Қарағанды: азаматы - түрмеге, ақшасы - шыршаға...

/uploads/thumbnail/20170708161248740_small.jpg

Былтырғы жыл Павлодар облысындағы бас шыршаның бас шайқар бағасы біразымызды таң қалдырып еді. Қызылжар басшылығы құны 38 миллион теңге тұратын шыршаны қаланың қақ төріне орната салған. Ал биыл барлық облыс орталықтары «Жаңа жыл» дегенде ақшаны жапырақтай шашып жатыр...

Жақында шырайлы Шым қаланың шыршаға деген көзқарасы күрт өзгерді. Былтыр ғана Қазақстандағы ең арзан шыршамен осы өңір жаңа жылын тойлаған. Әкімдері болса әдеттегідей жаңа жылдық дайындықты 16-желтоқсаннан кейін бастаймыз деп алты Алаштың алқауына бөленген. Дегенмен Оңтүстік үшін биылғы жыл өзге нотада басталды. Кейбір дереккөздері бойынша жаңа жыл қарсаңында құны 46 мың АҚШ доллары тұратын шыршаны бір емес үш жерге орналастырған. Мегаполиске айналуға ынталы қалаға бұндай қаржы түк те емес шығар, бірақ алдыңғы үндеулер қайда қалды? Облыстың қадірі  құны қымбат шыршамен өлшене ме?

  Бір қызымнан бір қызымдікі сорақы. Биылғы жыл жемқорлықпен аты шыққан Қарағанды өңірі жаңа жылдық мерекеге 200 миллион(199 миллион) теңге қаражат бөліпті. Қала көшелерін көріктендіруге,шырша орнатуға,  жаңа жылдық безендіру жұмыстарына осындай сома шықса керек. Бұл қаражаттың қомақтылығы сондай Шымкенттің шыршалары мен Павлодар «елкаларының» қосындысынан 4 есеге көп. Биылғы оқу жылының басында Қарағанды облысында ауылдық округтегі 8 мектеп жабылған болатын. Басты себебін басшылық: «Мұғалімдерді тұрақты жалақымен қамтамассыз ете алмаймыз,»,-депті. Бала санының аздығына байланысты деп те жорамалдайды кейбірі. Арыз айта барған ата-ана «аудан орталығындағы интернатта оқытыңдар» деген қысқа жауап естіп қайтыпты. Жаңа жылға 200 миллион бөлген облыста оқушы мен оқытушының жағдайы жасалмау ақылға сыймайды. Сонда Елбасының жолдауы жолда қалғаны ма? Біздің болашағымыз білімді ұрпақ демеді ме? Соңғы 3 жылда Қарағанды қаласында бала бақша ашылды дегенді ешкім естімепті. Ал кезекте тұрған бүлдіршіндер саны - 13 000.  Әкімшілік өкілдері шыршаның шығынын қаланың  80 жылдық мерейтойының қарсаңында ұйымдастырылып жатқан шаралармен байланыстырады. 80 жылдықты секеңдеген «снегурочкасымен» емес, жабылған 8 мектебін қалпына келтіру арқылы тойласа игі еді.

Есептеп қарасаңыз, бұл қаражат Қарағанды үшін науырыз айында суға көмілген Көкпекті ауылын түгелімен жаңалауға кеткен қаржымен парапар. Облыста қанша мүгедек бар? Үйсіз-күйсіз жүрген жас отбасылар қаншама? Ел алаңдап, Елбасы сабырға шақырып отырған «кризис» қалай болады?

Бұл мәселелер Тәуелсіздік мерекесін жетім қыздың тойындай өткізген Қарағанды басшылығына «қызық емес» болса керек. Әлде Бауыржан Әбдішев, Серік Ахметов сынды Қарағандылық "азаматтардың" қатарын көбейтпек пе?

Орынбасар Бақытбек

Қатысты Мақалалар