Батыс Қазақстан облысында  560 бүлдіршін сал дертінен зардап шегуде

/uploads/thumbnail/20170924020725322_small.jpg

Денсаулық сақтау сала мамандарын толғандыратын  өзекті мәселе ол – бүлдіршіндердің церебральды сал ауруы. Батыс Қазақстан облысында  аталмыш дертке  560  бала шалдыққан.  Сал ауруы кей нәрестеде құрсақта дамыса, енді  біреулерінде  жүре  пайда болуда.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың мәліметінше, балалардың церебральды сал ауруына шалдығуына бірнеше факторлар әсер етеді екен. Егер әйел адам жүктілік кезінде әр түрлі респираторлы немесе  басқа инфекцияларды жұқтырса, шарана уақытынан бұрын дүниеге келсе, құрсақта ұзақ уақыт қағанақ суынсыз жатып қалса, жүктілік пен босану процесі ауыр өтсе, аяғы ауыр келіншек  жүктіліктің алғашқы мерзімінде жүйкеге әсер ететін факторларды бастан өткерсе, онда аталмыш кесел дүниеге келер нәрестеде пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ шарана қағанағының суын ерте жарып жіберіп, толғақ кезінде баланың  басы анасының жамбас сүйегінен жарақат алса, сәбидің орталық нерв жүйесі зақымдалғандықтан,  дерт жүре пайда болмақ. Осы жағдайларда туындаған нерв жүйесінің патологиясы аяқ-қол параличінің ауыр түріне әкеліп соғуы мүмкін. Бұл дертке шалдыққан балалар  өмір бойы невролог дәрігердің диспансерлік есебінде тұрып, дәрілік заттармен ем алып, сонымен қатар емдік дене шынықтыру, дене ысқылау, физиолық емдермен қамтамасыз етілуге тиіс. Оның айтуынша, сал диагнозы қойылған нәрестелердің денесін ысқылау, физиолық ем жасау арқылы жағдайын жақсартуға болады. Церебральды сал ауруының еміне медикаментозды емнен бөлек сауықтыру емі де кіреді. Сауықтыру жұмыстарын облыстық көпбейінді балалар ауруханасындағы 11 сауықтыру орны жүргізеді. Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, дені сау нәресте бірінші  айында жерден денесін тік көтергенде,  басын ұстауға тырысуы  қажет. Ал  екінші айында  күліп,  "уілді" дыбыстар шығарып, айналасындағы заттарға қызығушылықпен қарай бастайды.  Үшінші-төртінші айында етпеттеп  жатып, шынтақтап денесін көтереді, демеп ұстаса, жамбастап отырады, шалқалап жатып, бүйіріне аунап түседі, мойны қатайып, басын тік ұстайды. Ал бесінші айында әлденеге сүйеніп отырады, қолтығынан демесе, тізесін бүкпей түзу тұрады. Алтыншы-жетінші айында аяғын басуға тырысады, еңбектейді, өздігінен отырып, қолынан ұстап демесе, аттап қадам басады. Кейін өздігінен жүре бастап, дами береді. Ал сал дертімен ауыратын нәрестелер дүниеге келгеннен бастап  әлсіз болады және туа берілетін қимыл-қозғалыс рефлекстерінің жоқтығын байқауға болады екен. Яғни бала қорғанбайды, етпетінен жатқан бала тыныс алу үшін басын бұрмайды, жерден көтерген жағдайда аяғымен жер тіремейді, етпетінен жатқан қалыпта еңбектеуге тырыспайды. Балалар церебральды сал ауруы қимыл-қозғалыс, психикалық және сөйлеудің бұзылыстарынан көрініс береді. Яғни мұндай дертпен ауыратын балалардың сөйлеу, ойлау қабілеттері төмен болады екен.

 

 

          P.S.  Халық даналығында «Ешкім ауруды сұрап алмайды» деген сөз бар. Ауру – адам үшін  жіберілген сын, одан ешкім сақталмаған. Шариғат бойынша науқас  адамдар қамқорсыз және қуатсыз күйде болғандықтан,  бірінші кезекте Алланың  қорғауына түседі. Пенде болашағын болжай алмайды, ертеңгі күнінен де  бейхабар. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан шеттетпей, жылы жүрегімізбен ыстық алақанымызды тосқан ләзім. 

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар