Сөйлеген суреттер

/uploads/thumbnail/20171011161528457_small.png

Үйдің іші өлі тыныштық. Оянғанына көп уақыт бола қоймаған Күн бар сәулесін осы бөлмеге төгіп тұрғандай: жып-жылы һәм жап-жарық. Ақтарылған кітап беттерінің дыбысы ғана ара-тұра өлген тыныштықты түртіп қояды. Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романын кешегі түні бастап едім. Жүз жетпіс жетінші беттің соңғы сөйлемін тауысып, келесі бетті аша бергенімде қалта телефоным шыр етті. Хабарласқан танысымнан  мұражайда суреттер көрмесі болатынын естідім. Көрмеге бас сұқпағалы көп болыпты.

Айнала толған түрлі-түсті бояулар киімін киіп, қаз-қатар тізілген ғажайып суреттер әлемі. Алыстан менмұндалаған портреттердің қайсысына жақындарыңды білмейсің. Әрқайсысы бір сырдан хабар айтып, қол бұлғайды. Көрме залының оң жақ беткейіндегі қатар тұрған екі суретке көзім түсті. Жақындап қарасам, екі суретте де бір бейне салынған екен. Сұлу қыз. Бірі бұрынғы уақыттың киімін киген ескілеу сурет, екіншісі өз замандастарымыздан айнымайтын жаңа сурет екен. «Неге екі бірдей суретті іліп қойған?». Ары ойланып, бері ойланып ойыма ештеңе келмеген соң, шебер туындысына қарадым да қалдым. Бір кезде жаңа сурет ескі суретке мойын созып, сөйлей бастады. Үнсіз ғана тыңдап тұра бердім:

–Қазақы тәрбие. Биязылық. Ұяңдық. Мұның бәрі маған таңсық дүниелер. Қазақы тәрбиенің қадірі қашқалы қашан?! Оны тек ауылдағы Сәндікүл апамның әңгімесінен ғана естиміз. Қазір «жаңару» заманы, ескіліктің бәрі келмеске кеткен. Сен айтып отырған қазақы тәрбиені біз батыстық менталитетке, батысша ойлауға айырбастап алғанбыз. Уақыт өтті, керуен көшті деген... Қазақилыққа еріп, «қызға қырық үйден тыйым салып» біткенімізше көштен қалып қоймаймыз ба?! Оның үстіне қазіргі ата-аналардың өзі баланы қазақы тәрбиеге баулымайды. Мысалы, мені әке-шешем оқуға, жоғары мансапқа қол жеткізуге, беделді болуға, еш жерде ұялмауға, қысылмауға, ойлағаныма қандай жолмен болса да жетуге үйретті. Адамгершіліктен әмиянның қымбат тұратынын түсіндірді. Мені сен айтқандай ана болуға емес, адам болуға тәрбиеледі. Осыдан кейін мұрныма қазақы сананың иісі де келмейді. Мен үшін қазақ қызына тән ұяңдық, биязылық апамның сыр сандығында жатқан дүние секілді. Бәрі біледі, түсінеді, бірақ қолданбайды. Егер мен биязы болсам, ұяң болсам өмірде өзім талпынған жетістіктерге жете алмайтындаймын. Кез келген биікті бағындыру үшін кейде биязылықтан бұзақылыққа, ұяңдықтан ұятсыздыққа аттауға тура келеді. Менің үлкеннен именіп, кішіге ізет көрсеткенімнен ешкім маған мен армандаған мансапты, мен қалаған атақты алып бермейді. Ешқандай жасандылықсыз, ешқандай қулықсыз, ешкімнің көмегінсіз мұратқа жету – тек кинода ғана болады. Сенің биязылығыңа, қарапайымдылығыңа қарап, ақ боз атты ханзада да, атақ-абырой да, басы артық байлық та келмейді. Бұл – өмірдің сен білмейтін шындығы, – деп жаңа суретім өктемдене тоқтады. Үн жоқ... Терең ойға шомып кеткен ескі сурет былай деп тіл қатты:

–Қазақы тәрбиеден құр қалғаныңа қарным ашып отыр. Дегенмен мені қызықтырып отырған тағы бір нәрсе бар. Ол сендегі алып-ұшқан сезімнің алар орны қандай екені және өзіңді ұлт тәрбиешісі ретінде қалай елестететініңді, ертеңгі ана болуға қаншалықты дайын екеніңді білгім келеді. Бәлкім, осы жағынан ұқсастығымыз бар шығар...

