Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының прокуратурасы тыйым салынған материалдарды анықтау үшін арнайы Интернет-ресурстардың мониторингін жүргізген. Тергеу нәтижесінде, порталдардың бірінен адам ағзаларын сатуға арналған жарнама табылды. Бұл туралы БҚО баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш жарнама Қазақстан аумағында еркін қолжетімділікке ие шетелдік ресурстарда жарияланған.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 169-бабының 3-тармағына сәйкес елімізде адам мүшелерін сатумен айналысуға тыйым салынған.
ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабына сәйкес тірі адамның ағзалары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасау қылмыстық іс болып табылады.
ҚР «БАҚ туралы» заңының 1-бабының 4 және 5-тармақшаларына сәйкес Интернет-ресурс бұқаралық ақпарат құралдарына жатады және онда жарияланған әрбір ақпарат БАҚ өнімі болып есептеледі»,- делінген прокуратурада.
Тасқала аудандық сотының шешімі бойынша интернет ресурс ҚР заңнамалық актілеріне қайшы келгендіктен Қазақстан аумағында заңсыз деп танылды. Сондай-ақ, сайтты тоқтату туралы шешім қабылданды. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.
Пікір қалдыру