АҚШ үкіметі Қазақстаннан жалға жер алады. Тиісті заң жобасын Мәжіліс депутаттары қарайды.
Бұл бастама аясында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары үкіметтері арасындағы келісімді ратификациялау жоспарланған. Осы келісім бойынша америкалық тарап Алматыда консулдық мекеменің ғимаратын салу үшін жер телімін жалға алады.
Депутат Айгүл Құспанның мәлімдеуінше, қаралып жатқан келісімге былтыр 27 қыркүйекте Нью-Йоркте қол қойылған.
"Келісімнің мақсаты – АҚШ үкіметіне Алматыда консулдық мекеме салу және пайдалану үшін 70 мың шаршы метрден астам жер телімін 49 жыл мерзімге жалға беру. Келісімнің ережелері жер телімін беру тәртібі мен шарттарын анықтайды. Комитет заң жобасын жұмысқа қабылдауға және оған қорытынды әзірлеуге дайын. Қолдауларыңызды сұраймын", – деді Құспан Мәжілістің пленарлық отырысында.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді. Құжат палатадағы келесі отырыстарда қаралады.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қыркүйек айында БАҚ-та Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісім жобасы жарияланған болатын. Бұл келісім бойынша АҚШ Алматыда 70 мың шаршы метрден астам жер телімін 49 жыл мерзімге жалға алмақ.
Пікір қалдыру