпты. Шаршаған, шаршатқан кезеңдер болды ма?
– Айтысқа қол сілтеген кездерім көп. Бірақ бұл айтыс та менің тағдырыма айналып кетіпті. Жарақатым жазылғаннан кейін, қанымды жалап аламын да, қайтадан кірісіп кетемін. Өйткені мен атқармасам, ешкім ештеңе істемейді. Неге дейсіз ғой, 1992 жылдан 1997 жылға дейін, бес жыл бойы айтыспен айналысқан жоқпын. Өзім жұмыссыз жүрдім. Сол жылдары ешкім айтысқа қолын созған жоқ. Ұмытылып қалып қойды. Қайтадан айтысқа келдім. Айтыс кемеліне келген кезінде тізгінін ұстауға, осының рахатын көруге тыраштанушылар болды. Бірақ ешкім бейнетіне төзбейді. Айтыстың қара жұмысы көп. Ұйымдастыру жұмыстары жүйкеден жүйке қоймайды. Айтыс – халыққа қажет өнер. Досым Несіпбек Айтұлы: «Мен сені осы айтыстан қызғанамын» дейді. «Неге?» десем, «сен жазба ақынсың. Шығармашылық қуатыңды білеміз. Қаншама уақытыңды осыған текке өткізіп жатырсың» дейді. Таяу күндері ұлттық Өнер академиясының жанынан «Қазақ өнерінің антологиясы» деген сериямен 25 томдық кітап шығайын деп отыр. Соның жеті томы жарыққа шықты. Сол жеті томдық қазақтың айтыс өнеріне арналды. Қытайдағы, Өзбекстандағы бауырларымыздың айтыстары кітапқа жарияланды. 22 тамызда Елбасымыздың Ұлытауда сұхбат бергенін білесіз. «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде сұхбатқа байланысты насихат материалдары жарияланды. Сол мақалалар «Ұлт ұясындағы ұлағат» атты кітап болып жарыққа шықты. Бұл кітапқа Ұлытау ауданының әкімі демеушілік танытты. Оның арасында менің де мақалаларым бар. Кешегі айтыста осы кітап ақындардың көбіне ақпараттық бағдар болды. Ақындардың көбі кітап оқымайды. Газет-журналдар қарай бермейді. Білімін көтермеген ақын көшке ілесе алмайды. Балғынбек Имашевті шоумен деп кінә артып жүр ғой. Ол көп ізденеді. Білімді жігіт. Айтыстың көркін ашу үшін түрлі әдіс-айлаға барады. Балғынбектің кей қатарластары айтыстан шығып қалды. Кешегі айтыста Балғынбекпен терезесі тең айтысқан – Еркебұлан Қайназаров. Ақын үнемі ізденісте болуы шарт. Білімін жетілдіріп отырмаса, қарайып қалады.
– Несіпбек аға айтқандай, өз шығармашылығыңыз тасада қалып қойған жоқ па?
– Бүгінгі күнге дейін 17 кітап шығарыппын. Мәселе көп жазуда емес. Соңғы кездері жақсы дүниелерім шығып жатыр деп ойлаймын. Өлеңдерім туралы, шығармашылығым туралы пікір жазбаған әріптесім жоқ. Бақыт Сарбала, Темірхан Медетбек, Жәркен Бөдеш, Ұлықбек Есдәулет менің шығармашылығым туралы жақсы пікірлерін білдірді. Жақсы пікірлерге іштей қуанып қаласың. Алдағы тұрған мақсат – 2015 жылы Мәскеуден орыс тілінде кітабымды шығарсам деген ойым бар. Түрік тілінде де шығарғым келеді. Өлең деген ғайыптан туатын нәрсе ғой. Оның үстіне, прозамен де айналысамын. Әсіресе, көркем публицистика, очерктер жазамын. Былтырғы жылы очерктерім «Гөй-гөй» деген атпен кітап болып шықты.
– Мемлекет тарапынан еңбегіңіз бағаланды ма?
– «Құрмет» ордені берілді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атағым бар. Еңбегімнің бағаланғаны туралы мақтана айтатын бір дүнием бар. Республикалық деңгейде мүшәйралар өткізіледі. Үш мүшәйраның бас жүлдесін жеңіп алған менен басқа ақын жоқ. 1994 жылы Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығында маған көлік мінгізді. 2011 жылы Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығында бас жүлдені жеңіп, көлік міндім. Ер Жәнібектің 300 жылдығында бас жүлдені жеңіп алдым. Өлеңімді бағалап, жүлдені маған беріп жатқан болар. Әйтпесе біреуді жағалап, өлеңімді өткізген кезім жоқ.
Әңгімелескен Гүлзина Бектасова
"Айқын" газеті
Әуелгі тақырып: Айтыс - елді ажырататын емес, біріктіретін өнер