– Сезім – бір сәттік қана дүние. Кейде ол да болмауы мүмкін. Біз сезімді қолдан жасаймыз. Қалай дейсің ғой... Алдыңа сыр-сымбаты келісіп, шырттай болып киінген, қолында айфон, қалтада қызылды-жасылды теңгесі қалыңдап тұрған, аузында «Я тебя люблю»-і бар жігіт келіп тұрса, жаңағы айтқан «сезімің» өзінен-өзі пайда болады. Темір тұлпары болса, сезіміміз тегі үдей түспек.  Міне, мен үшін сезім деген осы. Маған оның жағдайының жақсы болғаны керек, оған менің сұлулығым керек. Әркім өз керегін тауып жатса, махаббат емей немене?! Махаббат бұрынғыдай кестелі орамалмен, сырға толы хатпен емес, құшақ-құшақ гүлмен, бағасы артқан сыйлықтармен, шөп еткен сүйіспен өлшенеді. Бұрынғылар қыздың білегінен ұстағанның өзіне ұялатын болған дей ме?.. Бұл бір ғажап ертегі ғой. Қазір керісінше қыздың ұсталмаған білегі ғана шығар. Бәрі бір сәттік қызық үшін ғана. Әйтпесе, алып бара жатқан алпауыт сезім жоқ. Көңіліміз қаласа, махаббатты мәңгі қыла саламыз, қаламаса бір шетке ысыра тұру да қиын емес. Бүгінгі сүйгенім Төлеген болса, ол ертең Бекежанға айналуы бек мүмкін. Ұлт тәрбиешісі дедің бе?! Мен, негізі, «мама» болуға асықпаймын. Жоспарлаған жұмыстарым бітсін, дәрежем өссін, сосын ойлана жатармын. Қорғайтын докторлығым бар дегендей. Жас кезіңде бәрін көріп қалу керек. Қайда асығамыз?! Баланы дүниеге әкелмес бұрын тұрмыс жағдайын жақсартып алған жөн. Әкелсек те апаларымыз сияқты бес-алтау емес. Оның бәрін қалай адам қыламын? Бәрі есеппен іске аспаса, өмір бойы тірнектеп өтуің мүмкін. Дайындық дейсің бе? Отбасылық өмірге не дайындық керек... өзім барсам, болды емес пе?! Олар мендей докторлық дәрежесі бар келінді алғанына қуансын. Оған дайындалатын уақыт та, ниет те жоқ. Жұмыстан қол тимей жүргенде ана болуға дайындалып жынды болыппын ба?!

Әрі қарай сұрақ қойылмады. Ұлы үнсіздік. Ескі суретімнің жанарынан үзіліп түскен жастың тырсылы ғана естіледі. Жүзінен өкініштің пен қайғының желі еседі. Кенет, мұражай адамдары келіп, ескі суретімді орнынан қозғалта бастады. Мен түкке түсінбей: «қайда апарасыздар?» деп едім:

–Мұражай архивіне – деді.

Әлгінде ғана болған диалогқа сенер, сенбесімді білмей: «мәссаған, суреттер сөйлейді екен...» деп үйіме қайттым.

P.S.: Ескі суретімдегі қазақ қызының образы бүгінгі ұрпақ үшін қызыға тамашалап, шаң басқан архивтен табылатын «қазақ қызының портретіне» айналмасына кім кепіл?! Көпке топырақ шашпағанымызбен, дәл бүгінгі қоғамда «бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін» ұмытпасақ екен. Әттең, тыңдар құлақ болса..

Маржан ӘБІШ

Қатысты Мақалалар